Елорда – ел дамуының драйвері
Елорда – ел дамуының драйвері
416
оқылды
Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның мақсаты айқын. Бүгінде елордада осы жоба аясында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Ұлттық жобаның бір мақсаты тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту екенін ескерер болсақ, астанамыздағы құры­лыс­тың қарқыны көңіл қуантатындай дең­гейге жетті. Ал еліміздің өзге өңірінен бас қалаға қоныс тепкендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті. Сол үшін бүгінгі күні қаладағы қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыстың бір бөлігі халықты баспа­намен қамтуды көздейді. Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» мекемесі үй кезегінде тұрған тұрғындар бірнеше сатып алу тәсілдерін пайдалануға болатын мүм­кіндіктерді қарастырып отыр. Мысалы, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолжетімді тұр­ғын үймен қамтамасыз ету үшін бірыңғай тұрғын үй саясаты іске асырылады. Соның ішінде сатып алу құқығынсыз әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді сату шең­берінде де тұрғын үй беріледі. Бұл санатқа кезектілік тәртібімен көпбалалы отба­сылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, жетім балалар және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар кіреді. Құрылыстың саны ғана емес, сапасына да айрықша назар аударылып, Сарыарқаның сары аязына шыдамды, тұрғындардың тұрмысына қолайлы етудің барлық шарты қарастырылып жатыр. Бұдан басқа, көзге шыққан сүйелдей қаланың сәнін кетіріп тұратын Астанадағы қауіпті үйлердің саны азайып, көрікті бұзатын баспаналарға күрделі жөндеу жүргізіліп келеді. Елордада апатты және тозығы жеткен тұрғын үй­лерді бұзуды көздейтін тұрғын үй қорын жаңарту жобасы әлі де жалғасын табуда. Айталық, тек соңғы төрт жылда осындай 38 үйдің тұрғындары жаңа абаттандырылған тұрғын үйлерге көшірілген екен. Бұл ғана емес, елорда тұрғындары мен қонақтарының қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында күнделікті демалуына да көп көңіл бөлінген. Мәсе­лен, қазір қалада заманауи бульварлар мен скверлер, тозығы жеткен балалар алаң­қайлары жаңартылып жатыр. Биылдың өзінде бас қалада бірнеше жаңа тартылыс нүктесі пайда болып, онда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын ден­саулыққа пайдалы әрі жайлы өткізе ала­тын қоғамдық кеңістіктер көбейді. Айталық, елордада бірер жылдың өзінде ғана 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульвар­лар) абаттандырылды. Ал биыл қалада Бейбіт­шілік және келісім сарайы ауданында амфитеатр, қаланың оң жағалауындағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жанындағы кеңістік, Бейбітшілік және келісім саябағы, қала алаңы секілді бірқатар қоғамдық орын салынды. Сон­дай-ақ елдегі ең алғашқы қорық және орман-саябақ аймағы бар табиғи парк ашылмақ. Ендігі жерде қала тіршілігі жан­данып, көркіне көрік қосатын жаңа жоба жүзеге асса, Кіші Талдыкөл көпшіліктің сүйікті орнына айналары сөзсіз. Бұдан бөлек, бас қаладағы басты мәселенің біріне айналған кәріз жүйесі де біртіндеп ретке келтіріліп келеді. Көбірек жауын жауса, көлкіп шыға келетін шалшық су ағып кету үшін бағыттау жұмыстары жүргізілуде. Ол бойынша суағарлар жөн­деліп, ал жетпегенін жаңадан салу арқылы жаңбыр суының кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету көзделген. Астанада 2025 жылға дейін қала тұр­ғындары газбен толық қамтылу үшін газ­дандыру жұмысы да қарқынды жалғасып келеді. Бүгінде қалада 21 мыңға жуық жекеменшік үй және 2999 көппәтерлі тұр­ғын үй кешені бар. Қазір Көктал-1 және 2, Агроқалашық, «Железнодорожный», «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс» (оң және сол жақтары), «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный» тұр­ғын алаптарында, сондай-ақ Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігі толық газға қосылса, 7321 жеке үй ор­та­лықтандырылған жылумен қамтамасыз етілді. Сонда халық саны 200 мыңға жуық адам болатын 14 мың абонент газға қол жеткізумен қамтамасыз етілген. Газға 5233 жеке және төрт көппәтерлі тұрғын үй қо­сылған. Ал 1-ЖЭО және 2-ЖЭО (1-ЖЭО-да жеті қазандық, 2-ЖЭО-да алты қа­зандық) 13 қазандық газға ауыстырылған. Биыл 1-ЖЭО-де тағы 3 энергетикалық қазандық газға көшіріледі. Бұл жұмыс қарқыны осылай жалғасын тапса, жос­парға сәйкес, елорданың тұрғын үй алап­тары 2025 жылға қарай толықтай газбен қамтылмақ. Сонымен бірге туристік қалаға ай­налған бас қаладағы туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүзеге асыру жұмысы да жалғасын тапқан. Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, Astana Invest ведомстволық бағынысты ұйымы туристік қызметті дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясында қызметтің 5 бағыты көрсетілген. Бұл бойынша ин­весторларды тарту үшін инвестициялық келісімшарт нысаны қолданылады. Айта кету керек, шаһарда туризм көрсеткіші соңғы жылдары өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристердің рекордтық көрсеткіші бас қалаға тиесілі болған. Ол пандемияға дейінгі кезеңнен де жоғары көрсеткіш. Қызмет көрсету көлемі де 30%-ға өссе, шетелдік туристерге көрсетілетін қызмет көлемі де былтырмен салыстырғанда 2,5 есе артыпты. Биыл жыл басынан бері 77 жоба іске асырылса, жыл соңына дейін қосымша 87 жобаны іске асыру жоспар­ланған екен. Сондай-ақ қаланың туристік әлеуеті туралы хабардар ету мақсатында MICE-туризм индустриясының өкілдері халықаралық қауымдастықтар, корпо­рациялар, кәсіби байерлер, іс-шараларды ұйымдастырушылар үшін таныстыру турларын ұйымдастырады. Одан бөлек, туризм саласын дамытудың екінші перс­пективалы бағыты – медициналық туризм бойынша да жүйелі жұмыс істелініп жатыр. Мысалы, жоғары технологиялық медици­налық қызметтер көрсететін за­манауи медициналық кластер, заманауи меди­ци­налық клиникалар мен стома­тологиялық, косметологиялық және эко орталықтардың дамыған желілері пайда болуда. Елордада инвестиция тарту және ин­вестициялық жобаларды табысты түрде жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасын табуда. Бүгінде Astana Invest компания­сының бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылыс қарқыны күшейді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалардың саны көбейген. Мәселен, соңғы үш жылда елордада 2,5 млрд АҚШ долларға шетелдік инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш өсті және тек бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана тартылған инвестиция сомасы 1 млрд АҚШ долларын құраған. Ал бұл өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда үш есе көп. Қазір Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының базасында ин­вестицияларды тарту бойынша өңірлік фронт-офис та жұмыс істейді. Онда инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде мемлекеттік қыз­мет көрсету рәсімдерінен өту кезінде то­лық сүйемелдеу жүзеге асырылады. Осы күні Астана инвестициялар мен өндіріс көлемі бойынша рекордтық көрсеткіш­терге жеткен. Мысалға, соңғы 10 жылда елорда мемлекеттік қызметшілер қала­сынан кәсіпкерлер қаласына айналды. Статистика көрсеткендей, қала эко­но­микасының шамамен 80%-ын ШОБ құрайды. Бұл кіріс бөлігіне және негізгі капиталға инвестицияларға қатысты бо­лып отыр. Сонымен бірге тұрғын үй құ­рылысы, көлік, логистика, білім, медицина және спорт қызметтері де кіреді. Былтыр негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша елорда рекордтық деректерге қол жеткізіп, инвестициялар бойынша қалаға 1,2 трлн теңгеден астам, өнеркәсіп бойынша өндірілетін өнімге – триллион теңгеден астам қаражат тартылыпты. Айталық, Астанада 140 млрд теңгеден астам инвестиция салатын 36 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде құрылыс материалдары мен медициналық бұйым­дар шығаратын зауыттардың құрылысы да қарқынды іске асып жатыр. Қорыта айтқанда, «Қуатты өңір» ұлт­тық жобасы елорданы – ел дамуының драйверіне айналдырып, бас қаладағы бірқатар мәселелердің оң шешімін та­буына серпін берді. Осы арқылы тұрғын­дардың өмір сүруіне қолайлы орта қа­лыптастырылып, діттеген меже дұрыс екенін көрсетіп жатыр.