«АMANAT» партиясының Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы филиалы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай, азық-түлік түрінде көмек көрсетіп келеді. Соның бірі – Жаңақорған кентінің тұрғыны Болған Сүлейменова 24 жастағы ұлы Жомарт Қаппарға шұғыл ота жасау қажеттігі туындап тұрғанын айтып, партия филиалынан көмек сұрайды. Былтыр жұмыс орнында газ жарылып, ұлының бет-аузын күйік шалған екен. Анасының айтуынша, оқыс оқиға өткен жылғы 26 қаңтарда болған. Сол кезде зардап шеккен жігітке Астана қаласында шұғыл ота жасалған. Бірақ оң көзі жабылмай, екі қолы жабысып қалыпты. Соған орай Кореяда 80 млн теңгеге ота жасау қажет болады. Өтініш иесінің мәселесі бойынша аудандық партия филиалы аудан жастары және қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, көмек қорын ашуға ықпалын тигізді. Соның негізінде 35 млн теңге көлемінде қаражат жиналды. Бүгінде жарақат алған жігіт Кореяға алғашқы отасын жасауға аттанды.
«Көмек сұраған ананың жанайқайына бей-жай қарай алмадық. Ол кісі партияның аудандық филиалына көмек сұрап келген бойда шұғыл әрекетке көштік. «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық акциясын өткіздік. Арнайы қор ашу нәтижесінде қажетті қаражаттың бір бөлігі жиналып, алғашқы отасын жасауға Кореяға аттанды. Ендігі жерде қаражаттың қалған бөлігін тауып, екінші отасын да жасауына күш салып жатырмыз», – дейді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Арман Мажитов.Жаңақорған кентінде тұратын жалғызбасты ана Нәзира Қасымханова да партияның аудандық аудандық филиалына жүгініп, баспана алуға көмек сұрады. Оның өзі де, қызы да 3-топ мүгедегі. Бір көзі туабітті көрмейді. Әзірге бұл отбасының жалдап тұрып жатқан үйінде жылу да жоқ. Сол себепті көктемге дейін ағайын-туыстың үйін паналауға мәжбүр. Жағдайын айтып партияның аудандық филиалына жүгінген өтініш иесіне «Айдың Нұры» қорының директоры Мөлдір Әшімханқызының демеушілігімен Жаңақорған кентінен үй берілді. Жаңа баспанаға қоныстанған жалғызбасты ана партия филиалына алғысын білдірді. Аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, қайырымдылық жасау әрқашан басты назарда екенін айтады.
Қызылорда облысы