Атырауда «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Әйелдер форумы өтті
Атырауда «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Әйелдер форумы өтті
408
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы мен партияның Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен әйелдер форумы өтті. «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында өткен жиында қазіргі замандағы әйел адамның рөлі, бірқатар мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу бойынша пікір алмасып, бірқатар ұсыныстарды талқылады.  width= Сондай-ақ, жиын демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлін бағамдап, экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешуге және өзін-өзі бағалауды, жеке өзін-өзі дамытуды арттыруға арналды. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген партияның Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Хамиұлы тәуелсіздік алғалы қоғамдағы әйелдердің рөлі, әсіресе шағын және орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артқанын атап өтті. -Қазақстанда заңнамалық реформалар жүргізіліп, партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізілді. Бұл талап «Amanat» партиясының Атырау облыстық филиалында да толық жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының 29 пайызы – әйелдер. Депутаттар арасында түрлі басшылық лауазымда еңбек ететін, кәсібінен нәсіп тауып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған бизнес иелері де бар екенін мақтанышпен айтамыз, - деді ол.  width= Абдолла Хамиұлының айтуынша гендерлік тендік әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді. Ол бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстың әлі де жалғаса береріне сенім білдірді. Жиында журналист, «Орда FM» радиосының директоры Мейрамгүл Мәдәлі ашып жүргізіп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрайымы Динара Закиева, қоғам қайраткері, отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің сарапшысы Рысты Жұмабекова және тағы басқалары сөз сөйледі.

Баян Жанұзақова