Кәсіптік мамандықтардың «мундиалы»
Кәсіптік мамандықтардың «мундиалы»
304
оқылды
Астана қаласында WORLDSKILLS KAZAKHSTAN–2022 кәсіби шебер­лер­дің VII республикалық чемпио­наты өтеді. Студенттердің кәсіби шеберлігі сыналатын сайысты Оқу-ағарту министрлігі мен Talap ком­мер­циялық емес акционерлік қо­ғамы ұйымдастырып жатыр. Биыл бұл біріншілікке 20 өңірден 500-ден астам жас маман қатысады. Олардың шеберліктері WorldSkills-тің 30 ресми құзыреті бойынша бақ сынамақ. Жастарды кәсіпке бағдарлауды мақсат еткен бұл біріншілікке мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестіктердің өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері де қатысып, тәжірибе алма­сады. Оқытушылар мен әлеуетті жұмыс берушілер кәсіби білім беруде қолда­нылатын заманауи әдіс-тәсілдер және бі­лім беру технологияларымен танысады. Дәл осы сайыста мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан студенттер WorldSkills Kazakhstan–2022 құрамасының сапында EuroSkills 2023 халықаралық чемпио­натында ел намысын қорғайды. Кәсіби шеберлік сыналатын мұндай чемпионаттар кәсіби білім сапасын арт­тыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұн­дай сайыстар студенттердің кәсіби шебер­лікті арттыру орталығына айналып келеді. Еліміз WorldSkills International (WSI) ұйымына 2014 жылдан бастап мүше болды. Сәйкесінше елімізде WorldSkills қозға­лысын дамыту міндетін Talap КеАҚ мой­нына алған. 2015 жылдан бастап елімізде кәсіптік мамандықтардың мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде WorldSkills чем­пио­наттары ұйымдастырылып тұрады. Олар­дан үздік шыққан студенттерден жасақталған ұлттық құрама қатысты. 2022 жылы әлемде WorldSkills Competition 2022 арнайы шығарылымы веб-әзірлеу құзы­ретін­де қола медаль жеңіп алды.

Ш.АТЫХАН