Алматыда «Еуразия» XVI халықаралық кинофестивалі өтеді. Биыл бұл кинофестиваль екі байқауды қамтиды. Кинотуындылар соңғы 1 жылда Еуразия құрлығында түсірілген фильм және 2021-2022 жылдары шығарылған отандық толықметражды фильмдер санаттары бойынша сынға түседі. Бұл фестиваль – еліміздегі ең ірі және беделді кинофорум, оны халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары Федерациясы аккредиттеген. Ұлыбританияның беделді International Film Guide басылымы «Еуразияны» әлемдегі жетекші 35 кинофестиваль тізіміне енгізді. Кино көрсетілімдері Kinopark 16 кинотеатрында (форум СОО) өтеді. Фестивальдың бағдарламалық директоры, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікееваның айтуынша, фестиваль өткізу дәстүрі қалыптасқан сәттен бастап, осы фестивальда жарқырай көрінген қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасқан. Биылғы фестивальға отандық туындыларға арналған арнайы байқау енген. Сондай-ақ Work-In-Progress бағдарламасы аясында әне-міне экранға шығатын отандық кинотуындылардың таныстырылымы өтеді. Фестиваль «Үздік фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Ерлер рөлін үздік орындау», «Әйел рөлін үздік орындау» аталымы бойынша үздіктерді анықтайды. Сонымен қатар лайықты туындылар мен шығармашылық ұжымға қазылар алқасының арнайы сыйлығы табысталмақ.