Мәжіліс қоғамдық бақылау және цифрлық активтер туралы заң жобаларын қарайды

Мәжіліс қоғамдық бақылау және цифрлық активтер туралы заң жобаларын қарайды

Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі  жобасы нақтыланды.

«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда депутаттардың талқылауына шығарылады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген және азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, азаматтар немесе коммерциялық емес ұйымдар министрліктердің, әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілері мен шешімдерін талдау және бағалау арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруы көзделуде. Қоғамдық бақылауды қоғамдық талқылау, сараптама немесе мониторинг түрінде жүзеге асыру ұсынылады.

Сонымен қатар Мәжіліс бірінші оқылымда еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату мақсатында Парламент депутаттары әзірлеген түзетулерді де талқылайтын болады. Заң жобасында келіссөздерді ұйымдастыру рәсімдерін жеңілдету, келісім комиссиялары мен еңбек арбитражының институтын, сондай-ақ еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту ұсынылады.

Палатаның екінші оқылымында қарау үшін жалпы отырыстың күн тәртібі  жобасына депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы мен бес заңнамалық актіге ілеспе түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ Палата комитеті үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жоюдың тәртібі мен шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алуды көздейді.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.