Баға өсті. Сапа ше?
Баға өсті. Сапа ше?
427
оқылды
Солтүстіктің сақылдаған сар­шұнақ аязы қаһарына мінген тұста ат­басарлықтар автобустың жолын тосумен әуре болып жүр. Діттеген жері­не жету үшін ақ қар, көк мұзда автобус күтуден жалыққан тұрғын­дардың айтарына құлақ түрген едік. Атбасар қаласының тұрғындары бірне­ше жылдан бері шаһардағы қоғамдық кө­лік­тің жұмысына наразылықтарын білдіріп келеді. Олай болатын жөні де бар. Жергі­лікті тұрғындардың айтуынша, тозығы жеткен автобустардың іші суық. Мұнымен қоса, олар кестеге сай уақытында келмей, жолаушылар барар жеріне жете алмай қалады. Қыстың көзі қыраудан үйден мек­тепке, мектептен үйге асығатын оқушылар да осы күйге түседі. Тіпті кеш қарайғанда ба­ла­ларды жетер жеріне жеткізбей, авто­бустан түсіріп кеткендер де болған. Тұр­ғын­дардың бұл мәселені көтеріп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Қала, аудан, облыс әкіміне дейін арыз-шағымын жеткізгендердің сөзіне құлақ асатын жан табылмай тұр. Шешімі табылмағаны былай тұрсын, 1 жел­тоқсаннан бастап қаладағы қоғамдық көлік тарифінің құны өсті. Яғни осыған дейін жолақыға 80 теңгеден төлеп келген ат­басарлықтар енді оған 110 теңгеден тө­лей­ді. Жергілікті автобус паркі басшы­лығының уәжіне құлақ түрген әкімдік пен аудандық мәслихат бағаны көтеретін қау­лыны шығарыпты. Автобус паркіндегілер тарифті қымбаттатуға жанармай мен қо­салқы бөлшектер бағасының шарықтап ке­туін желеу еткен. Бірақ қоғамдық көліктердің көрсеткен қызметтеріне көңілі толмаған тұрғындар жолақының қымбат­тауы жығылғанға жұдырық болғанын айтады.
«Автобустар жүру кестесін сақтамайды. Одан бөлек кейбір бағыттар соңғы аялдамаларға дейін жүрмейді. Қаланың шеткі аудандарына мүлде бармайды. Әсіресе кішкентай балалар аялдамаларда қатты аяздарда да сағаттап автобус тосуға мәжбүр. Кейбір автобустар кешкісін адамдардың аз болатынына шағымдана­тыны қызық. Адамдардың көбі кешкі алтыға дейін, енді бірі жетіге дейін жұмыста болады. Ал автобустар автовокзалдан кешкі 18.00-де кетіп қалады. АЭРЗ – Ат­басар-2 бағытындағы автобус мүлдем жүрмейді. Міне, екі жылдан бері жаяу жүр­міз. Парк басшылығы тағы да жолақыны көтеріп жіберді. Мәселен, Астананың өзінде жолақы – небары 90 теңге. Бір бағыттың өзі 60-70 шақырымды құрайды. Ал шағын ғана Атбасарда жолақыны 110 теңгеге бір-ақ көтерді. Автобустарын жаңартып, кестеге сай уақытында келіп тұрса, бағасын көтергеніне де қарсы бол­мас едім, – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Ульяна Каламшина.
Тұрғындар автобустар дұрыс жүрмеген соң такси қызметінің де бағасы өскенін айтып отыр.
 «Мен екінші Атбасарда тұрамын. Ав­тобус жүрмегендіктен жұмысқа таксимен жетемін. Олардың өзі бір бағытқа мың теңге алады. Жұмыстан қайтқанда да осы. Таксилер де қазір 800-900 теңгемен жүргісі келмейді. Бәрі сол автобустың дұрыс жүрмеуінен», – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Роза Зайделдаева.
қоғамдық көлік Ащы жанайқайын жанұшыра жеткізген халықтың талап-тілегін Атбасар ауданы­ның әкімі Аманбек Қалжановқа жеткізіп, аудан әкімдігінің қоғамдық көлік мәселе­сіне қатысты пікірін білмек болдық. Аудан әкімі автобус паркі жекеменшікте болғандықтан оның жұмысына араласа алмайтынын айтып ақталды.
 «Жекеменшік сектор болғандықтан, біз автобус паркінің жұмысына араласа алмаймыз. Биыл көпбалалы аналарды автобустарда тегін жүруі үшін мәслихат сессиясының шешімімен бюджеттен 7,5 миллион теңге автобус паркіне бөлдік. Барлығы қымбаттап жатыр. Жанармай, қо­салқы бөлшектердің бағасы өсті. Бір­неше жылдан бері жолақысын 80 теңге деңгейінде ұстап келдік. Автобус паркі жолақысын көтеру бойынша барлық құжаттарын дәлелдермен бірге жіберген. Міне, осыдан кейін 110 теңгеге дейін өсті», – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Аудан әкімінен осындай жауап алған соң тікелей автобус паркі басшылығымен де тілдескенді жөн көрдік. Қымбатшылықты айтып алақан жайған кәсіпорын директоры автобус паркінің алдағы уақытта банкротқа ұшырауы да мүмкін екенін жеткізді.
«Біз қазір таза шығынға жұмыс істеп жа­тырмыз. Кірісіміз шығарған шығыны­мызды да жаппайды. Қосалқы бөлшек­тер, жанармай бірнеше есе қымбаттады. Мәселен автобус дөңгелек­терінің бағасы 3 есеге дейін өсті. Бірақ сапасы сын көтермейді. Қытайлық дөң­гелектер арада бірер сағат өтпестен жары­лып істен шығады. Ал алынған дүниені қайта апарып ешқайда өткізе де алмайсың. Қазір автобус айдайтын жүргізушілерді де таппаймыз. Жүргізушілер тәртіпке сәйкес бір автобуста екі ауысымда екі жүргізуші жұмыс істеуі керек. Ал бізде бір автобусқа бір жүргізу­шінің өзін әзер тауып отырмыз. Жүргізу­шілерге автобустарды жалға беремін. Бұзылса, өз қаржысымен жөндеп, қосалқы бөлшектерін салады. Көліктің тілін білетін жүргізуші іздесем айына 300 мың теңге жалақы сұрайды. Ондай жалақыны қайдан тауып беремін. Автобус тарифін көтеруді әкімдіктен сұрағанымызға 1 жылдан асты. Ақыры тиісті шешім қабылданды. Базарда азық-түлік, киім-кешек – бәрі қымбаттап жатыр ғой. Біз міне, 5-6 жылдан бері баға көтермей, енді ғана көтердік. Оның өзі шығын­дарымызды жаппайды. Автобустың біреуі 40 миллион теңгеден жоғары тұрады. Оны қайтіп жаңартамыз. Бюджеттен ешқандай субсидия да бөлінбейді. Қазіргі уақытта банкроттың алдында тұрмыз деуге де болады, – дейді «Атбасар көлік кәсіп­орны» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің директоры Талғат Шәріпов.
  P.S.

Сонымен атбасарлықтарды алаңдатқан мәселенің түйіні осы. Халық қанша наразы болғанымен жолақы бағасы көтерілді. Автопарк иесі тарифті көтермесе, кәсіп­орынның құрдымға кететінін алға тартады. Ал қарапайым жолаушылар бағамен бірге қызмет сапасының да көтерілгенін қалайды. Екі ортада салмақ тағы да қарапайым халыққа түсетіні өкінішті-ақ...

Ақмола облысы