Көкшетаудағы Бірлік ықшамауданындағы жер үйлердің бірінде өрт шығып, бір үйді паналап отырған екі отбасы қақаған қыста баспанасыз қалды. Тілсіз жау үйдің шатыры мен бөлмелерін жалмап, жиһаз бен киім-кешектен түк қалдырмаған. Болған жағдайға бейжай қарай алмаған «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері жылу жинап, киім-кешек, азық-түлік және қаржылай көмегін жасап, қиналған отбасының жағдайын біліп қайтты. Жер үйдің бір жағын жалдап тұрып жатқан көпбалалы отбасы қазір туыстарының үйінде тұрып жатыр. Оларға партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова заң аясында көрсетілетін көмек пен көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұру, жалдамалы үй мен үкіметтік несие бағдарламалары жөнінде кеңес берді. Ал ешкімге қол жаймай күндерін көріп отырған үйдің иесі мен оның отбасы қазір өрттен қалған дүние-мүлікті тазалап, үйін ретке келтіріп, бала-шағасымен аман қалғанына шүкір айтып жатыр.