Катар қызықтары: плей-офф
Катар қызықтары: плей-офф
530
оқылды
Катардағы құрамалар топтық кезеңнің есігін жауып, плей офф парағын ашты. Әрине, елді елең еткізген бірнеше кездесу өткені тағы бар. Футболдағы басты марапат үшін таласты ары қарай жалғайтын он алты команда да айқын. Осы орайда әр топтың аяқалысына тоқталуды жөн көр­дік. Топтық кезеңдегі күш-қуат А тобына келсек, Ниндерланды шаңы­на ешкімді ілестірген жоқ. Ешкім­нен жеңілмей, жеті ұпаймен плей офф кезеңіне өтті. Катар мен Сенегал құра­масын оңай ұтқанымен, Эквадормен тең ойнады. Бұл топтан алты ұпай жиған Сенегал командасы екінші орынмен ке­лесі кезеңге жолдама алды. Нидерландыға жол бергенімен, Катар мен Эквадордан айласын асырды. Осылайша, А тобының үздіктері плей оффта АҚШ пен Англия құрамасына қарсылас атанды. Ал В тобынан суырылып шыққандар А тобындағы қос мықтымен күш сына­сатыны белгілі. Сол сияқты В тобында Англия ӘЧ-ні ерекше деммен бастап, Иранды 6:2 есебімен жеңді. Артынша АҚШ-пен тең ойнағанымен, Уэльске мүмкіндік берген жоқ. Осы топ түзілгенде футбол сарапшылары АҚШ құрамасының деңгейі көтерілгенімен, Иранның бір асары бар екенін айтқан. Десе дегендей, алпауыт елдің тағдыры Иранмен өткен кездесуде шешілді. Өйткені мұның ал­дында бұл команда Уэльспен де, Англия­мен де тең тарқасқан. Сөйтіп, топта бес ұпай жинап, екінші орынмен плей офф кезеңіне өтті. Сенсация с әріпінен басталғаны ма, қызықтың көкесі С тобында өрбіді. Тур­нир фавориті есебіндегі Аргентина ал­ғаш­қы ойында Сауд Арабиясынан ұтыл­ды. «Үш ұпайды оңай қалтамызға сала­мыз» деп келген латынамерикалықтар то­сырқап қалды. Осыдан кейін турнирлік кес­тедегі орын түрленіп сала берді. Поль­ша мен Мексика тең тарқасып, Сауд Ара­биясы көш бастады. Аргентина болса Мексикамен матчта қайратына мініп, қажетті ұпайын түгендеді. Польша да Сауд Арабиясын оңай айналып өтті. Неде болса топтың тағдыры соңғы кезеңде шешілді. Аргентина Польшаны ұтып, Мексика Сауд Арабиясынан басым түсті. Сонымен, плей оффқа бірінші орынмен Аргентина өтті. Ал Польша мен Мексика бірдей төрт ұпайдан еншіледі. Ұпай саны, гол саны бірдей болғаннан, фэйр плей ережесіне сай, сары қағазы аз құрама келесі кезеңге жолдама алды. Ойыншы­лары жеті сары қағаз алған Мексика қапы қалып, бес сары қағазы бар Польша «қайдасың плей офф» деп тартып отырды. футбол Чемпионат басталмай тұрып, жан­күйер­лерді мундиаль магиясы орын­далып-орындалмайтыны қызықтырды. 2002 жылдан бері өткен ӘЧ-де топ жарған құрама топтан шыға алмай қалған еді. Бұл үрдіс 2018 жылғы мундиальға дейін жалғасты. Бірақ Д тобындағы Францияға сиқыр әсер етпейтіндей, шіркін. Тай­бурылдай таранып, Аустралия мен Да­ния­ны жолынан оңай ысырып, мер­зімінен бұрын 1/8 финалға өтті. Бірақ соң­ғы кезеңде Туниске ұтылып, кішігірім сенсация жасады. Екінші орынмен өткен кім десеңіз, ол – Аустралия. Иә, жасыл құрлықтан келгендерден ешкім мұндай нәтиже күтпеді. Көпшілік Данияны чемпионаттың «күрең жылқысы» деп, одан жоғары деңгей күтті. Алайда олар «сенген қойым сен болсаңға» салып, Ту­нис­пен ғана тең ойнап, қалған екеуіне жеңілді. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген Аустралия Дания мен Тунисті айналып өтіп, плей офф жолдамасына ие болды. Сергелдеңге салған он алты ойын Е тобына екпін қояйық. Өйткені Германия, Испания, Коста-Рика мен Жапония жұп атанған топта, ешкім немістер қалыс қалып, жапондар жарып шығады деп ойламаса керек-ті. Жапония алғашқы кездесуінде Германияны ұтып, Коста-Рикаға жол берді. Испания болса Коста-Риканы ірі есеппен ұтып, Гер­маниямен тең тарқасты. Плей офф кімге бұйырадыға келсек, испан құрамасы Жапониядан ұтылып, Германия Коста-Риканы жеңді. Бірақ бұл жеңіс немістерге жаққан жоқ. Өйткені олар екінші орынмен келесі кезеңге жеті доп айыр­масымен ұтқан күнде ғана шығатын еді. Ал Жапония бірінші орынмен плей оффқа өтті. Доп саны басымдығымен Испания екінші орынға тұрақтады. Осылайша, немістер турнирден тыс қалды. Осы тұста сарапшылар испан құ­ра­масын «айласын асырды» деп бағалады. Плей оффта Хорватиямен, ширек фи­налда Бразилиямен кездесуге «қорықты ма», кім білсін?! F тобындағы кездесулерді еске түсірсек, сарапшылардың әуелгі болжамы қайда қалды дерсіз. Бұл топта жеті ұпаймен Марокко құрамасы топ жарса, екінші орын Хорватияға бұйырды. Иә, аталған топта фавориттердің бірі саналған Бельгия бар еді. Олар Мароккодан ұтыл­ды, Хорватиямен тең ойнады, канадалық­тарды ұтты. Бірақ соңғы кездесуде Канада құрамасын ірі есеппен жеңгенде, келесі кезеңге ілігер еді. Дегенмен жолы бол­мады тіркесін дәп Бельгияға айтқандай. Өйткені соңғы матчта Лукаку төрт бірдей мүмкіндігін жіберіп алды. Ала доп бель­гия­лыққа бағынбады ма, әлде команда ішіндегі алауыздық әсер етті ме, олар ӘЧ-ні осы жерден аяқтады. Ал Марокко мен Хорватия плей оффқа өтті. футбол Бразилия, Камерун, Сербия мен Швейцария G тобында бас қосты. Сөзсіз, Бразилия алты ұпаймен келесі қадамын жасады. Тек Камеруннан ұтылып қалғаны кішігірім сенсация есебінде тіркелді. Ал екінші орынның тағдыры Сербия-Швейцария арасындағы матчта шешілді. Өйткені екеуіне де жеңіс керек, ал қос құраманың тең ойнағаны Камерун үшін тиімді еді. Айтса-айтқандай, сербтер мен шведтер тартысты кездесу өткізіп, екеуара бес гол соқты. Шакири бастаған жігіттер намысқа тырысып, Шевейцария халқын келесі кезеңге алып шықты. H тобындағы драма Уругвай жігіттері­нің көз жасымен аяқталды. Бұл топта Португалия алты ұпаймен алшаң басты. Оңтүстік Корея құрамасы болса Уругвай­мен тең ойнап, Ганадан жеңілгенімен, соңғы айналымда Португалияны ұтып, плей оффқа тура тартты. Қызығы, Уругвай Гананы жеңіп, Португалиядан ұтылып, Оңтүстік Кореямен тең ойнаса да, топтан шыға алмады. Байқасаңыз, Уругвай мен Оңтүстік Кореяның жинаған ұпайы бірдей. Бірақ кореялықтар соққан гол саны бойынша латынамерикалық­тарды шаң қаптырып кетті. Айталық, 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өткен топтық кезең нәтижесі осындай. Әне-міне дегенше, плей офф кезеңі басталып кетті. Ниндерланды АҚШ-тан басым түсіп, Сенегал Англияға жол берді. Аргентина Австралияны ұтып, Польша Франциядан жеңілді. Енді көп­шілікті Жапония–Хорватия, Испа­ния–Марокко, Бразилия–Оңтүстік Корея, Швейцария–Португалия ойыны күтеді. Үш кезеңді артқа тастасақ, төртжылдықты түйіндер бәсекенің жеңімпазын анық­таймыз. VAR жүйесі енгізілген алғашқы әлем чемпионаты болғаннан, кей шешім­ді жанкүйерлер түсінбей әлек. «VAR футболға әділдік алып келгенімен, эмо­цияны өлтірді» деп түйгендер жетерлік. Дегенмен әділдік салтанат құрған жерде шын мықтыны анықтау оңай емес пе?!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ