Арықтаймын деп ажал құшты
Арықтаймын деп ажал құшты
Медицинасы озық Америкада шарбы майын сорып алу бойынша әр 5 мың операцияның біреуі өліммен аяқталады. Салдарынан жыл сайын АҚШ-та шамамен 75 әйел жантәсілім етеді. Қазақстанда ондай ста­тистика жоқ. Алматыда липосакциядан төрт баланың анасы қаза тапқаны туралы дерек қоғамды дүр сілкін­діріп, пікірталас туғызды.  36 жасар әйел пластикалық хирургия клиникасы қызметіне жүгінген. Полиция департа­мен­ті­нің мәліметінше, Алматы қала­сы тергеу басқармасы оның өлі­міне қатысты тергеу шараларын жүргізуде. «Сотқа дейінгі тергеп-тексе­рудің бірыңғай тізілімінде бұл іс Қылмыстық кодекстің «Меди­цина немесе фармацевтика жұ­мыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» жөніндегі 317-бабы бойынша тіркелді. Сот-медицина сараптамасы тағайын­далды. Адам өлімінің себебін сол анықтайды. Алдын ала нұсқа бо­йынша, өлім медицина қыз­мет­керлерінің кәсіби міндет­те­мелерін лайықты орындамауы салдарынан болуы ықтимал», – дейді полиция. Ал алматылық тәуелсіз сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров майдан арылудың осы түрінен бас тартуға шақырды. БАҚ хабарлауынша, ол соңғы бір жыл ішінде майдан арылту про­цедурасынан кейін дүние салған төрт әйелдің мүрдесіне сот-ме­дициналық сараптама жүргізіп­ті. Т.Халимназаров олардың бі­реуі – көктемде, екеуі – былтырғы күзде, біреуі – бірнеше күн бұрын өлгенін хабарлады. Барлығы жас кетіпті.
«Төрт күн бұрын менің тексе­руіме омырауы мен белі аумағына липосакция жасатқан ананың мүрдесі берілді. Жап-жас әйелдің осылай мерт болғаны өте өкі­ніш­ті, ол туыс-туғанын, балаларын қуантып, қаншама жыл өмір сү­ретін еді. Тәуекелді процедураға бел бууы салдарынан опат бол­ды», – дейді Алматы Сот сарап­шы­лары палатасы басшысының орынбасары Тахир Халимназаров.
Ол жүйелі жолға қойылған осы операция пациенттердің өмі­ріне үлкен қауіп төндіретініне сенімді. Өйткені липосакция соңы «май эмболиясына» душар етуі мүмкін. Сараптама жүргізу кезінде барлық құрбандардың өкпесі мен ми тамырларынан май тамшылары табылған. «Операция барысында тері астының ұлпа қабығына арнайы зонд енгізіледі. Сол арқылы май­ды ерітетін дәрі құйылады. Содан соң май сорып алынады. Осы кез­де қан тамырларына зақым келіп, үзіледі. Соның кесірінен май тамшылары күретамырға енеді. Ұсақ тамырларда 50 грам­нан артық май жиналса, адам өміріне қауіп төнеді. Ешқандай да реанимация  көмектеспейді. Тіпті пациент аман қалғанның өзінде мүгедекке айналу қаупі бар», – дейді сот-медицина са­рап­шысы. Кейінгі уақытта тиісті жаб­дықтары жоқ жеке клиникалар да, косметикалық орталықтар да липосакция жасай бастайды. «Әсіресе, 8 наурыз мерекесі қарсаңында көптеген нәзік бол­мыс иесі бой түзеп алуға тыры­сады. Әдемілікке ұмтылған жақ­с­ы, бірақ басты бәйгеге тігуге бол­майды. Көптеген адам жарна­маға сеніп, майдан осы жолмен арылуды оңай көреді. Шынында, бұл өте күрделі операция, онымен тек жоғары білікті дәрігерлер ғана айналысуы тиіс. Медицина және косметология орталықтарының көбеюі нәтижесінде бұл операция тым қолжетімді болып кетті» де­ген Т.Халимназаров липосак­ция­ға негізінен, 300 келіден артық салмағы бар сырқаттар ғана жү­гінгені жөн дейді. Ал өзге адамдар диета, саламатты өмір салты, спорт арқасында артық салмақтан арыла алады. Мамандар сорып алынған май уақыт өте қайта толатынын ескертеді. Нарықта «липосак­цияның ең заманауи ультра­ды­быстық әдісі» жарнамалануда. Хирург тері астына түтікше ты­ғып, майды ультрадыбыспен «ұсақ­тайды» және жартылай ері­ген күйде сыртқа шығарады. Әйт­се де, бәрібір қауіп бар.   Елдос СЕНБАЙ