Лифт шаруашылығына жаңа леп керек
Лифт шаруашылығына жаңа леп керек
365
оқылды
Қазақта «Сақтансаң, сақтайды» деген аталы сөз бар. Әйтсе де, елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық са­­ласына тағы бір нәубет төніп келе жатқанға ұқсай­ды. Рес­публикада соңғы жылдары лифтілердің құлау оқи­­ғалары жиіледі. Сонымен қатар апатты жағдайға жет­кен же­делсатылардың саны да күрт артты. Оларды ауыс­­тыру­дың тетігі ретінде қарастырылған «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру тоқтатылды. Осы орайда көп­­қабатты тұрғындар тарапынан «Бұл саланың ендігі ахуа­лы қалай болады?», «Елдегі апатты жағдайдағы құрыл­­­ғылардың жалпы саны қанша?», «Олар неге жиі құ­лай­­­ды?» деген сауалдардың туындауы заңды. Көтергіштен құлатқышқа айналды Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі көпқабатты тұрғын үй­лерде орнатылған лифтілердің жалпы саны 2022 жылы 19 581-ге жетті. Соның ішінде 4 231-інің пайдаланылғанына 25 жылдан ас­қан. Олардың жағдайы мәз емес. Әрбір жеделсатының пай­далану мерзімі – 25 жыл, содан соң оны толығымен алмастыру қа­жет. Ал біздегі тұрғын үйлерде әзер қозғалып жүрген көне лифт көп. Олардың мыңдағаны құлау алдында тұруы ықтимал. Жал­пы алғанда, республикада жеделсатыларға қызмет көр­сетуші 130 компания бар. Астанадағы 5 368 лифтінің 73-і жедел ауыстыруды талап етеді. Бірақ бұл ресми сан шындық ауылынан алыстау сияқты. Себебі елорданың өзінде лифтісі жиі тоқтап қалатын жаңа үйлер жетерлік. Ең ауыр жағдай Павлодар облысында көрінеді: жалпы саны 1 867 лифт болса, соның 1 132-сі ширек ғасырдан бері қол­данылып келеді. Одан кейін Қарағанды облысындағы жағдай үрейлендіреді: 1 341 лифтінің 852-сінің қолданыс мерзімі өтіп кетсе де, әлі күнге тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Үштікті түйіндейтін Шығыс Қазақстан облысында да ахуал алаңдатады: 1 612 құрылғының 405-сі ұзақ уақыттан бері қолданылғандықтан, шұғыл жаңартуды қажетсінеді. Еліміздегі ең ірі әрі ауқатты мегапо­лис­тің де жағдайы оңып тұрған жоқ: Алматыдағы көппәтерлі үйлерде тұрған 5 400 жеделсатының 370-і апатты жағ­дайда. 2022 жылғы 30 қарашада Алма­тыдағы жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешенінде лифт құлап, бір адам қаза тапты. 4 қарашада Петропавлдағы көпқа­батты үйде лифт құлап, бір адам қаза тапты. Құрылғының тросы үзіліп кеткен. 7 қыркүйекте бас қаладағы «Керемет» қоғамдық монша кешенінде адамдар отырған лифт салмаққа шыдай алмай, төменге құлағаны белгілі болды. Оқиға куә­гері Ерғали Әбішев сол сәтте түсі­рілген бейнероликті әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, пікір қалдырды.
«Оның тым биіктен құламағаны жақ­сы болды. Биіктік шамамен 5-6 метр еді. Құзырлы органдардан аталған лифтіге қызмет көрсетуге жауаптылардың бәрін қылмыстық жауапқа тартуды талап ете­міз! Лайықты жазаға тартпаса, тиісті қадағалау да болмайды, демек, міндетті түрде адамдар жазым болады! Лифтінің жүк көтеру қабілеті 800 келі, 10 адам деп жазып қойылған. Ал төтенше оқиға болғанда оның ішінде тек сегіз адам болды, олардың жиынтықты салмағы 553 келі ғана» деп жазды елорда тұрғыны. Оның алдында, биылғы тамызда Астанадағы көпқабатты үйде жеделсаты үшінші қабаттан құлап түскен. «1 тамызда елордалық құтқарушылар Күйші Дина, 31 мекенжайындағы тұрғын үйде төтенше оқиға болғаны туралы хабар алып, ат­танды. Оқиға орнына жеткен құтқару­шылар лифтінің үшінші қабаттан үзіліп құлағанын анықтады. Оның ішіндегі екі зардап шегуші құтқарушылар келгенше, өз бетінше сыртқа шықты» деп хабар­лады елордалық құтқарушылар.
Биылғы 29 маусымда Алматыда тосын оқиға тіркелді. «Mega Towers» тұрғын үй кешенінде істен шыққан жедел саты 25 қабатты ғимараттың төбесіне соғылып бір-ақ тоқтаған. Өкінішке қарай, лифті­лерге қызмет көрсетуші фирмалар да, ақаулы құрылғы орнатқан құрылыс ком­паниялары да жазаға тартыла бермейді. Лифт орнатуды кім көрінген кәсіп етеді Соңғы төрт жылда, яғни 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстанда жедел­сатыларға қатысты оқиғаларда онға жуық адам қаза тапқан, одан да көбі жараланған. Ал егер тұрғын үйлердегі әбден көнерген 5 мыңдай құрылғының бәрі құласа не болады? Елестетудің өзі қорқынышты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифт секілді қауіпті техникалық құрылғылардың техникалық ақаулары салдарынан өлім-жітіммен аяқталған апаттар, жазатайым оқиғалар саны өскенін растады. Ведомствоның дерегінше, 2017-2019 жылдар аралығында Астанада ғана лифтілер, эскалатор­лар, фуникулерлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштерде 40-тан астам оқыс оқиға болған. Павлодарда 63 оқиға тіркелді. Адамдар зардап шеккен ұқсас оқиғалар кейінгі жылдары Алматы, Ақтөбе, Атырау, Лисаков және бас­қа­ларында болған. Мұндай оқиғалар тек көбейе беруі ықтимал. Сондықтан азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін министрлік лифт орнату қызметтері нарығында рұқ­сат беру рәсімін енгізуді ұсынды. Әйт­песе, ИИДМ мәліметінше, осы қауіпті техникалық құрылғыларды техникалық куәландырумен де, сондай-ақ оларға тех­никалық қызмет көрсетумен де кез­дейсоқ заңды тұлғалар, жеке кәсіпкер­ліктер, тіпті жеке тұлғалар айналыса береді. Құрылыс компаниялары немесе тапсырыс берушілер олардың арасынан ең арзан баға ұсынатынын таңдайды, ал оны орындаушының білікті мамандары, өндірістік базасы болмауы мүмкін. Со­рақысы сол, апат бола қалған жағдайда, ондай қызмет көрсетушілердің апаттық қызметі, ақауларды жедел жоюға қажетті жабдықтары мен қосалқы бөлшектері, жабық лифт ішінен жолаушыларды құтқарушы күш-құралдары болмай шығады. Сол себепті министрліктің баста­ма­сымен саланы ретке келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Лифт саласындағы нарықтың барлық қатысушысына – өндірумен, орнатумен, қызмет көрсету­мен айналысатындарға біліктілік та­лаптары заң жүзінде орнатылуы тиіс. Олар уәкілетті органның рұқсатымен ғана жұмыс істей алуы қажет. Мұның бәрі қолданыстағы заңнаманы түбегейлі өзгертуді талап етеді. Себебі бұрынғы билік тұсында Үкімет бұл саланы рұқсат беруден хабарлама тәртібіне көшіріпті. Салдарынан кез келген адам қолында еш құралы болмаса да, Кореядан, Қы­тайдан не Беларусьтен лифт сатып әкеліп, оны сатумен шектелмей, соған қызмет көрсететін фирма ашып, көзбояу­шы­лықпен айналысқан. Тек уәкілетті ор­ганға қызметімді бастадым деп хабарлама жіберсе болғаны. Ары қарай не істеп, не бүлдіріп жатқанын ешкім тексермейді, өзі би, өзі қожа. Ал егер заң қатаңдатылса, онда заң бұзған, біліктілік талаптарына сай келмей, аттестат ала алмаған компа­ниялар лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждау, жөндеу, тех­никалық диагностикалау, техникалық қызмет көрсету, техникалық куәландыру бойынша жұмыстарды жүргізу құқы­ғынан айырылады. Бұған қоса, оларды тұтынушылар, тапсырыс берушілер келісімшарт міндеттерін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тарта алады. Саланың бағын бағдарлама аша ма? Мамандардың айтуынша, сырттағы желдің екпіні секундына 19 метрден асса, тоқтап қалатын жеделсатылар бар екен. Бұл параметр зауыт тарапынан бекітілуі мүмкін. Қыс пен жазда ауа температурасы 90 градусқа құбылатын (қыста -45, жазда + 45) солтүстік, орталық өңірлерімізде ондай қарқынды желдер жиі кездеседі, олай болса, лифт таңдауда мұқият болған абзал. Ұлттық лифтшілер қауымдастығы­ның президенті Ержан Игібаевтың түсін­діруінше, 2014 жылдан бері Қазақстанда лифтке қызмет көрсетуші ком­па­ния­лардың қызметі лицензияланбайды. Салдарынан салада біліктілік талап­тарына сәйкес келмейтін компаниялар көбейді. Білікті компания қызмет көрсететін жеделсатының ішінде біріншіден, жұмыс істейтін диспетчерді шақыру нүктесі болуы шарт. Екіншіден, апаттық қыз­меттің телефондары көрсетілуі тиіс. Үшіншіден, онда эксплуатациялау ере­желері егжей-тегжейлі жазылған тақ­тайша ілініп тұруы қажет. Төртіншіден, лифтінің жыл сайынғы техникалық тексеруден өткені туралы қорытынды болғаны жөн. Оның нәтижелері лифт төл­құжатында жазылады. Қос құжат та пәтер иелері кооперативінің немесе мү­лік иелері бірлестігінің төрағасына табысталады. Кез келген тұрғын оны сұ­ратып, танысуға құқылы. Бұдан бөлек, құрылғыға ай сайын тексеріс жүргізіліп тұруы шарт. Оның барысында машиналық бөлімнің, элек­трониканың, жүкшығыр, тростардың және басқасының жай-күйі қаралады. Темір арқандары шіріп, үзіліп жатқанына қарағанда, көптеген жеделсатының жағдайы бақыланбайтынға ұқсайды. Егер лифт тоқтап қалса, басқа оқиға болса, онда сервистік, апаттық қызметке қоңырау шалу қажет, егер оның телефоны жауап бермесе, 112 нөмірі арқылы ТЖ құтқарушыларын шақыру керек. Телефон соғу мүмкін болмаса, шулап, көршілердің назарын аударған жөн. Әсіресе, өрт тұтанған шыққан кезде жолаушылардың жеделсаты ішінде көп болмағаны ма­ңызды. Стандарт бойынша лифт ішінен эвакуациялау 40 минут ішінде жүргізілуі тиіс. Дегенмен бүгінде ірі қалаларда көше кептелісі жиі туындайтындықтан, бұл уақыт көбіне ұзарады.
– Лифт саласының басты екі проб­лемасы бар: біріншіден, кадр тапшылығы байқалады. Қызмет көрсетуші компа­ниялардың бір-екі маманы ғана болуы мүмкін. Әсіресе, электромеханиктер, лифт жабдықтарын монтаждаушылар тапшы. Елімізде Астанада ғана бір оқу орны лифт саласының кадрларын даяр­лаумен айналысады. Қалған ма­мандар тәжірибелі әріптестерінен көріп, өз бетінше үйренеді. Екіншіден, қызмет көрсетушілерді бақылау мүмкін емес. Оларды бақылауға шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий кесірін тигізіп отыр. Оны қазір тіптен ұзартып жатыр. Министрлікте де, әкімдіктерде де өз қызметіне жүрдім-бардым қарайтын компаниялар ешқандай шара қолдана алмайды, – деді Е.Игібаев.
Қалай болғанда, елімізде лифт ша­руашылығын жаңғырту шаралары тым баяу жүруде. Бүгінде әр өңір оны өз бюд­жетінің мүмкіндігіне қарай жүзеге асы­руға тырысып бағады. Көштің басында Алматы қаласы. Мегаполисте 2018 жылы қолданыс мерзімі өткен шамамен 1500 лифт болған. Қазір одан шамамен 370-і қалды. Сондықтан сарапшылар салалық жеке бағдарлама қабылдауды ұсынады. Өйткені тек лифтілерге ғана емес, өзге де көтергіш құралдарға қатысты мәселе көп. Бағдарлама аясында мүгедектерді биікке көтеретін құрылғылардың тапшылығына қатысты түйткілдер де шешімін табар еді.