«AМANAT»-тың араласуымен азаматтығын алды
«AМANAT»-тың араласуымен азаматтығын алды
322
оқылды
Бүгінде «AМANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінетін адамдардың қарасы қалың. Барар жер, басар тауы қалмаған ха­лық­­тың базынасына басу айтып, түйінді түйткілдерін шешіп беруде жетекші пар­­тия көпке үлгі көрсетіп жатыр. Мәселен, партия Жамбыл облыстық фи­­­лиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішін айтып келген Асан­баев­тар әулетінің алты айдан бері ала алмай келе жатқан азаматтығын пар­­тия бірер күнде оңтайлы шешіп берген. Жасыратынын жоқ, «AМANAT» пар­тия­сы халық пен билік арасындағы алтын кө­­пірге айналып, құзырлы мемлекеттік ор­­гандар мен мекемелерден шешімін тап­паған талай түйткілдің түйінін тарқатуда. Жуыр­да партия Жамбыл облыстық фи­лиа­лының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 6 айдан бері азаматтық ала алмай жүрген Нұр­бек Асанбаев өтініш айтып келеді. Та­раз қаласына Өзбекстан мемлекетінен кө­шіп келген қандасымыз Полиция де­пар­таменті Көші-қон қызметі басқармасы мен Халыққа қызмет көрсету орталы­ғы­ның есігін қағып, табалдырығын тоздыр­ға­­­нымен ел азаматтығын ала алмапты. Аза­маттық ала алмаған соң тұрақты жұ­мыс­қа да ешкім қабылдамаған. Жігері жы­­­ғылып, салы суға кеткен Нұрбекке осы тұс­та таныстары «AМANAT» партиясы Жам­был облыстық филиалынан көмек сұрау­ға кеңес береді.
– Шынымды айтсам, партия облыс­тық филиалына бірінші рет келуім емес. Осыған дейін балаларымды мектепке ор­на­ластыруда қиындықтар туып, алайда пар­тия өкілдері облыс орталығындағы №36 орта мектепке қабылдатқан еді. Де­ген­мен азаматтық алу бойынша өтініш айту ойымызға келмепті. Танысымыз айт­қан соң бірден келдік. Алты ай құр сан­­далғанымызды ойласам жаным ауыра­ды. Осы аралықта шешілмеген мәселеміз бір аптаға жетпейтін уақытта шешілді. Ен­ді менің отбасым осы елдің толыққанды аза­маты, – дейді қуанышы қойнына сый­маған Нұрбек Асанов.
Бүгінгі күні Нұрбек жары Алтынай екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Екеуінің де ор­та арнаулы білімі болса да азаматтық­тары болмағандықтан әр жерде жалданып жұ­мыс істеп келген. «Елім, жерім» деп кел­ген қандастарымыздың ендігі мақсаты тұрақ­ты жұмысқа орналасу болса, бұл мә­се­ле бойынша да «AМANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қол ұшын созу­да.
– Нұрбек Асанов пен жары Алтынай Қуанова бізге өтініштерімен келді. Шыны ке­рек, әбден әбігерге түскен екен. Біз бір­ден құзырлы орган өкілдеріне хабарласып, мә­селелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал еттік. Енді бұл кісілер тұрақты жұмысқа ор­наласу бойынша өтініш тастап, өтініш ая­сында қалалық жұмыспен қамту орта­лы­ғының мамандарына ұсыныспен шық­тық. Аталған мекеме бірнеше жұмыс орын­дарын ұсынып отыр. Қай жаққа ор­наласатынын өздері шешетін болады. Осы­лайша, бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр, – дейді «AМANAT» партиясы Жам­был облыстық филиалы қоғамдық қа­былдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт­бала Ибраимова.
Осылайша, бүтіндей бір отбасының бір­неше мәселесі бір сәтте шешілуде. Бұл әрине, партия пәрмені мен қоғамдық қабыл­­­­­дау бөлмесінің ықпалы екені анық. Аталған бөлмеге жыл басынан бері 3 622 өтініш түссе, оның 55 пайызы оң шешімін тап­қан. Мұндай жүйелі жұмыс халықтың пар­тияға деген сенімін еселей арт­тыра­тыны тағы анық.

Жамбыл облысы