Қант қымбаттай ма?
Қант қымбаттай ма?
Жыл сайын жаз, күз ай­­ларында елімізде қант қым­бат­тайтыны белгілі. Ба­ғаның өсуіне маусымдық сұран­ыстан бөлек бірнеше себеп бар. Қызылшаны көп ексек те, оны өңдеп, дайын өнім алу ісінде кемшілік көп. Ішкі қажеттілікті им­порттың есебінен жабуға мәжбүрміз. Биылғы қаңтар айының өзінде қазақстандық компа­ния­лар Ресейден 40 мың тон­надан астам қант әкелді. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мем­ле­кеттер арасындағы алдыңғы орын. Мәселен, өткен айда Тәжікстан 8,6 мың тонна, Ар­мения – 6,6 мың тонна, Қырғыз Республикасы 2 мың тонна ресейлік өнімді им­порт­таған. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2019 жылы қаңтар-шілде ара­лығында сырттан 103,7 млн долларға 253,1 мың тонна құм­­шекер сатып алды. Оның 120 мың тоннасы ЕАЭО елдері­нің өнімі.  

СҰРАНЫС НЕНІҢ ЕСЕБІНЕН ӨСІП ОТЫР?

Қазақстанның қантты тұ­тыну нарығының көлемі ша­мамен 500 мың тоннаны құ­райды. Жалпы, халықтың қа­жеттілігі 245 мың тонна болса, сусын өндірісіне – 155 мың тон­на, кондитерлік өнімдерді дайындауға 100 мың тонна керек. Соңғы жылдары ел тұрғындары тәтті шырындар мен энергетикалық сусындарды көбірек іше бастаған. Сусынға сұраныстың өсуі негізгі шикі­зат­тың бірі – құмшекердің тұтыну көлемін де ұлғайтып отыр. Был­тыр республикада 673,9 млн литр минералды және газдалған су­сын шығарылыпты. Ал алко­гольсіз сусын өндірісінің көле­мі – 1,59 млрд литр. Бұл он сегіз миллион тұрғыны бар мемлекет үшін, әрине үлкен көрсеткіш. Алайда ішкі нарыққа қа­жет жарты миллион тонна қанттың жартысы ғана өзімізде өндіріледі. Мәселен, былтыр Жамбыл облысы 157 мың тонна өнім өндірсе, Алматы облысы – 65,3 мың тонна, Алматы қаласы 2,6 мың тонна дайындаған. Яғни, жиыны – 225 мың тонна. Қызылша өсіруді жоғарыдағы екі өңірден бөлек, СҚО мен Павлодар облысының диқандары да қолға алып отыр. Десе де, әзірге ол жақта өнім өңдейтін кәсіпорын жоқ, Павлодарда қант зауытының құрылысы енді қолға алынды. Жалпы, қызылшаны өңдеп, одан қант алатын жеті зауыттың тек төртеуі жұмыс істеп тұр, қалған үшеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Үкімет 2027 жылға дейін кәсіпорындарды техникалық жағынан қайта жаңғыртып, ел аумағында қант зауытының санын сегізге жеткізу туралы жоспарды бекіткен. Ол жоспар толық жү­зеге асқанға дейін импортқа тәуелдіміз.

ЕАЭО НАРЫҒЫ КІМГЕ ТИІМДІ?

Қазақстан өнімнің үлкен бөлігін Ре­сей­ден сатып алатынын айттық. Бүгінде Мәс­кеу қант саудасын қыздырып, Әзір­байжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауған­стан, Грузия, Сирия және Түркіменстан мем­лекеттері­не 600-700 мың тонна экс­порттап отыр. Себебі соңғы жылдары солтүстіктегі көршіміз қызылша алқабын кеңейтіп, құмшекер нарығына қожалық етуге қатты кірісуде. 2018 жылы Ресейде көкөніс көп шығып, 51 млн тонна қызыл­ша жиналды. Федерация аумағындағы 69 қант зауыты 6,2 млн тонна дайын өнім өңдеп шыққан. Осылайша, былтырдан бері профицит қалыптасқан соң артығын алдымен одақтас елдерге өткізуді ойластыруда. Бірақ Ресейдің ұсынып отырған баға­сы қымбат. Мысалы, ЕАЭО нарығына экс­портталатын ресейлік қанттың бір тон­насы 511 доллар болса, одаққа кір­меген елдерден келетін өнімнің бағасы 338 доллар. Екі жыл бұрын да Қазақстанға ЕО мемлекеттерінен тоннасы 460 доллар­дан қант тасымалданған тұста, Ресей өз өнімін 540 доллардан ұсынған болатын.  

  width=

Сол себепті де еліміздің кәсіпорындары былтыр ішкі тұтынуға керек 253 мың тонна қанттың 120 мың тоннасын ғана ЕАЭО елдерінен сатып алып, қалған кө­лемді өзге нарықтан импорттаған. Бірақ бұл қадам Мәскеуге ұнамасы белгілі. 2019 жылы 12 қыркүйекте Ресейдің ауыл шаруа­шылығы министрі Александр Ткачев Қазақстан мен Беларусьтің одақтан тыс үшінші елдерден қантты бажсыз әкеліп отырғаны ресейлік өндірушілердің жұмы­сына теріс әсер етеді деп мәлімдеді. Оның айтынша, бұл Ресейдегі өнім бағасын 44%-ға төмендеткен. Әрине, Мәскеу мүддесіне салса, барлық өнімін одақтас елдерге өткізіп, тек өзі пайдаға кенелгенді жөн көреді. Ондай өзімшіл талапқа әріптес мемлекеттер көне қоя ма?  

МИНСК МЕН МӘСКЕУ АРАСЫНДА ҚАНТТАН ДАУ ШЫҚТЫ

Қаңтар айының соңында Беларусь баспасөзі елдегі қант зауытының басшы­лары жаппай ұсталып жатқанын жарияла­ды. Ондағы деректерге сүйенсек, Бела­русь­тің шикізаты арзан бағамен Ресейге өткізіліп, өздеріне жоғары бағамен қайта сатылған. Бұл оқиға туралы Беларусь мемлекетінің президенті Александр Лука­шенконың өзі бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Сірә, Мәскеуді мұнайды арзан­да­туға келістірудің ұзаққа созылғаны шым­байына батқандықтан да болар, Бать­ка ресейлік нарыққа алаяқтық жол­мен өнім өткізген қант зауытының бас­шы­ларын бірден қамауға тапсырма берді. Негізі, Ресей мен Беларусьтің ара­сын­дағы қант дауы 2000 жылдары басталған. Ішкі нарығын көршінің өнімі жаулай бастаған соң Мәскеу Минскіден кедендік алым төлеуді талап еткен. Содан бастап қант құрағынан алынатын өнім Беларусь­тің өз ішінде сатылып, Ресей нарығына тек қызылша қанты кіретіндей келісім жасалды. Себебі Беларусьтің өз қажетін бір ғана қант зауыты өтеп бере алады, артығы экспортқа шығуы тиіс. 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылған соң оған мүше мемлекеттер арасында еркін экономикалық қатынас­тан кейін қантты кедендік бажсыз өткізу мүмкіндігі ашылды. Бұл одақтастарына қарағанда экономикасы үлкен Ресейге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ондағы кәсіпорындардың өнімді өңдеу қуаты да жоғары, тәулігіне 315 000 тонна қант қызылшасын өңдей алады. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған зауыттардың тәуліктік көрсеткіші 13 мың тонна ғана. Өңдеу қуаты төмен болғандықтан, өзімізде өсірілген қызылшаның көп бөлігі сиырға берілген кездер де болған. Дегенмен әлемдік нарықтағы қант бағасының арзандауы Ресей өніміне де әсер етуде. Былтыр қыркүйек айында Ал­ма­тыда келісі 160 теңгеден сатылған құм­шекер жыл соңында 130 теңгеге түсті. Импорттық өнім бағасының мұндай ди­на­микасы сөз жоқ, отандық өндірушілерге қатты соққы. Себебі біздің зауыттарда өнді­рілетін қанттың өзіндік құны ҚҚС қоса алғанда 165-170 теңгеге барады. Жо­ғары бағамен бәсекелестікке шыдас беру қиын. Амал жоқ, мемлекет субсидия төлеп отыр. Қазір қызылша өсіретін ша­руашы­лықтар әр тоннасына 9 000 теңгеден субси­дия алады. Одан бөлек, тыңайт­қыш­қа, тех­никамен жабдықтауға субсидия қарас­тырылған. Үкімет Агро­өнер­кәсіп кешенді дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылы 121 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай импорт үлесін 90%-ға азайту міндеті жүктелген. Былтыр қазақстандық қант, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі қа­уымдастығы 2024 жылға дейін ЕАЭО-дан әкелінетін өнімге 5% көлемінде кедендік баж енгізуді ұсынды. Оған қоса, Ресейден 50 000 тоннадан артық қантты әкелуге квота қажет. Қауымдастық мамандарының айтуынша, осындай шаралар қабылдау арқылы сырттан келетін өнім көлемін тежей аламыз.    width=Бауыржан БАЗАР