Қиялдан қиянға самғаған пенде
Қиялдан қиянға самғаған пенде
725
оқылды
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығына арналған «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең...» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітаптың авторы – Ақпарат саласының үздігі,өнертану ғылымдарының магистрі, театртанушы-журналист Назерке Жұмабай. Биыл елордалық Жастар театры қос бірдей қуанышты атап өтуде. Театрдың 15 жыл­дығы мен көркемдік жетекшісі Нұр­қанат Жақыпбайдың 75 жылдық мерей­тойы қатар тойланды. Жастар театры – сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жасампаз өнер орда­ларының бірі. Өзінің небәрі 15 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 14 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлап, өнер кеңістігінде дара жолымен танылып келеді. Ал аталған кітап Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақып­бай­дың шығармашылық жолы мен ұлттық өнерге сіңірген еңбегін зерделуге һәм адами болмысын, тұлға табиғатын терең­нен тануға арналған. Зерттеу еңбекте өнер иесінің тыңнан түрен салып Арқа төрінен Жастар театрын ашуы және оны небәрі 15 жыл ішінде соны сүрлеуге түсіріп, ұлттық театр өнеріне жаңашыл леп әкелген қайраткерлік еңбегі де кеңінен баяндалады. Кітаптың тұсаукесер кешін Мәжіліс депу­таты Жанарбек Әшімжан жүргізді. Сондай-ақ Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Phd докторы Асхат Маемиров Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығы жайында мазмұнды баяндама жасады.
– Нұрқанат Жақыпбай – өзіндік әдіс­темесі бар жаңашыл режиссер. Біз Ресей­дегі Фоменко шеберханасын білеміз, онда оның шәкірттері ғана сахнада қызмет етеді. Сондай-ақ Санкт-Петерборда ша­ғын драма театры бар, онда Лев Додиннің әр жылдары дәріс алған студенттері ғана ойнайды. Қарап отырып сол студиялық атмосфераны бірден сезіну өте жақсы. Орыс театры кеңістігінде мектеп-студия-театр деген ұғым бар. Бізде де қолданысқа енуде. Оны енгізіп жатқан тұлға – Нұрқанат Жақыпбай. Бұл – оның төл шәкірттері және біздің үмітімізді ақтайтын экспери­менттік, зертханалық жұмыстары, – деді Асхат Маемиров.
Кеш еркін форматта өтті. Жиналған оқыр­мандарға Жастар театрының актер­лері өз өнерлерін көрсетті.