ASTANA OPEN чемпионаты
ASTANA OPEN чемпионаты
Елордадағы «Алау» мұзайдыны сарайында 4-6 желтоқсан күндері дүниежүзілік коньки тебу күніне орай ASTANA OPEN коньки тебуден қаланың ашық чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс кіші және одан кіші жастағы қыздар мен ұлдар арасында, орта және одан жоғары жастағы қыздар мен ұлдар, сондай-ақ жасөспірім ұлдар мен қыздар санаты бойынша ұйымдастырылды. Жал­пы чемпионатқа қатысуға түрлі өңірлерден 130-ға жуық өтінім келіп түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша атал­мыш жарыс алғаш рет өтіп жатыр, ал­дағы уақытта коньки тебуден қаланың ашық чемпионатын дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырып тұру қолға алынбақ.
– Жарысқа Астана қаласы әкімдігінің №2 БЖСМ спортшыларынан бөлек, Қостанай, Петропавл, Хромтау және Ал­ма­ты қалаларының конькишілері қатысты. ASTANA OPEN қала чемпионатына бар­лы­ғы жүзден астам адам қатысуға ниет біл­дірген. Бұл чемпионатты алдағы уақыт­та дәстүрлі түрде өткізетін боламыз, – деи­̆ді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Бағдарлама бойынша жарыстың бірінші күні командалық түрде өтті. Яғни, 4 айналым қашықтығына аралас команда­лық спринт. Команда құрамында 2 қыз және 2 ұл бар. Ал 5-6 желтоқсанда жарыс көп­сайыс бағдарламасы бойынша өтеді. Ділназ Ибраева – жарысқа келген жас үміткерлердің бірі. Анасының кеңесімен 6 жасынан коньки спортымен айналысады. Бағындырған асулары аз емес. Петропавл тумасы жетістіктерді еселеймін деп келіп отыр.
– Маған конькимен жүгіру спорты ұнай­ды. Спорт шеберлігіне кандидат бол­ғым келеді. Әзірше екінші жасөспірімдік разрядым бар. Коньки спорты шыдамды­лыққа тәрбиелейді. Қатысушыларға сәт­тілік, өзіме жеңіс тілеймін!,– дейді жарыс­қа қатысушы Ділназ Ибраева.
Жарысқа Астана, Алматы, Қостанай, Петропавл, Рудный қалаларынан 100-ге жуық спортшы қатысады. Олардың ең кішісі – 12 жаста, үлкені 20-да. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 100 метрден 3 мың метрге дейінгі қашықтықта бақтарын сынай­ды.
– Бүгін қонақтарды қарсы алып жатыр­мыз. Жеребе тарту болды. Балалардың спортқа деген қызығушылығы басым. Азия ойындары кезінде ашылған мынандай керемет сарайымыз бар. Ішінде барлық жағдай жасалған. Сондықтан болар, жылда осында бас қосамыз. Коньки спорты епті­лік пен төзімділікке шыңдайды. Сымбатты­лық пен командалық ерік-жігер қалыптас­тырады, – дейді жаттықтырушы Владимир Костин.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль­дар­мен, дипломдармен, Кубоктармен және сентификаттармен марапатталады. Айта кетейік, жарысқа Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирек­циясы да қолдау көрсетіп отыр.