"Сыртымнан 43 рет дуа салдырған": елімізде өздері ұнатқан адамының сезімін сиқырмен оятып алатындар көбейген
"Сыртымнан 43 рет дуа салдырған": елімізде өздері ұнатқан адамының сезімін сиқырмен оятып алатындар көбейген
© Еуразия бірінші арнасы
2,890
оқылды
Қаракөздеріміз өздері ұнатқан жігітіне дуа жасап жүрген көрінеді. Сезімді сиқырмен оятып, ерлерді сергелдеңге салғандар бақытты болатынына сенімді екен. Қара магиямен көздегеніне қол жеткізуді ойлаған қыздар таңдаған азаматының киіміне ине қадап, суретіне балауыз тамызып жүр, – деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.  Сыртымнан бір қыз 43 рет дуа салдырған дейді бұл жігіт. Тіпті, жейдесінің жағасынан ине тауып алған.
“Барғың келмейді, бірақ қалай да барасың. Ұрысып қалсаң да, дым білмегендей ақымақ секілді барасың. Сөйлесіп жүрмесек те, кездесуге себеп болмаса да барғың келіп тұрады. Бір кезде бір жерге кетіп қалды. Телефоны қолымда. Маған қызық болып, әлеуметтік желідегі архив деген жерді ақтара бастадым. Хабарламадан белгісіз біреуге менің суреттерімді жібергенін көрдім. Ол костюмнің жағасына ине сал деген, одан бөлек құлып салып жіберген. Бір сөзбен айтқанда, мені мазақ қылған. Санағанымда 43 рет істегенін білдім”, – дейді жігіт.
Осы жағдайдан соң қыздармен танысарда сақтық танытатын болдым. Ал әлгі қыз артымнан әлі аңдитын көрінеді.
“Мынау не десем “жай” дейді. Ашуланғанымнан телефонын лақтырып жібердім. Артынан кетіп қалып, мешітке барып дұға оқыттым. Жолдастарыммен жұмаға баратын болдым. Ақыры солай құтылдым”, – дейді ол.
Осы әңгімеден соң арна тілшілері жол ашамыз, түйін шешеміз деп интернетке жарнама берген балгерлерге хабарласып көрген. Тілшілердің аздап өтірік айтуына тура келіп, балгерге қызды өзіне қаратқысы келетінін жеткізді. Осыдан кейін балгер қыз бен жігіттің фотосы мен атын  сұрап, жай-жапсарыңды жасаймыз дегенге келтірді. Ал 10 жылдан бері психология саласында жүрген Сәния Бектұрған қара магияға әлсіз адамдардың жүгінетінін айтады. Күйзеліске түскендер осылайша ауырлықтан құтылғысы келетін көрінеді.
“Билік пен күшті дамытуға бағытталған. Егер де дін жағынан қарайтын болсақ, бұрыс нәрсе, мұнымен психология жағы да келіседі. Сондықтан қара магияға жүгінгенше, білікті мамандарға жүгінген дұрыс”, – дейді психолог.
Соңғы уақытта қыздардың көбі жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінуді жиілеткен. Бірақ сүйгеніне жету үшін бақсы-балгерлерге жүгінетіндерді шариғатта құп санамайды. Ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерден көріпкел жағалап жүріп, өзгенің айрандай ұйыған отбасын ойрандатқан жағдайларды да естіп жүрміз. Алайда әлеуметтік желіде қара магиямен қалағаныңды алып беремін деген жарнамалар көпе-көрнеу тарап жүр. Бірақ заң жүзінде тұсау жоқ.