Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бекжан Сунбеков және Айжан Балажанова елімізде 20 қарашада өткен кезектен тыс Презндент сайлауының қорытындысына орай Қаскелең қаласында орналасқан «Нұр-Жәрдем» медициналық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Онда халық қалаулылары болашақ медицина қызметкерлерімен Мемлекет келешегі үшін аса маңызды болып саналатын саяси науқан жайлы пікір алмасты. Жиын барысында Коалиция атынан саяси додаға түскен Қ.К.Тоқаев сайлаушылардың 82.45% дауысымен жеңіске жеткені, дәл осы сайлаудан кейін Қазақстанның Президенті 7 жылға сайланатындығы айтылды. Және мұның барлығы елімізде жүзеге асқан саяси реформаның нәтижесі екені сөз болды.
Саяси науқанның нәтижесі жан-жақты талқыланған жүздесуде өздерінің ойларын еркін жеткізген студенттер, бүгінгі жастарды толғандыратын сауалдарды да ортаға салды. Кейбір мәселелердің шешімін тауып отырғанын қуана құптайтындарын жеткізіп, дәл қазіргі кездегі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын бір ауыздан қолдайтындығын білдірді. Сайлаудағы еш талассыз жеңістің халық қалауымен жүзеге асқанына көздері жететінін мәлімдеді. Болашақта мамандықтарын мықтап меңгеріп, еліміздің денсаулық сақтау саласының замана көшінен қалыспауына үлесін қосатындығын айтты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы