28 қарашада Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Бағдарламаның бірінші күні фильмдер көрсетілді, мерекелік іс-шаралар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевтың домбыра бойынша шеберлік сабағымен, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің дәріс-концертімен, Гала-концертпен, сондай-ақ Қазақстанның қолданбалы өнер көрмесімен жалғасты.
«Біз үнемі кино және көркемөнер көрмелерін өткіземіз, кітапханаларымыз, музейлеріміз бен архивтеріміз жемісті өзара іс-қимыл жасап келеді, бірқатар ЖОО аралық шарттар іске асырылады, әдебиет, кинематография қайраткерлері арасында достық байланыстар сақталады, театрларымыз арасында серіктестік бұдан әрі де дамиды. Беларусьтің шынайы мәдени брендіне айналған «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі көптеген талантты қазақстандық әншілерге үлкен шығармашылық өмірге жолдама берді», – деп атап өтті Дәурен Абаев.