Сұңқардың бабын тапқанның бағасын білсек
Сұңқардың бабын тапқанның бағасын білсек
647
оқылды
Қазақ жеріне табиғаттың өзі сыйын молынан берген­дей. Әсіресе, біздің даланың жануарлар дүниесі мен өсім­діктер әлеміне қызыға көз салатындар көп. Сонау Бірік­кен Араб Әмірлігінен келген инвестор Жамбыл жерін­де сұңқар құсын баптауға қызығушылық танытқан. Алайда араб шейхі құмартқан жобаның іске асырылуына түр­лі қиындық қолбайлау болып тұр. Сарысу ауданындағы «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығы өзгелерден аң-құстарының санымен ерекшеленеді. Шаруашылық сайын дала төсіндегі 210 702 гектар алқапты алып жатыр. Ал ең бастысы, 2013 жылы мұнда «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС құрылып, сұңқар өсірумен айналыса бастады. Кейін­нен мұнда арнайы тәлімбақ құрылып, қыран құстардың жеміне қажетті бөдене, кептер, тышқан өсірілді. Тәлімбақты Бірікен Араб Әмірлігі елінің азаматы Халид Насер Муткер Альшафи Альхад­жери қаржыландырған. Сол кісінің қар­жыландыруымен «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығына 2017 жылы 10 сұңқар тұқымдас құс әкелінген екен. Қазір олар­дың саны 121-ге жетіпті. Құстардың ішінде ителгі, лашын, сұңқар да бар. Көбі ақ сұңқарлар. Ақ сұңқар елімізде жойылып кету алдында тұрғандықтан, бұл шаруа­шылық Қазақстан үшін үлкен олжаға айналғалы тұр. Себебі Халид Насер Мут­кер Альшафи Альхаджери мен тәлімбақта өсірілген құстардың 40-50 пайызын бостандыққа жіберу туралы келісімшарт жасалыпты. Дегенмен ерекше жобаның кең қанат жаюына кедергі көп.
– Инвестордың Жайлаукөл жерін таңдауы бекер емес. Бұл елді мекен «Құс жолы» бойында орналасқан. Сондықтан Халид Насер Муткер Альшафи Альхад­жери дәл осы аймақтан тәлімбақ ашуға қызығушылық танытты. Өйткені оның Марокко, Кувейт, Баку, Абу-Даби сынды елдер мен қалалардағы тәлімбақтары Жайлаукөл сынды ерекше аймақтарда орналасқан. Негізі, арабтар бір жерге қаржы салмас бұрын оны жан-жақты зерттейді. Ал Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджеридің ата-бабалары құс өсірумен айналыс­қандықтан, олар текті сұңқар қай жерден шығатынын біледі. Сондықтан Жайлау­көлден 25 гектар жер алып, үлкен тәлімбақ ашты. Алайда сұңқар құсы ерекше күтімді қажет ететіндіктен, жоспарлы жұмы­сымыз межелі көрсеткішке жете алмауда. Бірақ сұңқарлар да бүркіт сияқты 6-7 жұмыртқа басса, соның үшеуін ғана шығарады екен. Олардың күтімін 6-7 айға дейін жасамасаң қанаты қатайып кетуі қиын. Сондай-ақ жұмыртқа басып жатқан құсқа арнайы жем алып беру үшін қиналдық. Дәрумені бар біздің елдегі жемдер жарамады. Ал шетелден алдыру әлемдік пандемияға байланысты мүмкін болмады. Осылайша, тығырыққа тіреліп, жұмысымыз әу бас­тағы жос­пардан ауытқыды, – дейді «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-ның бас ди­рек­торы Еркін Оспанов.
Тағы бір айта кетерлігі, ақ сұңқарлар өте қызғаншақ болады екен. Балапан басып жатқан құсқа бөтен адам кіретін болса, ол жұмыртқаларын қанатының астына қысып алып, оны шұқып, жарып та тастайтын көрінеді. Сондықтан балапан басқан құсқа жем-суын тек бір ғана адам береді. Бірақ құстың жайын білетін білікті мамандар да табыла бермейді. Жергілікті жердің жігіттерін шейх Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Біріккен Араб Әмірлігінде тегін оқытуға уәде етсе, шетел асып білімін шыңдауға ниетті бірде-бір азамат табылмапты. Серіктестік басшылығы бір жасты арнайы дайындаса да, ол да кейіннен сөзінен тайқып кеткен екен. Осылайша, серіктестік маман тап­шылығын сезінуде. Ал шетелден құстың тілін білетін мамандарды шақырайын десе, оның машақаты көп.
– Негізі, инвестор маман жіберуге қарсы емес. Алайда біздің елдің заңы бойынша оларды Жамбыл жеріне кіргізу қиындық тудырып жатыр. Заң шеңберінде шектеу көп. Содан Германия мен Оңтүстік Кореядан алдырған инкубаторды да қолдана алмай отырмыз. Құстардың өздігінен балапан басуы қиын болған­дықтан, инкубатор әдісін пайдалануды ойлағанбыз. Алайда жұмыртқаны инку­баторға салу үшін оның қабығын жұқарту, күн сайын шайқап тұру сынды техниканың тілін әлі күнге біле алмай келеміз. Сұңқар құсының балапаны тауықтың балапаны сияқты өздігінен жұмыртқаны жарып шыға алмайды. Сондықтан жұмыртқаның өзіне ерекше күтім қажет. Соны үйренуге шетелге маман жіберейік десек, бәрі ат тонын ала қашуда. Мамандарымыз орта есеппен 150 мың теңге айлық жалақы алады. Егер техниканың тілін үйреніп келсе, шейх жалақысын еселеп өсіруге дайын. Алайда біздің жігіттер тегін оқудан қашып отыр, – дейді серіктестік директоры.
Биылғы қыркүйекте Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Жайлаукөлге 10 күнге келіп кеткен екен. Алайда ел қазы­­насына қаржы салып отырған инвесторға жер­гілікті билік тиісті дең­гейде құрмет көрсете алмапты. Еркін Оспа­новтың айтуынша, шейх тозығы жеткен Жайлау­көлдің жолына жаңа жабын­ғы төсетіп, мешітке де қомақ­ты қаржымен көмек көр­сет­кен екен. Сон­дай-ақ тұрғындары­ның 50 па­йыз көшіп кетіп, мектебі жабылу алдында тұрған Қам­қалы мен Жай­лаукөл ауылы­ның тұрғын­дарын тұрақ­ты жұмыспен қамты­ған. Соған қара­мас­тан жер­гілік­ті билік шейх­­­қа аң­шы­лық жасауға рұқсат бер­мей қойып­ты.
– Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджериден келіп жатқан пайда болмаса, зиян жоқ. Тәлімбақты толық­тай өзі қаржылан­дырып отыр. Айына шама­мен кемі 15-16 миллион теңге инвестиция құюда. Тәлімбақтағы құстар да, техника да соның меншігінде. Алайда жылына бір рет келетін шейх аңшылық жасайтын құсын да, оған қажетті аңын да өзімен бірге алып келсе де, аңшылық шаруа­шылық былай тұрсын, тәлімбақтың аума­ғы­ның өзінде билік аңшылық жасауға рұқсат бермеуде. Оған себеп – елімізде сұңқармен аңшылық жасауға рұқсат жоқ екен. Таңғалатыным, бүркіт­пен аңшылық жасауға болады да, неге сұңқармен жасауға болмайды? Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери аңшылық биле­тінің құнын төлеп, өз құсы мен оған салатын аңын да өзімен бірге әкеліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің табиғатқа келіп отырған еш зиян жоқ. Алайда біздің билік соның өзінде рұқсат бермейді. Бірақ Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери тәлімбақты құстарды қонақ­татып қою үшін ашқан жоқ қой. Ұшпай, отырып қалған құс ертең бойына ет жинап, мүлде қанат қаға алмай қалатын күйге түседі. Ал ондай құс арабтарға қажет емес. Содан ел қазынасына құйылып жат­қан миллиондаған қаржыдан қағылып қаламыз ба деп отырмын, – дейді Е.Оспа­нов.
Серіктестік басшысының сөзі орын­сыз дей алмассың. Елге өзі аяғымен келіп тұрған инвестицияны ұқсата алмаған­дардың әрекеті ақылға қонбайды. Орта есеппен айына 15 миллион теңгеден құйы­лып жатса, жылына 200 миллион тең­геге жуық қаржы келіп жатыр деген сөз. Серіктестік басшылығы аңшылық жасауға рұқсат берсе шейх инвестиция көлемін тағы өсіруге ниетті екенін айтады. сұңқар Осы орайда Сарысу ауданы әкімдігіне хабарласып, инфрақұрылым мәселесі не себепті шешілмей жатқанын білген едік. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, биыл Қам­қалы, Жайлаукөл ауылдарына ауызсу құбыры тартылып жатыр екен. Жыл аяғына дейін жүргізіліп бітетін тіршілік нәрінің шарапатын «Агентство Милле­ниум Сокол» серіктестігі де жуырда сезі­нетініне жергілікті билік уәде етіп отыр. Ал жарық мәселесіне келсек, серіктестік тапсырыс берсе, жауапты мекемелер күні ертең электр жарығын жүргізіп беруге дайын. Жергілікті биліктің бес жылда шешіл­меген мәселені бір күнде шешіп тастауға дайын екенін айтқаннан кейін, бәлкім аңшылық жасауға рұқсаттама да оңай беріліп қалар деген оймен Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі инспек­циясына хабарластық. Алайда инспекция мамандарының айтуынша, шетел азамат­тарына елімізде қыран құспен аңшылық жасауға мүлде рұқсат жоқ екен. Рұқсат берілгеннің өзінде ол тек Үкімет қаулы­сымен заңдастырылады. Сондықтан жергілікті орман шаруашылығы маман­дары қолдарынан келетін шара жоқ еке­нін айтып отыр. Қалай дегенде де, «Агентство Миллен­иум Сокол» ЖШС-ын мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Өйткені бұл, бі­рін­шіден елге келіп инвестиция тартудың тетігі. Екіншіден, тәлімбақта өсіріліп жатқан құстардың 50 пайызы бостандыққа жіберілетінін ескерсек, ертең сұңқардың саны қазақтың сайын даласында еселеп көбейеді. Биыл Өзбекстан мемлекеті Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджериге өздерінің елдерінен тәлімбақ ашуға ұсыныс білдірген екен. Есесіне олар сұңқар құсымен жерлерінде аңшылық жасауға рұқсат беруге уәде етіпті. Демек, көрші мемлекеттің билігі бұл инвес­тициялық жобаның ертеңі баянды бола­тынына бек сенімді. Жамбыл жерінен ашылған тәлімбақты өзгелер алып кетіп өзегімізді өртелмесін десек, сұңқар бап­тауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлген жөн.

Жамбыл облысы