Торғайдан түлеп, топ жарған...
Торғайдан түлеп, топ жарған...
791
оқылды
Торғайдан түлеп ұшып, қазақ көгінде қалықтаған қыран, әй-әйімен айтыста қазағын әлдилеген ақын еді. Ақтаңгер ақын, сазгер, журналист Қонысбай Әбіл 69-ға қараған шағында өмірден өтті. Торғай топырағынан шығып, алты Алаштың ардақтысына айналған тұлға еді. Ол арқалы ақын ғана емес, қаламы жүйрік журналист ретінде де танылды. Әр жыл­дары түрлі басылымда еңбек етті. «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, «Арқалық таңы» газетінің редакторы, Торғай облыстық теле­радио­компания­сының төрағасы секілді бір­қатар жауапты қызметтерде болды. Ұлт руханиятының өркендеуіне айрықша үлес қосты. Халық ақыны атанды. Өрелі өнер иесі Айтыс өнерінің тұтас дәуіріне айналған Қонысбай Әбіл ағам да Алланың алдына қайтыпты. Бала кезімізден осы ағалары­мызға еліктеп ержеттік. Ең алғаш Қоныс ағамның мақамына салып айтысқа шық­қаным жүрегімнің төрінде. Төл өнеріміздің төрінде ешкімге ұқсамайтын өз болмысын қалыптастырды. Жүрген жерін думанда­тып, күлдіріп жүретін еді. Торғайда туып, Алаштың аяулы ақыны бола білді. Ұлт ру­ханиятының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Сан қырлы өрелі өнер иесі еді. Мәңгілік қонысың жұмақтың төрі болсын! Алдың пейіш, артың кеніш болсын! Бақұл бол, асыл ағам!

Аманжол ӘЛТАЕВ, Мәжіліс депутаты

Оның мақамының өзі ерекше болатын Біздің айтыс ақындарының көш­басында тұратын Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова өткен ғасырдың 90-жылдары республикалық айтысқа шыққанда алғаш танысқан ақындарымыз еді. Айтыстағы ең алғаш айтысқан жұбым да Қонысбай Әбіл еді. Содан бері ағалы-інілі болып, араласып келе жатыр едік. Ажалға тоқтау бар ма?! Көз көрген адамдардың қатары сиреп бара жатқанына өкінесің. Былтыр Әселхан апамыздан айырылып қалдық. Биыл Қонысбай ақыннан айырылып жатырмыз. Өмір өз арнасымен ағар, бірақ айтыс са­ласының көш басында тұрған аға-апа­ларымыздың өмірден беймезгіл кетіп жат­қаны қабырғамызға батады. Қонысбай ақын қарсыластарының ешқайсысын маңдайынан шертіп, біреуін ренжіткен ақын емес. Кіммен айтысса да, бәрінің қас-қабағына қарап отырып, жүрегіне салмақ салмаған ақын. Әселхан апамыз­бен айтысқан кезде баяғыда: «Дұрысы қыздармен айтысқанда, домбыра ұстап, әшейін шықсам ба екен» дегені бар еді. Соның өзі сатираға құрылған, юморлығы басым, халықтың жанына жұмсақ, тілге жеңіл сөздерді айтатын еді. Айтыста ол көтерген әлеуметтік мәселе өте көп. Тіпті, Торғай жабылғанда бозторғайдай шырылдап: – Құдайым алам десе қоймайды екен, Жығылған күреске де тоймайды екен. Үкіметтің басына кім келсе де, Торғайды ашып-жауып ойнайды екен, – дегені әлі есімізде... Оның айтыстағы мақамының өзі ерекше еді. Оның айтқан әзіл-қал­жы­ңы­ның бәрі енді аңыз-әпсанаға айналып қалды. Қонысбай ақын біздің мәңгі жү­регімізде сақталады. Қонысбай Әбіл, Есенқұл Жақыпбек, Әселхан апала­ры­мыздың орны бөлек еді. Өмір деген сол: «бір жығылып, бір тұрасың, қатарың кетсе, тойдан да қаласың» деген. Асыл ағаның жаны жәннатта болсын! Бақұл бол, ардақты ақын!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ, ақын

Айтыстың даусыз жүйрігі еді... Қонысбай аға туралы өткен шақта сөй­лейміз деп ойладық па? Тіпті, естелік жаза­мын деп те ойламаппын. Ағамыз үнемі жарқылдап күліп, айналасын да күлкіге көміп жүретін жайдары жақсы адам еді ғой. Суырыпсалма шешендігі, табан астында тауып айтатын айтқыштығы бөлек еді. Сонау 80-жылдары айтыс алғаш эфирге шыққанда соның аяққа тұруына өл­шеусіз еңбек сіңірген бір қауым ақын­дардың қатарында Қонысбай ағаның қол­таңбасы анық көрінеді. Отызды орталаған шағында Әселхан Қалыбекова, Әсия Бер­кенова сияқ­ты замандастарымен қатар «Қазақ­станның халық ақыны» ата­нуының өзі сол еңбегінің, күмәнсіз талан­тының же­місі еді. Қазіргі айтыстың ақсақалы Жүр­сін Ерман ағамыз әлеуметтік желідегі жазбасында: «Айтыстың жаңғыруына, қайтадан түлеуіне көп үлес қосқан тұлға еді. Осы өнердің көне дәстүрлерін жаңа дә­уірге лайықтап, Нұр­қанның атын ардақ­тап өткен қайран Қо­нысбайдан да өтті бұл дәурен!» деп өзегін өртеген өкінішін ақ­тарыпты. Қоныс ағамыз шындығында көзі жұмылғанша атақты халық ақыны Нұрқан Ахметбековті өзіне пір тұтып, тектілердің тал бесігі Торғайын жырмен әлдилеп өтті. Торғайды «ашып-жауып» ойнаған шенеу­ніктерді айтыстарда аямай шенеді, зама­нында қа­зақты қойдай қырған Ермактың ескерткішін құлатуға жырымен үлес қос­ты. 1990 жылы қазіргі Республика сарайында өткен Наурыз ай­тыста алдаспан ақын Ерік Асқаровпен айтысып, әлі тағынан тай­маған Кеңестер Одағының басшысы Горбачевті де сынның садағына алды. Ол айтыс атамұра өнеріміздің тарихында алтын әріппен жазылған қай­таланбас құндылыққа айналды. Қонысбай аға қарсыласына қатты сөз айтпай, аялап отырып айтысатын ақын еді. Не болса да әділетін айтуға тырысатын. Бі­реуге тілмен жазықсыз қиянат жасауға қарсы еді. Өзі де бір айтысында өзінің осы мінезі туралы: – Қашанғы қалыптасқан тәртіппенен, Атымның ауыздығын тартып келем. Біреуге жазықсыз тіл тигізгеннен, Өзім сөз естігенді артық көрем, – деп жырлаған екен. Бұл ақынның бір ерекшелігі десе болады. Бірақ ұлттың мә­селесіне келгенде арқаланып, төгіп-төгіп жіберетін дауыл жыры бар еді. Қонағаңның ол мінезі шәкірті Айбек Қалиевке де дарып, биязы мінезімен бипаздап отырып-ақ халықты талай дүр сілкіндіргенін көзқа­рақты көрермен жақсы біледі. Астана Арқаға қоныс аударғанда ол сая­си орталық қана емес, айтыстың да алтын діңгегіне айналды. 2000-жылдары айтыс аламанының алдын бермей жүрген Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Жібек Болтанова, Шырынбек Қойлыбаев, Ринат Зайытов, тағы басқа ақындар елордаға жиналды. Кейін бұл қатарды Айнұр Тұр­сынбаева, Әсем Ере­жеқызы, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзембаев, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ния­зов, Өміржан Көпбосынов, Нұр­мат Ман­сұ­ров, Жан­дар­бек Бұлғақов, Ме­йірбек Сұлтан­хандар толықтырды. Солардың барлығының көш басында халық ақыны Қонысбай Әбілев тұрды. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының алғашқы басшысы болып, талай аламан айтыстарды ұйымдастыруға ұйытқы болды. Елорданың қазақша­ла­нуы­на, ұлттық руханияттың орнығуына көп жұмыс істеді. Соңынан ерген ай­тыс­тағы ізбасар іні-қарындастарының әлеу­меттік жағдайына да қол ұшын созып жүрді. Алғашқы лек ақындардың қатарында келген маған бұрын сырттай ғана танитын Қонысбай ағамен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік туды. Талай ұзақ сапарға бірге шы­ғып, отбасымен де жақын араласып кет­тік. Көкшетаулық халық ақыны Көкен Шә­кеев туралы тамсанып айтқан талай әңгімесін тыңдадым. Торғайдан шыққан тұлғалар туралы таңды таңға ұрып айтатын. Бір са­парда қазақтың дүлдүл ақыны Ғафу Қайыр­бековтің қызықтарын айтып ішек-сілемізді қатырып еді. Өзінің сатирик­ті­гімен қатар, кейіпкерінің дауысын салып тұрып айтатын пародистік те қабілеті бо­латын. Сапарға бірге шықсақ жалық­пайтынбыз. Ішіндегісін бүк­пей, әңгімесін ақтарылып айта беруші еді. Өзінің жалғыз ұлы Нұрқанның мектебінде өтетін ша­раларға мені шақырып алатын. Ата-ана­лардың жиналысында «біздің аты­мыздан Нұрқанның ағасы, шәкіртім Серікзат өлең айтады» деп жаздырып қоятын. Қонысбай ағаның журналистік қыз­метін, жазба поэзиядағы орнын за­ман­дастары жақсы біледі. Республикалық, облыстық газеттерде тілші болғаны, Тор­ғай облыстық телевизиясын ашқаны өз алдына ұзақ әңгіме. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ұлтының жоғын жоқтап өтті. Со­ңында абыройлы ісі мен ақындық үні, азаматтық сөзі қалды. Енді асыл аға­мыздың «айналайын» деп тұратын жұмсақ дауысын сағынатын болдық. Жатқан же­ріңіз жарық болсын, қадірлі Қоныс аға! Біз сіздің жар­қын бейнеңізді ұмытпаймыз.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, Жазушылар одағының мүшесі