Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы орта мектептің оқушылары қыс қаһарына мінгенде көрші Құмкөл ауылына барып оқуға мәжбүр болып жүр. Себеп – өз ауылдарындағы мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталып бітпеген. Бұл, әрине, балалары өз ауылында білім алуын қалаған ата- аналарға қиын тиіп отыр. Бұл мектепте 335 бала оқиды. Құмкөл ауылына арнайы автобус бөлінгенімен, қыстың көзі қырауда апарып қайту өз алдына, сапалы білім алуы үшін сабағын қадағалап отырудың өзі оңайға түспейді. Ойшілік ауылының тұрғыны Арайлым Нұрғалиеваның жанайқайы орынды көрінді. Тұрғын ауыл мектебіндегі жағдайды жайып салды.
«Мен көпбалалы анамын. Бесінші перзентіме аяғым ауыр. Мектеп жасындағы үш баламның бірі балабақшада, екеуі ауылдың клуб үйінде сабақ оқып жүр. Иә, сыныптастарымен бірге кәдімгідей сахнада отырып сабақ алады. Ортасы ағаш материалмен бөлінген. Елестетіңіз, ар жағында басқа сыныптың балалары оқып жатыр. Ол сыныптың мұғалімінің дауысы оларға естіліп тұрады. Ал осыдан қандай білім сапасы болады айтыңызшы?! Тоғас батыр атындағы мектептің жөндеуі аяқталмағандықтан, екінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейінгі оқушылар осылай сахнада оқиды. Ал бірінші сынып оқушылары мектепке дейінгі даярлық сыныбымен бірге балабақшада отырады. Жоғары сынып оқушылары бес шақырым жердегі Құмкөл ауылына таңертең 7-де шығатын автобуспен барып, күнделікті қатынап оқиды. Ал осы жаңа ғасырға, жаңа Қазақстанға қадам басқан жаңа облыстағы жағдай дегенге сенбейтін шығарсыз. Бірақ шындығы осы, – дейді А.Нұрғалиева.Арайлымның айтуынша, ойшіліктік оқушылардың жоқтан бар жасаған білім ошағының бір бұрышында кішігірім асхана да бар көрінеді. Алайда санитарлық талапқа сай еместігін жасырудың да қажеті жоқ. Кейбір ата-аналар талапқа сай келмейтін жерде оқып жүрген балаларының денсаулығы сыр бере ме деп алаңдаулы. Ал табалдырығынан аттап, ел қатарлы оқуды армандаған мектептің ішінде жөндеу жұмыстарының аяқталмағаны өз алдына, тартылған жылу көзінің құбырлары жарылып, іске жарауы қиындап қалғаны жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Әкім мен басқарма басшысының уәжі бөлек
Осы тұрғыда Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазинге хабарласқан едік. «Қазір ол мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаражаты Абай облыстық Білім басқармасы арқылы осы қараша айында шешілді. Мектептерді қаржыландыру бұрынғыдай аудандық әкімдік арқылы емес, тікелей Білім басқармасы арқылы жүзеге асады», – дейді А.Аққазин.[caption id="attachment_231009" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Аудан әкімі орынбасарының жауабынан кейін Абай облыс әкімдігі Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтен мән-жайды анықтағанымызда, жолдаған дерегі төмендегідей болды:
«Тоғас батыр атындағы орта мектептің жөндеу жұмыстары 70 пайызға аяқталды. Жөндеу жұмыстары «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында жүргізіліп жатыр. 2021 жылы басталған жобаның 70 пайызы аяқталды. 2022 жылдың басында қаражат бөлінген жоқ. Келісім бойынша қаражат қалдығы – 65,9 млн теңге. 2022 жылғы 20 қыркүйектегі Абай облысының әкімдігі № 32 қаулысымен Ақсуат ауданы Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 65,9 млн теңге бөлінді. 0-1 сыныптарға арналған оқу процесі балабақшада, 2-6 сыныптар үшін ауылдық клубта, 7-11 сыныптар үшін Құмкөл ауылындағы Сасанби атындағы орта мектепке тасымалдау жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме «Жан-Ерке и К» ЖШС 2022 жылғы 25 желтоқсанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр», – дейді басқарма басшысы.Қол қойған директор ма, басқа ма? Солай-ақ делік. Алайда ашынған ата-аналар мектептің жөндеу жұмыстарының аздаған бөлігі қалғанына сенбейді. Өйткені бұған қатысты жасалған келісімшарт, қаржылық құжаттарда шикілікке толы күмәнді деректер де баршылық. Соның ішінде мектеп директоры А.Қалиолдиннің мектептің техникалық әзірлігіне сараптамалық қорытындысын жасаған «АкжарЖоба» ЖШС арасындағы келісімшарт пен соған қатысты шығарған бұйрығындағы қойған қолы бір-біріне ұқсамайды. Осының өзі білім саласына жауапты басшылардың тексеру жүргізуге құлықсыздығын көрсетеді. Ал жергілікті шенеуніктер балаларының болашағы үшін дабыл қағып, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер жазып мәселе көтерген ата-аналармен арнайы кедесу өткізіп, түйткілдің түйінін қашан тарқатары белгісіз.
P.S. Жоғарыда Абай облыстық Білім басқармасы келген жауапта «Мердігер мекеме «Жан-Ерке и К» ЖШС 2022 жылғы 25 желтоқсанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр» делінген. Оны да уақыт көрсетер. Көрсетілген мерізімнің аяқталуына санаулы ғана күн қалды.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы