Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 8 желтоқсанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі. Соған сәйкес Палата отырысында Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған сенатор Нариман Төреғалиевтің өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қаралады. Сонымен қатар алдағы бейсенбіде сенаторлар бірқатар заң жобасын қарайды. Олардың бірі – «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасы. Заң жобасы экспортты, импортты, кері экспортты, транзитті бақылаудың, сондай-ақ қосарлы және әскери мақсаттағы тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Одан бөлек, Сенат отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы шығарылды. Бұл құжат негізгі заң жобасындағы нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруді көздейді. Сенат отырысында қаралатын келесі заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Бұл құжат мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіруді және жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қарастырады. Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.