Әл-Фарабидің аты орталықтағы даңғылға беріледі

кезекті отырыс - Әл-Фарабидің аты

Астананың ономастикалық комиссиясының кезекті оты­рысы өтті. Комиссия оты­рысының күн тәртібіне әл-Фараби даңғылының атауын көшіру мәселесі қойылды.

Бұған дейін елордадағы «Алма­ты» және «Байқоңыр» аудандарын­да орналасқан Ақжол, Вишневская және Байырқұм көшелері бірік­тіріліп, әл-Фараби даңғылы болып өзгертілген болатын. Қала тұрғын­дары, Астана қалалық мәслихаты мен Қоғамдық кеңес мүшелері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері бұл көше өндірістік аймақта орналасқандықтан, ұлы ғалымның есіміне сәйкес келмейтінін айтқан. Және осыған байланысты қаланың үлкен және орталық көшелерінің біріне екінші ұстаздың есімі берілуі керек деген ұсыныстарын да жеткізген.

– Астана қаласы ономас­тика­лық комиссиясының жұмысын жіті бақылап отыратындардың бірімін. Соңғы жылдары комис­сияның атқарған қызметтері көңіл қуантатынын қала әкімі Алтай Көлгіновтің Қоғамдық кеңес мү­ше­лерімен кездесуінде де тілге тиек еткенбіз. Сол жиында Тіл бас­қармасының жұмысына жо­ғары баға беріп, сонымен қатар «әттеген-ай» дейтін мәселені де кө­тергенбіз…Солардың қатарында әлемге әйгілі Әбу-Насыр әл-Фара­би атындағы көше қала шетіндегі өндірістік аймақта болуы көңілге кірбің келтіретін сөз етіп, оны орталықтағы көшелерге ауыстыру керегін айтқан едік. Міне, енді қалалық ономастикалық комис­сияның кезекті отырысында осы мәселе арнайы қаралып, әл-Фара­би даңғылының атауын орталыққа көшіру туралы шешім қабылдан­ғаны жайлы жағымды хабарлар әлеуметтік желілер арқылы жет­кізілуде.

Шынында, қала тұрғындары­ның ой-пікірлері ескерілгені жөн болған екен. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шын мәнінде жүзеге асып жатқанының жарқын көрінісі деп қабылдаймын.

Ғылыми жұртшылық өкілі ретінде елордамызда туған тіліміз­дің тарландары академиктер Әбду­әлі Қайдаров, Шора Сарыбаев, Рабиға Сыздықова мен Өмірзақ Айтбаевтың атындағы көшелер де бой түзесе, құба- құп болар еді де­ген көпшілік пікірін де ономас­тикалық комиссия мүшелерінің назарына сала кеткім келеді, – деді академик Кәрімбек Құрманәлиев.

Астананың ономастикалық комиссиясының отырысына Есіл ауданында орналасқан №38 жоба­лық атауы бар көшеге ұлы ғалым Әл-Фарабидің есімін беру туралы шешім қабылданды. Бұл көше Тә­уелсіздік даңғылындағы салынып жатқан көпірдің артында орна­ласқан.

кезекті отырыс

Қаланың болашақ жоспарына сәйкес бұл көше Есіл өзенінен бас­талып, жалпы ұзындығы 7 ша­қы­рымнан асатын Қабанбай ба­тыр даңғылына дейін созылатын үлкен даңғылдардың бірі болады.

Қаланың ономастикалық ко­мис­сиясының отырысында қарал­ған ұсыныстар Астана мәслихаты­ның тұрақты комиссияларының жария тыңдауларына, Астана қо­ғам­дық кеңесінің қарауына жі­беріледі.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.