Көкшетауда жаңажылдық шырша мен мұз қалашығын салуға 44 миллион теңге жұмсалмақ. Қазір қаланың орталық алаңында шырша орнатуды бастап кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһарда Жаңа жыл мерекесіне әкімдік Абылай хан алаңында бас шырша, бес сырғанақ төбешік, ертегі кейіпкерлерінің мұздан ойылған мүсіндері мен қалашық қабырғасын орнатуды жоспарлаған. Мұнымен қоса жаңажылдық шырша мен үш бірдей сырғанақ төбешік Болашақ сарайы алаңында және тағы екеуі Застанционный шағынауданында пайда болмақ. Қалада мұнымен қоса мерекелік безендіру үшін 300 кронштейндер орнатылмақ.
– Техникалық сипаттамаға сәйкес, жұмыс 10 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс болған. Алайда 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесінің тойлануына байланысты бас шыршаның шамын жағу желтоқсанның үшінші он күндігіне белгіленіп отыр, – дейді әкімдіктің баспасөз қызметінен.Шаһарда, сондай-ақ «Көкше Тазалық» және «Зерен плюс-2006» мердігер ұйымдармен ПИК-тер мен МИБ (мүлік иелері бірлестігі) өтінімдері бойынша аулаларда сырғанақ төбешік орнатылмақ. Өтінімді қала әкімдігінің ресми парағы мен ТҮКШ бөлімінде 8(7162)72-1961 және 25-19-26 телефондары арқылы беруге болады. Ведомствоның мәліметінше, барлық жаңажылдық безендіру, шырша мен мұз қалашықтарын салуға ҚҚС-ты қосқанда 44 миллион теңге бөлінген.
Ақмола облысы