Ақтөбеде әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды
Ақтөбеде әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды
407
оқылды
«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» форумы Ақтөбе облысында жалғасты. Іс-шарада әйелдердің жаңа заманауи ортадағы мақсаттары талқыланып, әйел көшбасшылығын дамыту мәселесі қозғалды. Жүйелі мәселелерді шешудің ортақ жолы қарастырылып, ең белсенді қатысушылар өздерінің жетістікке жету жолымен бөлісті. Форумға барлығы 200 әйел қатысты. Форум модераторы, «Орда FM» радиосының директоры Мейрамгүл Мәдәлінің айтуынша, шараның мақсаты — қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында өтіп жатыр. Шараны ашқан партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Асылжан Бүркіталин партияның барлық саладағы әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөлетінін атап айтты. Партияның Ақтөбе қалалық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Сарманова әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталып өтті. Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Күлшат Масалимова сенім, құрмет және ортақ мүдделер негізінде адамдар арасында берік, өзара тиімді қарым-қатынас құру жолдарына тоқталды. Нетворкинг не үшін қажет және оны қалай басқаруға болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ақтөбе облысындағы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Күлпаршын Айдарханова әйелдер көшбасшылығын ілгерілету туралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша Ақтөбе облысындғы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы қызметіне 252 әйел жүгінген. Оның ішінде 57 көпбалалы ана, 5 аз қамтылған отбасы, 11 еңбекке қабілетті мүгедек жан қызмет алды.  width=
-Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істегісі келетіндер үшін ешқандай кедергі жоқ. Егер ниеті болса, жұмыс әркімге табылады. Ол үшін ауыл әйелдерін кәсіпке бейімдеу, ауылдарды дамыту, оларды жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жасқартуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. Жалпы статистикаға жүгінсек, елімізде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3 пайыз. Сондықтан әйелдер қауымы еліміздің экономикасы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға үлкен үлес қосып отыр деп айтуға негіз бар, - деді ол.
Сондай-ақ ол қолдан жасалған өнімдердің қай кезде де сұранысқа ие екенін айтып, табиғилығына маңыз беріп, соны дамытуға кеңес берді. Одан соң сөз сөйлеген айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты Жұлдыз Қожабекова заманауи әйелдің әлеуметтік желідегі үлгісіне тоқталса, «Анаға тағзым» орталығының медиаторы Бибігүл Әбілдаева құқықтық сауаттылықты, ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Жанар Айтбай қаржылық сауаттылықты арттыру туралы айтып берді. Қарабұтақ ауылындағы «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Қалима Қалжанова форумның маңызын атап өтті.
— Қазір кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Біздің Қарабұтақта екі мемлекеттік балабақша бар. Бес жүздей түтіні бар ауылымызда бала саны жылдан жылға өсіп келеді. Негізі, тағы бір балабақша ашуға сұраныс бар. Жалпы маған форум барысында аға буын тәжірибелерімен бөлісіп, жас көшбасшыларға дем бергендей әсер етті, — деді ол.
Іс-шара барысында форум қатысушылары спикерлерге әртүрлі салаға қатысты қызықты сұрақтар қойып, жауап алды.