Қазақта жануар үшін адамды адам өлтірмейтін. Өлтірсе, ауыр жазаға ұшырайды. Тіпті, барымташы да қуғыншының тізесінен шоқпармен ұрып, аударып кетуші еді. Ал бүгінде сирек жануарды аулап жүріп, қылмыс үстінде ұсталмауы үшін қорықшыны атып тастайтын қаніпезерлер шықты. «Охотзоопром» инспекторын өлтіргендер өмір бойы түрмеге қамалды.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деп айып тағылған үш адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қылмысқа қатысы бар тағы төрт адам алты жылға сотталды.
«Сот үкімімен Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіков адам өлтіруге оқталғаны, ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiргенi, заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін сотталды және үкімдердің жиынтығы бойынша оларға өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасы кесілді» деп үкімін жариялады Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалған күдіктілер – Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев, Айдос Әкімов заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін айыпты деп танылды және оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Барлық сотталғандар бес жыл бойы аңшылық жасау құқығынан айырылды және Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 және 30 АЕК көлемінде төлем төлеуі тиіс.
Қылмыс құралы болған екі автокөлік, қару-жарақ мемлекет кірісіне жатқызылды.
Сонымен қатар сот 17 киіктің көзін жойып, қоршаған ортаға залал келтіргені үшін барлық сотталушыдан 89 млн 763 мың 750 теңге шығынды өтеу туралы шешім шығарды.
Судья зардап шеккендердің материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Атап айтқанда, браконьер Ахметов, Ақшанов және Шүкілдіковті зардап шеккен «Охотзоопром» инспекторы Петр Ницыкке – 6,5 млн теңге, мерт болған инспектор Ерлан Нұрғалиевтің ұлына – 16,89 млн теңге, оның інісіне – 9,5 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.
Қанды оқиға 2019 жылдың 13 қаңтарында болды. Қарағанды облысының Нұра ауданы аумағында инспекторлар қымбат мүйізі үшін ақбөкендерді қырып жүрген бір топ браконьерді әшкерелеп, ұстауға күш салады. Жауыздардың соңынан қуу кезінде көліктердің бірінен үш адам атып шығып, инспекторларға тап берген, ауыр соққыға жыққан. Айыптылар қызметтік көліктің кілтін және GPS құралын алып кеткендіктен, қорықшыларды табу қиынға түседі. Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды.
Ерік ЕРДЕНОВ