Ақтаудағы пәтерде жарылыс болып, әскери қызметші қолынан айырылды
Ақтаудағы пәтерде жарылыс болып, әскери қызметші қолынан айырылды
© lada.kz
Ақтауда әскери бөлімнің бірінің әскери қызметшісі үйде болған кезде белгісіз заттың жарылуы салдарынан жарақат алды. Әскери қызметші 3 желтоқсанда Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем көлігімен түскен, – деп хабарлайды Lada.kz.
«Науқас ауруханаға 13:28-де жеткізілді. Түскен кезде есін білетін, сұрақтарға жауап берді. Дәрігерлер жарақатқа шұғыл тексеру жүргізді, оның барысында сол қолды білекке дейін кесу туралы шешім қабылданды. Оның қолын сақтап қалу мүмкін болмады. Қазір ол травматология бөлімінде емделіп жатыр», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ауруханасы.
Жарылыс әскери қызметкердің пәтерінде болған.
«Ақтау әскери бөлімінің әскери қызметшісі үйде болған кезде белгісіз заттың жарылуы салдарынан жарақат алды. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі.