Ессіз жатқан науқастың өмірін жасанды қолдауды ешкім де туыстарының келісімінсіз тоқтата алмайды. Парламентте тараптар ортақ ұстанымға келген. Бұл Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өткізген Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында мәлім болды. Мәжіліс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын бірінші оқылымда қарауға дайындалуда. Nur Otan фракциясының депутаттары меморгандар басшыларымен, медицина мамандарымен және қоғам өкілдерімен бірге фракцияның кеңейтілген отырысында құжаттың ең резонансты нормаларын талқылады.
– Денсаулық кодексіне қатысты көп ұсыныс, пікір айтылуда. Депутаттарымыз аймақта болғанда құжатты талқылады. Бұл мәселені фракция отырысында талқылау туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде, сапалы заң қабылдауымыз керек, – деген Нұрлан Нығматулин Мәжіліске енгізілгелі бері жоба депутаттар қатысуымен түрлі алаңда қызу талқыланғанына назар аудартты.Соның арқасында бірқатар күрделі мәселенің ымыралы, ортақ шешімі түзілді. Мысалы, қазақстандықтар ағзасын шетелге шығару нормасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс төрағасы «Кодекс жобасында мемлекетімізден тыс жерде жүрген Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ғана трансплантациялау үшін экспорттау мүмкіндігі қарастырылғанын» атап өтті. Ал қоғамдағы түрлі пікірді ескере отырып, жұмыс тобы профилактикалық егулерді міндетті және ерікті болып бөлуді ұсынды. Қазақстанда тұрақты тұратын адамдар міндетті профилактикалық егулерден өтуі керек. Егер баланың денсаулығында медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, міндетті вакцинациялардың тізіміне сәйкес вакцина жасалады. Фракцияның кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау кодексі жобасының әрбір нормасы жан-жақты, терең талқыланды. Айхан ШӘРІП