Қаңғыбас иттен қауіп бар
Қаңғыбас иттен қауіп бар
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
691
оқылды
Атырауда көше кезген иттер­ден қауіп көп. Жыл басынан бері 139 адам ит қауып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Кішкентай Сафия осындай қаңғыбас иттерден зардап шеккендердің бірі. Бес жастағы бүлдіршінді ойнап жүрген жерінен ит қауып алды. Қаңғыбас ит бүлдіршіннің бетін тістеп алған. Оқиға Атырау қаласын­дағы Азаттық 153 мекенжайында болыпты.
«Бұл ит өткен жылдың қарашасында маған шабуыл жасаған еді. Ақыры, міне кішкентай жиенім зардап шегіп отыр. Ал итті қорғаушылар болса, қаңғыбас итті емес, Сафиямды кінәлі етіп қойды» деп жазды Әсем.
Статистика төртаяқтылардың көп жағ­дайда ойын баласына шабуыл жасайтынын көрсетіп отыр. Топ-тобымен қала көшелерінде емін-еркін ағылып жүретін қаңғыбас иттер күн суыта адамдарға шабуылдай бастайды.
«Шыны керек, күн қысқарып, түн ұзарған сайын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Балалар таңертең сабаққа кетеді. Мектеп бәрімізге бірдей жақын емес қой. Баланы үйден бір сағат бұрын шығарып жіберіп, аялдамаға жеткенге дейін 5-6 рет телефон соғып отырамын. Одан автобустан түсіп, мектепке барғанға дейін тағы 3-4 рет хабарласамын. Таңер­теңгілік ауысымда 1, 4-сыныптағы бала­ларым оқиды. Кейде қатты жаңбыр жауып, иә үскірік аяз болып жатса, көршілермен бірігіп, балаларды такси жалдап мектепке жібереміз. Мектеп үш ауысымдық болған­дықтан, түстен кейін оқитын қызым кеш­кілік жай шығады. Күннің қараңғысында қызымды күтіп алуға өзім барамын. Жасқа толмаған кішкентайымды мұндайда бас­тауыш сыныптағы ағалары қарап қалады. Әкелері отбасын асырау үшін үй көрмей, вахтамен жұмыс істейді. Үйде көп жағдайда кішкентай сәбиіммен өзім қалатындықтан, балаларды үнемі мектепке таси алмаймын. Шәуілдеп шапқылап жүрген иттерден қатты қорқамын. Қаңғыбас иттер мәселе­сін біржақты етпесе болмайды», – дейді көпбалалы ана Малика Мәлікқызы.
Мәселені біржақты ету дегеннен шы­ғады, қаланы көше кезген қаңғыбас иттер­ден тазалауда жергілікті билік қауқарсыз. 2020 жылға дейін Атырауда қаңғыбас ит­терді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келді. Бірақ кейін бұл істі Атыраудағы қалалық ветеринария бөліміне тапсыр­ғаннан кейін көше кезген иттерді атуға жануарларды қорғаймыз деп жүрген во­лонтерлер қарсы шықты. Сондықтан иттер қазір тек ауланады. Мердігер мекеме өкілі Мұқаш Жаба­сов­тың айтуынша, қауіптілік деңгейін анық­тау үшін ауланған иттер тесттен өткі­зіледі екен.
«Қауіпті болмаса жануарды кастрация жасап, құлағына сырғасын саламыз. Ішек құртын, бүргесін тазартып, құтыруға қарсы егеміз. Он күн бақылауда ұста­ғаннан кейін бұрынғы жеріне апарып қайта жібереміз. Қауіпті иттер оқшау­ланады», – дейді Мұқаш Жабасов.
Осы жұмыстарға бюджеттен 31 мил­лион теңге қаражат та бөлінген. Бірақ тұрғындардың дені иттерді аулап, бір-екі екпеден соң оларды босата салуға қарсы. Тіпті, осы қарсылықтарын ашық біл­діріп, шеруге шыққан атыраулықтар да бар.
«Балам оқитын мектептің жанында үнемі қаңғыбас иттер шәуілдеп жүреді. Бес-алтауы бірігіп алып, әрлі-берлі топ­тасып жүріп, ұлымның сыныптасын қауып алған еді. Содан бері баламның денсаулығы, өмірі үшін қорқамын. Қаңғыбас иттерді ату керек», – деді шеруге жиналған ана­лардың бірі Зухра Ильясова.
Бір өкініштісі, иттер екпе алғаннан кейін 100 пайыз қауіпсіз болады дегенге сену қиын. Өйткені иесі бар иттердің өзі ара-тұра адамға шабуыл жасайды. Әрине, қоғамға ізгілікті дәріптеген дұ­рыс. Бірақ иттерді қорғап, қоғамды ізгілен­діреміз деп жүргенде алаңсыз жүрген ойын баласының зардап шегіп жатқаны алаң­датады...

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы