Минскідегі мәдениет күндері

Минскідегі мәдениет күндері

Беларусь Республикасында Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Бағдарламаның бірінші күні фильмдер көрсетілді, мерекелік іс-шаралар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевтың домбыра бойынша шеберлік сабағымен, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің дәріс-концертімен, Гала-концертпен, сондай-ақ Қазақстанның қолданбалы өнер көрмесімен жалғасты.

«Біз үнемі кино және көркемөнер көрмелерін өткіземіз, кітапханаларымыз, музейлеріміз бен архивтеріміз жемісті өзара іс-қимыл жасап келеді. Бірқатар аралық шарт іске асырылады, әдебиет, кинематография қайраткерлері ара­сында достық байланыстар сақталады, театрларымыз ара­­сында серіктестік бұдан әрі де дамиды. Беларусьтің шынайы мәдени брендіне айналған «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі көптеген талантты қазақстан­дық әншілерге үлкен шығармашылық өмірге жол­дама берді», – деп атап өтті Дәурен Абаев.
Беларусь жұртшылығы алдында халықаралық фести­вальдар мен байқаулардың лауреаттары Әлішер Кәрімов, Рухия Байдукенова, Шынар Ибатова, Мархаба Сайланбек, Шынар Балтина, Жанар Дұғалова және басқалар өнер көрсетті. Шеберлік сабақтары аясында домбыра бойынша 7 дана қазақ ұлттық музыкалық аспабы тапсырылды.
«Түркі халықтары әлемге сыйға тартқан ең үлкен өнер­табыстардың бірі – домбыра. Домбыра – қазақтардың басты музыкалық аспабы, бұл қазақ үшін бүкіл әлем, домбыра – қазақтың жаны. Оның шектерінің дыбысында Ұлы даланың терең философиясы жатыр. Қазіргі Қазақстанда да домбыра жоғары құрметке ие – әрбір отбасында осы музыкалық аспап төрден орын алған», – деді министр Дәурен Абаев.
Сондай-ақ Минскіде Мәдениет және спорт министрі беларустік әріптесі Анатолий Маркевичпен кездесті. Әң­гіме­лесу барысында тараптар мәдениет саласындағы бір­лескен жобаларды іске асыру және өзара іс-қимыл мәселе­лерін талқылады.

А.ЖОЛДАС