Отырыстың күн тәртібі белгіленді
Отырыстың күн тәртібі белгіленді
193
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығы­мен Палата Бюросының оты­рысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 8 желтоқсанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі. Соған сәйкес Палата оты­рысында Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып таға­йындалған сенатор Нариман Төреғалиевтің өкілеттігін тоқ­тату ту­ралы мәселе қаралады. Сонымен қатар алдағы бей­сенбіде сенаторлар бірқатар заң жобасын қа­райды. Олардың бірі – «Өзіндік ерек­шелігі бар та­уарларды бақылау туралы» заң жобасы. Заң жобасы экспортты, импортты, кері экспортты, тран­зитті бақылаудың, сондай-ақ қосарлы және әскери мақсаттағы тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін же­тілдіруге бағытталған. Одан бө­лек, Сенат отырысының күн тәртібіне «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы шы­ғарылды. Бұл құжат негізгі заң жоба­сындағы нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруді көздейді. Сенат отырысында қаралатын ке­лесі заң жобасы «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы». Бұл құжат мемлекеттік жастар саясаты сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіруді және жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қарастырады. Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бө­лініп берілді.