Халықтың үні қайдан шығады?
Халықтың үні қайдан шығады?
228
оқылды
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымда­ма­сының түпкі мәні – қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дар­дың мұң-мұқтажына жедел назар аудару. Осы орай­да құзырлы орындар әлеуметтік желідегі әңгімелерге назар аударады. Президент Жолдауында қозғалған мә­селелерге, жыл басында қабылданған кейбір заңдар­ға қарасақ, билік тек Facebook қолданушыларының көңілін аулап отырған сияқты. Мысалы, күні кеше табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұр­ғалиевті өлтірген үш браконьер өмір бойына сотталды. Сөз жоқ, қатал жаза. Алайда қорықшының қазасы әлеуметтік желіні шулат­паса, киіктің құралайына елжірей қарап тұрған фотосуреті жаппай таралмаса, мұндай үкім шығар ма еді? Браконьерлік туралы заңға өзгеріс енер ме еді? Әй, қайдам... Биылдан бастап педофилия, есірткі жарнамасы, адам саудасы, мас күйде көлік жүргізу, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды қылмыстардың жазасы да қатайтылды. Шын­туай­тында, мұның бәрі – Facebook қолданушылары әбден тал­қы­лап, иін қандырып илеп, таптаурын қылған тақырыптар. Оны қойшы, былтыр астана­дағы бес баланың ажалы әлеу­мет­тік желінің бас тақырыбына ай­налды. Қабырғасы қайысқан ха­лық министр Мәдина Әбілқа­сы­мованың қызметтен кетуін талап етті. Көп ұзамай Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев тұтас Үкіметті отставкаға жіберді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы аналар мәселесі ашық айтыла бастады. Әр жерде әйелдер бас көтерген үлкен жиындар өтті. Ақыры әлеуметтік көмектің көлемі ұлғайды. Жалпы, шенеуніктер қоғам­дық пікірді Facebook арқылы анық­тайтын әдіске селкеусіз се­нетін секілді. Дұрыс, кабинеттен шықпай, артық ақша жұмсамай, арзан мониторинг жасаған жақ­сы-ақ. Бірақ желіде желдей ескен сөздің бәрін айна-қатесіз ақиқат деп қабылдауға бола ма?
Дәстүрлі социологияда қоғам­дық зерттеулер face to face қағи­даты бойынша жүргізіледі. Яғни, ма­мандар әр адамға бетпе-бет сұрақ қояды. Респондент жауап нұс­қаларын таңдағанда ешкімнің еркіне бағынбайды. Ал әлеуметтік желіде басқа факторлармен сана­сады. «Көп айтса, көнді, жұрт айт­­са, болды» дегендей, өз бе­тін­ше ойланудан тартынады. Елден ерекше пікірі барлар оны­сын ашық білдірмейді, айнала­сы­нан бәле іздеп, әлекедей жаланған әлдебір қызылкөздер талап тастай ма деп қорқады. Әлеуметтік желі­нің БАҚ-тан тағы бір айырмасы – аузы дуа­лы блогерлер оқиғаны хабар­лау­мен шектелмей, ол оқи­ғаға байла­нысты өз пікірін өзгелерге таңады.
Демек, Facebook шындығы мен өмір шындығы – екі бөлек құбылыстар. Әлеуметтік желінің өз заңдары, өз құндылықтары бар. Ондағы жұрттың көбі «мен өмірде басқамын, ғаламторда мүлде басқамын» деген қағиданы ұстанады. Жазғанына жауап бер­мейтін, сөзі мен ісі алшақ жа­татын, әліптің артын баға алмай, дауға ілесіп кететін, эмоцияға салынатын адамдардың қарасы қалың. Мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп жүрсе де, әлеуметтік желіде аты-жөнін жасырып, бөгде адамның немесе хайуанның фотосын қойып, биліктің атына сын айтып отыратын азаматтар барын ескерсек, мәселенің мәні ашыла түседі. Әлбетте, әлеуметтік желі – үлкен күш. Смартфондар саты­лымына қарап-ақ оның болаша­ғын болжауға болады. 2018 жылы АҚШ-та тарихта бірінші рет те­леарналардағы жарнамадан гөрі интернеттегі жарнамаға молырақ қаржы жұмсалған екен. Қазір же­лідегі танымал блогерлердің ауди­ториясы дәстүрлі БАҚ-тың ауди­ториясын он орайтын дең­гейге жеткен. Бірнеше мұсылман мем­лекетінің шаңырағын орта­сына түсіріп, шат-шәлекейін шығарған «Араб көктемі» де Facebook-та басталғаны мәлім. Қазақстанда да қаламы жүйрік, ойы орнықты тұлғалар сонда тіркелген. Олардың артында, әрине жүздеген, мың­даған адам тұр. Сондықтан билік олармен санасуға мәжбүр. Әйтсе де, «Рейтер» агенттігінің соңғы зерттеуі бойынша дамыған елдерде әлеуметтік желіге қара­ғанда БАҚ-тағы ақпаратқа сенім арту көрсеткіші 1-2 пайыз өсіпті. Яғни, әлеуметтік желінің беделі төмендей бастаған, себебі желі фейк ақпараттар салуға таптыр­мас алаңға айналған.
BRIF Research Group компа­ниясының былтырғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда 4 млн-ға жуық адам әлеуметтік желіге тір­келген. Оны басым көпшілігі хат алмасу және көңіл көтеру мақса­тында пайдаланады. Алғашқы үш­тікте – WhatsApp, Instagram және Вконтакте. Аса ықпалды саналатын, саясиланған Face­book-ті 4 млн тұрғынның 20 па­йызы қолданады. 20 пайыз қазақ­стандықтың 8 пайызы ғана онда күн сайын кіреді. Сонда дейміз-ау, біздің Үкімет халық үні дегенді Facebook-тегі ат төбеліндей топ­тың үні деп ұға ма?
Шыны керек, бұқаралық ақпарат құралдарының батылы бармайтын көкейкесті мәселелер, көптің көңілін күпті еткен түйт­кіл­ді жайттар осында кеңінен қамтылып, жан-жақты сарапқа салынады. Алайда талай сынал­ған, кейде келемеж болған ми­нистрлер, әкімдер, өзге де ше­неу­ніктер әлі биік мінберден түскен жоқ. Соған қарағанда әлеуметтік желінің әлеуетін кейде асыра мақтаймыз-ау... Рас, Мемлекет басшысы кей­бір маңызды шешімдерін жеке парақшасында жариялайды. Бас­шының қас-қабағына құбыладай құлайтын шенеуніктер содан кейін интернетке лап қойды; ке­зек-кезек парақшаларын ашып, халыққа достық ұсынды. Әрине, бәрі дұрыс, бәрі орын­ды. Тек әлеуметтік желінің сыр­тында да қарақұрым қазақ барын, интернеттің иісін сезбеген жүзде­ген ауыл барын ұмытпайық.   Еркебұлан НҰРЕКЕШ