Бүгінде «AМANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінетін адамдардың қарасы қалың. Барар жер, басар тауы қалмаған халықтың базынасына басу айтып, түйінді түйткілдерін шешіп беруде жетекші партия көпке үлгі көрсетіп жатыр. Мәселен, партия Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішін айтып келген Асанбаевтар әулетінің алты айдан бері ала алмай келе жатқан азаматтығын партия бірер күнде оңтайлы шешіп берген. Жасыратынын жоқ, «AМANAT» партиясы халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, құзырлы мемлекеттік органдар мен мекемелерден шешімін таппаған талай түйткілдің түйінін тарқатуда. Жуырда партия Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 6 айдан бері азаматтық ала алмай жүрген Нұрбек Асанбаев өтініш айтып келеді. Тараз қаласына Өзбекстан мемлекетінен көшіп келген қандасымыз Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының есігін қағып, табалдырығын тоздырғанымен ел азаматтығын ала алмапты. Азаматтық ала алмаған соң тұрақты жұмысқа да ешкім қабылдамаған. Жігері жығылып, салы суға кеткен Нұрбекке осы тұста таныстары «AМANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалынан көмек сұрауға кеңес береді.
– Шынымды айтсам, партия облыстық филиалына бірінші рет келуім емес. Осыған дейін балаларымды мектепке орналастыруда қиындықтар туып, алайда партия өкілдері облыс орталығындағы №36 орта мектепке қабылдатқан еді. Дегенмен азаматтық алу бойынша өтініш айту ойымызға келмепті. Танысымыз айтқан соң бірден келдік. Алты ай құр сандалғанымызды ойласам жаным ауырады. Осы аралықта шешілмеген мәселеміз бір аптаға жетпейтін уақытта шешілді. Енді менің отбасым осы елдің толыққанды азаматы, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Нұрбек Асанов.Бүгінгі күні Нұрбек жары Алтынай екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Екеуінің де орта арнаулы білімі болса да азаматтықтары болмағандықтан әр жерде жалданып жұмыс істеп келген. «Елім, жерім» деп келген қандастарымыздың ендігі мақсаты тұрақты жұмысқа орналасу болса, бұл мәселе бойынша да «AМANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қол ұшын созуда.
– Нұрбек Асанов пен жары Алтынай Қуанова бізге өтініштерімен келді. Шыны керек, әбден әбігерге түскен екен. Біз бірден құзырлы орган өкілдеріне хабарласып, мәселелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал еттік. Енді бұл кісілер тұрақты жұмысқа орналасу бойынша өтініш тастап, өтініш аясында қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарына ұсыныспен шықтық. Аталған мекеме бірнеше жұмыс орындарын ұсынып отыр. Қай жаққа орналасатынын өздері шешетін болады. Осылайша, бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр, – дейді «AМANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үмітбала Ибраимова.Осылайша, бүтіндей бір отбасының бірнеше мәселесі бір сәтте шешілуде. Бұл әрине, партия пәрмені мен қоғамдық қабылдау бөлмесінің ықпалы екені анық. Аталған бөлмеге жыл басынан бері 3 622 өтініш түссе, оның 55 пайызы оң шешімін тапқан. Мұндай жүйелі жұмыс халықтың партияға деген сенімін еселей арттыратыны тағы анық.
Жамбыл облысы