Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев азаматтардың өтініш-тілегін тыңдады. Министрмен тікелей эфир арқылы бірнеше өңірден тұрғындар байланысқа шығып, әрқилы мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштері мен шағымдарын да қоса жеткізді. Атап айтқанда, электрмен жабдықтауға, ауызсумен қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелермен және басқа да қажеттіліктер бойынша көмекке жүгінді. Қоғамдық қабылдауға 11 азамат жазылды. Бұған дейін бірнеше рет қабылдауда болған Любовь Зонова бұл жолы алғашқылардың бірі болып министрмен жүздесуге мүмкіндік алды. Ол «Энергосбыт» ЖШС-нің жұмысына шағымданды. Оның айтуынша, аталған компания Үкіметтің қаулысын бұза отырып, тұрғын үйге ақы төлеу үшін шот-фактураны заңсыз берген. Өз кезегінде министр Нұрлан Ноғаев «Астанаэнергосбыт» ЖШС бас директоры Александр Зинкевичке жағдайды нақтылап, осы мәселе бойынша есеп беруін талап етті. Белсенділердің мәселесі тез арада шешілді.
– Тарифтерді белгілеу процесі уәкілетті органдар қабылдаған және бекіткен әдістеме бойынша анықталады. Тарифтерді белгілеу кезінде түсінбеушілікке жол бермеу үшін қоғамдық тыңдау өткізіліп, онда азаматтардың пікірлері қабылданады. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша белгілі бір қызметтерге тариф белгілеу туралы шешім қабылданды, – деді Нұрлан Ноғаев.Қалған азаматтар министрмен видеобайланыс арқылы тілдесті. Қарағандылық Сергей Обросов ойын алаңына 20 см тереңдікте электр тогына рұқсат етілмеген кабель төселгені туралы айтып шағымданды. Ал Тараз қаласының тұрғыны Асқарбек Айдаров Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының жұмысына наразылығын білдірді. Қоғамдық қабылдауды қорытындылаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев азаматтардың барлық өтініші жан-жақты зерделеніп, мәселелерді шешу жолдары бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынатынын жеткізді. Абылайхан ЖҰМАШ