Солтүстіктің сақылдаған саршұнақ аязы қаһарына мінген тұста атбасарлықтар автобустың жолын тосумен әуре болып жүр. Діттеген жеріне жету үшін ақ қар, көк мұзда автобус күтуден жалыққан тұрғындардың айтарына құлақ түрген едік. Атбасар қаласының тұрғындары бірнеше жылдан бері шаһардағы қоғамдық көліктің жұмысына наразылықтарын білдіріп келеді. Олай болатын жөні де бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тозығы жеткен автобустардың іші суық. Мұнымен қоса, олар кестеге сай уақытында келмей, жолаушылар барар жеріне жете алмай қалады. Қыстың көзі қыраудан үйден мектепке, мектептен үйге асығатын оқушылар да осы күйге түседі. Тіпті кеш қарайғанда балаларды жетер жеріне жеткізбей, автобустан түсіріп кеткендер де болған. Тұрғындардың бұл мәселені көтеріп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Қала, аудан, облыс әкіміне дейін арыз-шағымын жеткізгендердің сөзіне құлақ асатын жан табылмай тұр. Шешімі табылмағаны былай тұрсын, 1 желтоқсаннан бастап қаладағы қоғамдық көлік тарифінің құны өсті. Яғни осыған дейін жолақыға 80 теңгеден төлеп келген атбасарлықтар енді оған 110 теңгеден төлейді. Жергілікті автобус паркі басшылығының уәжіне құлақ түрген әкімдік пен аудандық мәслихат бағаны көтеретін қаулыны шығарыпты. Автобус паркіндегілер тарифті қымбаттатуға жанармай мен қосалқы бөлшектер бағасының шарықтап кетуін желеу еткен. Бірақ қоғамдық көліктердің көрсеткен қызметтеріне көңілі толмаған тұрғындар жолақының қымбаттауы жығылғанға жұдырық болғанын айтады.
«Автобустар жүру кестесін сақтамайды. Одан бөлек кейбір бағыттар соңғы аялдамаларға дейін жүрмейді. Қаланың шеткі аудандарына мүлде бармайды. Әсіресе кішкентай балалар аялдамаларда қатты аяздарда да сағаттап автобус тосуға мәжбүр. Кейбір автобустар кешкісін адамдардың аз болатынына шағымданатыны қызық. Адамдардың көбі кешкі алтыға дейін, енді бірі жетіге дейін жұмыста болады. Ал автобустар автовокзалдан кешкі 18.00-де кетіп қалады. АЭРЗ – Атбасар-2 бағытындағы автобус мүлдем жүрмейді. Міне, екі жылдан бері жаяу жүрміз. Парк басшылығы тағы да жолақыны көтеріп жіберді. Мәселен, Астананың өзінде жолақы – небары 90 теңге. Бір бағыттың өзі 60-70 шақырымды құрайды. Ал шағын ғана Атбасарда жолақыны 110 теңгеге бір-ақ көтерді. Автобустарын жаңартып, кестеге сай уақытында келіп тұрса, бағасын көтергеніне де қарсы болмас едім, – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Ульяна Каламшина.Тұрғындар автобустар дұрыс жүрмеген соң такси қызметінің де бағасы өскенін айтып отыр.
«Мен екінші Атбасарда тұрамын. Автобус жүрмегендіктен жұмысқа таксимен жетемін. Олардың өзі бір бағытқа мың теңге алады. Жұмыстан қайтқанда да осы. Таксилер де қазір 800-900 теңгемен жүргісі келмейді. Бәрі сол автобустың дұрыс жүрмеуінен», – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Роза Зайделдаева.
«Жекеменшік сектор болғандықтан, біз автобус паркінің жұмысына араласа алмаймыз. Биыл көпбалалы аналарды автобустарда тегін жүруі үшін мәслихат сессиясының шешімімен бюджеттен 7,5 миллион теңге автобус паркіне бөлдік. Барлығы қымбаттап жатыр. Жанармай, қосалқы бөлшектердің бағасы өсті. Бірнеше жылдан бері жолақысын 80 теңге деңгейінде ұстап келдік. Автобус паркі жолақысын көтеру бойынша барлық құжаттарын дәлелдермен бірге жіберген. Міне, осыдан кейін 110 теңгеге дейін өсті», – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.Аудан әкімінен осындай жауап алған соң тікелей автобус паркі басшылығымен де тілдескенді жөн көрдік. Қымбатшылықты айтып алақан жайған кәсіпорын директоры автобус паркінің алдағы уақытта банкротқа ұшырауы да мүмкін екенін жеткізді.
«Біз қазір таза шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Кірісіміз шығарған шығынымызды да жаппайды. Қосалқы бөлшектер, жанармай бірнеше есе қымбаттады. Мәселен автобус дөңгелектерінің бағасы 3 есеге дейін өсті. Бірақ сапасы сын көтермейді. Қытайлық дөңгелектер арада бірер сағат өтпестен жарылып істен шығады. Ал алынған дүниені қайта апарып ешқайда өткізе де алмайсың. Қазір автобус айдайтын жүргізушілерді де таппаймыз. Жүргізушілер тәртіпке сәйкес бір автобуста екі ауысымда екі жүргізуші жұмыс істеуі керек. Ал бізде бір автобусқа бір жүргізушінің өзін әзер тауып отырмыз. Жүргізушілерге автобустарды жалға беремін. Бұзылса, өз қаржысымен жөндеп, қосалқы бөлшектерін салады. Көліктің тілін білетін жүргізуші іздесем айына 300 мың теңге жалақы сұрайды. Ондай жалақыны қайдан тауып беремін. Автобус тарифін көтеруді әкімдіктен сұрағанымызға 1 жылдан асты. Ақыры тиісті шешім қабылданды. Базарда азық-түлік, киім-кешек – бәрі қымбаттап жатыр ғой. Біз міне, 5-6 жылдан бері баға көтермей, енді ғана көтердік. Оның өзі шығындарымызды жаппайды. Автобустың біреуі 40 миллион теңгеден жоғары тұрады. Оны қайтіп жаңартамыз. Бюджеттен ешқандай субсидия да бөлінбейді. Қазіргі уақытта банкроттың алдында тұрмыз деуге де болады, – дейді «Атбасар көлік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Шәріпов.P.S.
Сонымен атбасарлықтарды алаңдатқан мәселенің түйіні осы. Халық қанша наразы болғанымен жолақы бағасы көтерілді. Автопарк иесі тарифті көтермесе, кәсіпорынның құрдымға кететінін алға тартады. Ал қарапайым жолаушылар бағамен бірге қызмет сапасының да көтерілгенін қалайды. Екі ортада салмақ тағы да қарапайым халыққа түсетіні өкінішті-ақ...
Ақмола облысы