Зейнеткерлердің тісі тегін емделеді
Зейнеткерлердің тісі тегін емделеді
© inform.kz
231
оқылды
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек шеңберінде бағалы металдардан жасалған протездерден басқа тіс протездеу түрлері бойынша тегін қызмет көрсетіледі, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Мұқтаж азаматтар санатына келесі топтар жатады: - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер және соларға теңестiрiлген адамдар; - жасы бойынша зейнеткерлер; - мүгедектер; - аз қамтылған азаматтар. Соның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне қызметтер  кезектен тыс көрсетіледі. Қалған санаттардағы азаматтарға қызметтер кезек ретімен ұсынылады. Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, уәкілетті медициналық ұйымы берген тісті протездеу қажеттілігі жөнінде медициналық қорытындыны ұсынады. Құжаттар салыстыру үшін түпнұсқа мен көшiрме түрінде ұсынылады, одан кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Тiсті протездеуге әлеуметтiк көмек екi жылда бiр рет Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестiрiлген тұлғаларға, жасы бойынша зейнеткерлерге ұсынылатынын айта кеткен жөн. Тіс протездеуге әлеуметтік көмек шеңберінде медициналық көрсеткіштер болған жағдайда тіс шектерін, пародонт ауруларын емдеуді, медициналық манипуляция жүргізумен (инъекция, рентгенге түсіру және т.б.) тісті жұлуды қамтитын ауыз қуысын протез алды тазалау жүзеге асырылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілуде. Байқаудың қорытындысы ағымдағы жылдың ақпан айының соңынада өткізілетін болады. Жеткізушілермен шарт жасағаннан кейін жергілікті  бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тістерді протездеуге қызметтерді көрсету бойынша тіркеу жүргізетін орындар мен мерзімдері туралы халықты хабардар етеді. Толық кеңес алу үшін Достық көшесі, 13-үй, тел. 55-68-45, 55-68-22, 55-68-34  мекенжайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласуға болады.