Қоныс колониясындағы тартысты жарыс
Қоныс колониясындағы тартысты жарыс
Өткен аптаның соңғы демалысында елордадағы қоныс колониясында спорт түрлерінен тартысты жарыс өтті. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Астана қаласы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе ұйымдастырған шараға қатысып, өз мүмкіндіктерін сынауға мүмкіндік алғандар «мұндай шара тұрақты өткізіліп тұрса екен» деген тілегін де жеткізді. Спорттық шара «NS Жас Жігер» жо­басы аясында өткізіліп отыр. Еске сала кет­сек, биыл қала әкімдігі «Астана жас­тары» ЖРО-мен бірлесіп NEET санатын­дағы жастарды әлеуметтендіру және жан-жақты қолдау үшін «NS Жас жігер» жобасын бастаған болатын. Жоба NEET санатындағы жастарды одан әрі жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру және дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды түсін­діруге бағытталған. Осы жұмыс аясында белгілі спортшылардың қатысуымен спорт­тық турнирлер ұйымдастыру, таны­мал тұлғаларды, әлеуметтанушылар мен психологтерді жұмылдыру арқылы түсін­діру жұмыстарын өткізу, NEET санатын­дағы жастардың мәдени-ойын-сауық орта­лықтарына тегін бару секілді іс-шара­ларды өткізу қолға алынып келеді. Бұған дейін де аталмыш жоба аясында спорттық іс-шаралар және NEET санатындағы жас­тар арасында волейбол, баскетбол және футбол бойынша турнирлер өткен бола­тын. Айталық, таяуда ғана ұйымдас­тырыл­ған волейбол турнирінің жартылай финал­дық және финалдық ойындарына қала базарларында жұмыс істейтін жастар мен жұмыссыз жастардың өкілдері қатысты. Ал бұл жолы «NS Жас жігер» жобасын іске асыру мақсатында қоныс колониясында мерзімін өтеп жатқан жастар арасында гір тасын көтеру, армрестлинг және арқан тарту бойынша бірқатар спорттық жарыс өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараны жоспарлау кезінде қатысу­шы­лардың жас ерекшеліктері мен жеке қаси­еттері, олардың мүдделері, қажеттіліктері мен мүмкіндіктері қатаң ескерілген. Бүгінгі күні қаладағы қоныс колонияларында жазасын өтеп жатқан адамдардың қозға­лысы шектеулі. Бұл өз кезегінде олардың та­биғи қозғалыс белсенділігінің төмен­деуіне әкеледі. Сол себепті жарыстың бас­ты мақсаты салауатты өмір салтын наси­хаттау, спортқа баулу, осы спорттық іс-шаралар арқылы ұжымшылдық сезімге баулып, өзара көмек көрсетуге бағытталып отыр.
Шараның құрметті қонағы ретінде шақыртылған төрт дүркін әлем рекорд­шысы, Гиннес кітабының рекордшысы және Қазақстанның алты дүркін рекорд­шысы Сергей Цырульник қатысушылардың арқан тарту, армрестлинг пен гір тасын көтеруден барын салып жатқаны қуант­қанын жеткізді. Ал жоба аясында жарысқа қатысуға мүмкіндік алған жазасын өтеуші С.Алексеевич (аты-жөні өзгертілді) арқан тарту сайысынан командаластарынаң суырылып алға шыққанын мақтаныш­пен жеткізді. «Арқан тарту сайысына қаты­сып жатырмын. Біздің командамыз ә-дегеннен қарсыластарын тізе бүктіріп, бірінші орынды қолдарынан жұлып алды. Шынын айтсам, мұндай жарыстарды тұрақты өткізіп тұрғанын қалаймыз. Бұл біздің ұжымдық рухымызды арттырып, бір-бірімізге қолдау білдіруге септігін тигізіп қана қоймай, өз денсаулығымызды нығайтуға да көп көмегін тидіретіні анық», – дейді ол. Оның командаласы Батыр (аты өзгертіліп берілді) «NS Жас Жігер» жоба­сын ұйымдастырушыларға алғысын жет­кізіп, өз тобының бабы мен бағы да қатар шапқаны үшін қуанышын жасыра алмады.
Ішкі істер министрлігі ҚАЖК N3 мекеме РММ Сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психология және тәрбие бөлімінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Ахмед Утелбаевтың айтуынша, спортқа қатысу командалық рухты арт­тырса, жарыс жеңімпаздарына арналған арнайы жүлделер мен бағалы сыйлықтар бұдан кейін де спортқа қатысуға ынта-жігерін оятып, салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізері анық. Шара соңында армрестлинг, арқан тарту және гір тасын көтеру бойынша спорт түрлерінен бағын сынап, басымдыққа ие болған жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Қатысушыларды жеңістері­мен құттықтап, жобаға қолдау білдіргендері үшін алғыстарын білдірген төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульник пен Street Workout Kazakhstan негізін қалау­шысы Айтым Жақыпов 56 қатысушыға ба­ғалы сыйлықтар мен дипломдарын та­быс етті.