Театрдың бағы да, соры да режиссер – Есмұхан Обаев
Театрдың бағы да, соры да режиссер – Есмұхан Обаев
Театрдың тамырына ыстық қан тарататын, өн бойына тіршілік отын тұтататын – режиссер. Ал қазіргі қазақ режиссурасының көш басында тұрған тұлға Есмұхан Обаев десек, қателеспейміз. Себебі ол қазақ театрының негізін қалаған жақсы мен жайсаңның көзін көрді. Қазақ театр саңлақтарымен бір сахнада қатар жүрді. Сондықтан да жасампаз шығармашылық иесі, театр қайраткері, профессордың есіл-дерті, әңгімесінің арқауы – тек театр. Еңбек әділ бағалануы керек – Кезінде «Қаз КСР Халық әртісі» ата­ғын санаулы өнер иелері ғана алды. Соның ішінде сіз де барсыз. Ал биыл осы атақ қайта та­ғайындалатын болды. Дегенмен төл өнер­дің мәртебесін биіктететін бұл атақ көптің саудасына түсіп кетпей ме? – Негізі, «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алып тастағаны дұрыс болмады. Ке­зінде белгілі жазушылардың бірі Пре­зидентке «Халық әртісі керек емес. Халық жазушысы біз бармыз ғой. Сондықтан бұл атақты алып тастайық» деген ұсыныс айтқан. Қазір қарап тұрсақ, «Халық әртісі» атағын алуға қаулы да қабылданбапты. Қаламгердің бір сөзі үшін білдей атақ қаулысыз алынып қалды. Содан бері отыз жылға жуық уақыт болды. Қазір театр әртістеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Бұрын бұл атақ режиссерлерге, дирижёрлерге, компо­зитор­ларға берілетін. Ал қазір құрылыс­шыға да, әртіске де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мәртебесі беріледі. «Халық әртісі» атағын қайтарайық деп бұ­рын да талай жаздық. Кейін осы бастамаға себеп болған жазушы Ғ.Мүсірепов теа­трын­дағы «Құлагер» қойылымын көріп, ак­тер­лердің терлеп-тепшіп, еңбектеніп жат­қанына көзі жетіп «Есмұхан, мен кезін­де дұрыс ұсыныс жасамаппын. Әртістердің жұмысы ит еңбек қой. Жалаңаяқ, жалаңбас қара терге түсіп жатыр. Кейбірі тіпті талып қалды» деп өкінішін білдірді. Мен қайтадан атақты қайтару туралы ұсыныс айтып көруін сұрадым. Бірақ белгілі жазушының ғұмыры бұған жетпеді. Кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бір кезде алынып тасталған «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағын қайтаруды тапсырды. Естуімше, жылына 5 адамға осындай атақ беріледі екен. Бұл көп те, аз да емес. Ең бастысы, атақ әртістің жасаған сапалы еңбегіне қарай берілуі керек. Әр мамандық­тың өзіне тән атағы болады. Бізге Халық әртісінен, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген әртісінен артық атақ жоқ. Сондық­тан Халық әртісін қайтарғандары дұрыс болды. – Қазақ театрының негізін қалаған жақ­сы мен жайсаңның көзін көріп, қазақ театр саңлақтарымен бір сахнада қатар жүрдіңіз. Ол кездегі театр мен бұл кездегі театрдың айыр­машылығы қандай? – Қазіргі театрдың кәсіби деңгейі сол бұ­рынғы кездегіден жоғары болмаса, тө­мен емес.Себебі тәуелсіздік жылдарында елімізде бірқатар театр ашылды. Петро­павлда, Қостанайда, Өскеменде, Ақтауда, Жетісай мен Түркістанда. Бұлардың қатарында өзбек театры да бар. Осының өзі жатқан бір әлем ғой. Менің тағы бір бақытым, осы театрлардың барлығының ашылуында болдым. Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы театр ашылғанда менің бір жылғы түлектерім түгел сонда барды. Осы театрлардың бәріне мемлекет тарапынан қаражат бөлінуде. Ғимарат – мемлекеттен. Қостанайдың қақ орта­сында қазақ театрының үйі салынды. Ақтау мен Түркістандағы театр ғимараттары да жаңа. Қой үстіне бозторғай жұмыртқа­лағанның бір көрініс-көрсеткіші осы емес пе?М.Әуезов театрына мен келген кезде Асанәлі Әшімовтің өзі 8 мың теңге жалақы алатын. Асанәлі маған: «Туһ, Есмұхан, сегіз мың еңбекақы бересің де, сексен сағат ұрысасың» деп ойын-шынды қалжың­дау­шы еді. Нарықтың алғашқы жылдарында еңбекақыны дер кезінде төлей алмай, үш-төрт айға дейін созған қиыншылықтар болғаны рас. Ол бір көппен көрген ұлы той. Қиыншылық жағдай мемлекеттің эко­номика­сы бәсеңдеген өтпелі, өлара тұста туын­дады. Осы театрымыздың өзінде 1980-жылдардың аяғынан 2000 жылға де­йін көрермен саны күрт азайып кетті. Оның себебі ел экономикасының, халық­тың тұрмыс дәрежесінің төмендеуі еді. Қалтасында тиыны жоқ адам театрға қай­тіп келеді? Енді, міне экономика көтерілді, қоғам өрледі, мемлекет өркендеді. Елдің қалтасында ақша бар. Осы кезде адам рухани қажетін ойлап, театрға бет бұра бастады. Қазір қазақтың ақсақал қарттары немерелерін ертіп кассадан билет алып тұрғанын көреміз. Сол қария залда отырып: «Қарағым, Абылай хан деген бабаң мына кісі. Абай деген абыз атаң ана кісі» деп жаңағы немересіне тарих тағылымын айтады. Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәнім бар. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойын­ды тамашаласа, Абай әлемін танып шыға­ды. Абайдың ұлы парасатын, Мұқаңның ұлы сөздерін санасына сіңіреді. Бүгінде дра­ма­тургия қақтығысқа құры­ла­ды. Сах­нада халыққа ой салатын, неғұрлым ұлттық рухымызға жақын, өтімді дүниелер ғана қойылады. Міне, бүгінгі театрдың толағай жетістіктері – осы. – Еліміздегі қай театрдан, қай актерден сұрасақ та театрда қаржының аз екенін айтады. Шынымен де солай ма? – Әр театрға бөлінетін қаржы әртүрлі. Қазір М.Әуезов театрына ақша бөлінбейді деп айта алмаймын. Жақында ғана мемлекеттік бес театрға «ұлттық» мәртебе берілді. Олардың ішінде Әуезов театры, опера театры, Лермонтов театрлары бар. Соған байланысты әртістердің еңбекақысы да өсті. Бұрын 80 мыңнан аз алып жүрген актерлер жұмысына, категориясына қарай 2-3 есе көп жалақы алады. Бұл Президенті­міздің театрға деген жаңа көзқарасының арқасы. Біз отырған қара шаңырақ, М.Әуезов театры 1981 жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді ғимаратымыз толықтай жаңғырайын деп жатыр. Сонымен қатар қазір театрға гастрольге шығуға, басқа елдерге барып ел мәдениетін таныстыруға да мүмкіндік жасалған. Бүгінде театрдың жағдайы жақсы деп айтуға толық негіз бар. Елімізде барлығы 68 театр бар екен. Оның ішінде халықтың ойынан шығатыны қанша? М.Әуезов театрына 100 жыл болды. Ал осыдан 15 жыл бұрын құрылған театрлар да «ұлттық» дәреже алғысы келеді. Ол дұ­рыс емес. Барлығы театрдың еңбегіне қа­рай бағалануы керек. Қазақтың театр өнерін қалыптастырғандардың бәрі осы қара шаңырақтан шыққандар. Олардың алды 125 жасқа келіп жатыр. М.Әуезов теа­тры әртістерінің үлкені жүзде, кішісі он сегізде. Қазір бұрынғыдай емес, театрға техникалық жабдықтар керек. Ғимараттағы кейбір жабдықтың қолданыста жүргеніне жарты ғасыр болған. Бүгінде режиссерлер сахнада жаңбыр жауғызып, субұрқақ жасап, өрт қойып жатады. Сондықтан заман талабына сай театрлардың техника­лық мүмкіндіктері де арта түсуі керек. Шетелден режиссер шақыруды әдетке айналдырмайық! – Бізде режиссура кеш дамыды дейміз. Келісесіз бе? – Қазақ режиссурасы – дамыған режиссура, қазақ режиссурасы – дүние әлем таныған режиссура. Солардың ең басы осы қара шаңырақта жұмыс істеген Жұмат Шаниннен бастап Асқар Тоқпанов дейтін ұлы ұстазымыз. Содан кейін үлкен режиссер Бәйтен Омаров. Әзекең, Әзірбай­жан Мәмбетов туралы сөз бөлек. Одан беріде Райымбек Сейтметов, Шапай Зұл­қа­шев, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Маман Байсеркенов, мына алдыңызда отырған мен де солардың ішіне кіремін. Бұл режиссерлердің бір көсілген кезі, бәйге басын бермей, бірінен-бірі озып тұрған кезі еді. Бұл ретте Әзірбайжан Мәмбетовті ерекше бөлектеп айтатынымыз – осы театрға отыз жыл бас режиссер болған. Біздің тарихта бір театрды отыз жыл басқарған Әзекеңнен басқа ешкім жоқ. Ол кісінің ізденімпаздығы, режиссурадағы ауқымы, дүниетанымы, сахналық кеңіс­тікті игеруі ерекше. Сондықтан да М.Әуе­зов театрының дәуірлеген кезеңі Әзірбай­жан Мәмбетовтің есімімен қатар аталады. Себебі Әзірбайжан Мәмбетов – қазақтың кәсіби театр өнерінде аты қалған, осы өнерді өркендетуде айрықша орны бар, актерлік, режиссерлік мектептің қалып­тасуына күш салған, талай-талай мықты драматургтің еңбегін сахнаға шығарған, режиссураға жаңа бір соқпақ салған, айрықша із қалдырған адам. Оны тіпті экс­перименатор деуімізге де болады. Режис­сердің өзі үшке бөлінеді: қоюшы-режиссер, режиссер-педагог, режиссер-интер­пре­татор. Осы үшеуі де Мәмбетовтің бойынан табылды. – Қазіргі жас театр режиссерлерінің жұмысына көңіліңіз тола ма? – Режиссураны әлі де күшейте түсу керек. Режиссерлердің бәрін академияда даярлап жатырмыз. Оларды Мәскеуде немесе өзге шетелдерде дайындау керек. Режиссура – біздің мемлекет үшін жас мамандық. Қазір «Болашақ» бойынша театрдың хормейстер, балетмейстерлері оқып жатыр. Сол сияқты режиссерлерге де солай білім жетілдіру керек. Театр өнері жоғары деңгейде дамыған Ресейде оқуға жағдай туғызса болды. Әзірбайжан Мәм­бетов те Мәскеуде оқыған режиссер. Біз кезінде Мәскеудегі Ресейдің театр өнері институтында жоғары режиссерлік курсты 68 адам бітіргенбіз. Бәрі шетінен мықты режиссер болды, кәсіби мектептің жөні бөлек. Олар: Райымбек Сейтметов, Ерғали Оразымбетов, Маман Байсеркенов, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Қадыр Жетпісбаев, тағы басқалар. Сондықтан да режиссураға, мысалы Германияның немесе басқа да елдердің режиссурасын, небір экспериментальды театрларды көріп келсе. Бізде қазір айталық, біреуі таяғымен режиссер болып ойнайды, біреуі жүрісімен, енді біреуі характерімен дегендей. Былтыр кино саласындағы бір балалар өз-өздерін жер-көкке сыйғызбай мақтады. «Бәлен жерде жүлде алдық, түген жерде лауреат болдым» дейді. Сонда әлгі драматургиясына қарасаңыз, бір бетін оқығаннан кейін жауып қоя салуға болады. Қазіргі режиссер­лердің драматургтері жоқ. Мысалы, біздің кезімізде ұлы драматургтер қасымызда жүрді. Асқар Сүлейменовтің драматур­гиясындай драматургия қайда? Ол кездегі Асқардың ағасы Қалихан Ысқақтыкіндей драматургия қайда? Оралхандыкіндей, Баққожа, Дулат, Төлен, Нұрландардыкіндей драматургия қайда? Айта берсек көп. Олар бізді сүйреді. Ал қазір режиссерге дем беріп, төрт аяғы тең келген пьеса жазып әкелетін ешкім жоқ. – Қазір театрлардың арасында шетелден режиссер шақыру тенденцияға айналып кеткен сияқты. Бұл өзіміздің әртістерді менсінбеу емес пе? – Солай деуге де болады. Шетелден режиссерді театрдың директорлары шақырады. Олар режиссер шақыру үшін көркемдік кеңестің келісімін алса болды. Бір жағынан шетелде жүрген талантты режиссерлерді шақырған да дұрыс. Бірақ оны әдетке айналдырмау керек. Театр ре­жис­серлерінің алдыңғы толқыны қазір қартайды. Бірақ басқа мемлекеттерде сол қарт режиссерлерді бағалап, ең мықты са­найды. Ресей мен Грузия да қарт режис­серлер әлі спектакль қойып келеді. Режис­сер кәріліктен тозбайды. Ол –шығарма­шылықтың адамы. Қазақ режиссерлерінің арасында басқа елге барып спектакль қойып жатқандары да бар. Өнерде мұндай ауыс-түйістер жиі болады. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ студенті Мәскеуге барып бірнеше ай болып, лабораториялық анализдер жасап, премьера қойып жүр. Сәйкесінше, ол жақтағы студенттер бізге келіп дәл осындай тәжірибе алмасады. Өнерде осындай байланыстар болуы керек. Кеңес үкіметі тараған тұста бұл байланыс үзіліп қалғандай болды. Себебі ол кезде гастрольге шықсақ та Мәскеудің құптағанын күтетінбіз. Қазір ондай жағдай жоқ. Десе де, екі елдің мәдени байланыстары үзілмеді. Мысалы, орыс театрының әкесі, реформатор Кон­стан­тин Станиславскидің мектебі қазаққа келеді. Өйткені ол шынайы актерлық мек­теп. Ол кісінің шәкірті А.Тоқпанов біздің ұстазымыз. Сонда қарасаңыз, Станис­лавскидің баласы – Тоқпанов, Тоқпанов­тың баласы – мен. Осы актерлік мектеп қазіргі күнге жетті. Ал алыс Германия мен Англиядағы актерлік мектеп жұлым-жұлым. Оларда бір сарындағы актерлік мек­теп жоқ. Әр мемлекет өз бағытына қарай қойылым қояды. Әлемде 6 ұлттың театры бар бір ғана мемлекет бар. Ол –Қазақстан. Басқа ешбір елде көпұлтты театр жоқ. Біздің елде қазақ, орыс, ұйғыр, корей, өзбек, неміс театрлары жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің бауырмалдығымыздың, тек қазақ театр мектебіне ғана емес, басқа ұлттардың да театр мектебіне көңіл бөлге­німіздің белгісі. Бұл театрдың өскенінен, актерлік бағыттың болашағынан хабар береді. Академияға әр 4-5 жыл сайын бір ұлт­тың әртістерінен топ ашылады. Айта­лық, биыл ұйғыр тобының студенттерін қабылдасақ, олар төрт жыл оқып бітірген­нен кейін корей тобын, олардан кейін орыс тобын дайындаймыз. Әркімнің түсінігінде өз Абайы бар – Сіз қара шаңырақта сахналаған «Абай» кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Театр сыншылары мен көрермен­дердің оң бағасын алды. Қазір әр театрдың өз «Абайы» бар. Режиссерлердің талғамына қарай бұл образ да түрлі өзгеріске ұшырап ке­леді. Жалпы, қойылымдар мен тарихи кейіпкерлерді түрлі экспериментке айнал­дырғанға қалай қарайсыз? – Мен мұны дұрыс деп ойлаймын және оң көзқараспен қараймын. Өйткені эксперимент – режиссураның бір тілі. Театр режиссураға байланысты. М.Әуезов театрына Ә.Мәмбетов сияқты режиссерлер келмесе және ол 20 жасында кіріп, 80 жасқа дейін осы театрды басқармаса, бұл театр қазіргі биігінде тұрмас еді. Сондықтан театрдың бағы да, соры да режиссерге байланысты. Режиссерден бағы жанған театр– бақытты театр. Театрдың ең қара күші, театрдың ары мен паспорты – режиссер. Режиссер бар кезде театр бар, ол жоқ болса театр да жоқ. Сөздің шыны керек, актер өзі жалғыз спектаклін қоя берер, бірақ ол режиссерсіз Гамлетті, Абай­ды ойнай алмайды. Абай неге түңілді? Неге күрсінді? Кімді, нені ойлап отыр? Қандай мұңға батып отыр? Абайдың ұлылығын бүкіл әлем мойындаса да, Абайды зерттеу әлі жүріп жатыр. Театрларда абайтанумен айналысатын драматургтер, режиссерлер бар. М.Әуезов театрында Абай 5-6 рет қо­йыл­ды. Ең бірінші біздің ұстазымыз Тоқ­панов қойды. Одан кейін Ә.Мәмбетов, мен, Атабаев, Иранбек қойды. 20 шақты Абай бейнесі, 20 шақты трактовка жасалады. Менің Абайым батыр типтес, эмоционалды, жаны жаралы композитор Абай болатын. Қаллеки Қуанышбаевтың Абайы философ, халқының қамын арыдан ойлап күңіренеді. Ал Ә.Мәмбетовтің Абайы жігерлі. Әркімнің түсінігінде өз Абайы бар. Ұлы адамның бейнесін сахнада жасаған кезде соның әр қыры бүгінгі көрерменге жетіп жатса, содан артық бақыт жоқ. Сондықтан Абай атамыздың бағы жанған адам. Ұлы Абай десеңіз, қазір әлем хан көтереді, мектептің оқушы­лары­ның барлығы ақынның жырларын жатқа оқып жүр. – Сізді көбі актерлерді рөлге дәл таңдай­ды дейді. Сонда сіз неге назар аударасыз? Әр­тіс­терге рөл берерде ешкімге қиянат жасаған жоқсыз ба? – Жоқ. Ұлылардың үні қалған қара шаңырақтың астында отырмын, актер рөл сұрап келіп, менің бетін қайтарған кезім болса, келсін де айтсын. Өтірік айтпай-ақ қояйын, жасы келген апаларымның рөл сұрағанына, әлі де сахнаға шыққысы келіп ұмтылатынына қарсы екенім рас. Кезінде сахнаның шаңын шығарып тұрып арман­сыз ойнады, бойындағы барын, нәрін берді, талантының арқасында танылды, атақ­ты болды. Сол дәурен баста мәңгі тұрады дейтін болуы керек, аптығы басыл­маған алып-ұшқан қу көңіл әлі де арынын баса алмай, алып-ұшып тұрады. Әр рөлдің деградациясы, ентік басатын ең ақырғы нүктесі болады. Аға буын бәрін де арты­ғымен орындады. Ал бүгінгісі қайталау ғана болады, қайталағанда да осал, нашар нұсқасымен қайталайды. «Үлкендеріміз далада қалмасын» деп «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Отыз ұлың болғанша», «Үміт үзгім келмейді», «Ұлы мен ұры» деген сияқты бес-алты спектакльді сахнаға арнайы дайындадық. Бұрынғыдай бетке бес елі гримді жағып, сахнаға шыға салуға болмайды, қазір ойдың, талғамның басты орынға шыққан кезеңі. Ой болмаса, спек­такль қоюдың қажеті де жоқ. Рас, жақсы рөлге әркімнің-ақ бар таласы. Актердің қалау-тілегі бар да, мүмкіндігі, шама-шарқы деген нәрсе тағы бар. Өкпелесе де, өкпелемесе де, өз басым актердің нақты шамасы мен қабілет деңгейін анықтап барып, ойнап шыға алатынына көзімді жеткізген соң ғана рөл беремін. Ең алдымен оның талантына ішкі түйсігім сенуі керек. Актердің бұрынғы ойнаған рөлдерін, өсу кезеңдерін тұтас есепке аламын. Себебі оның бір рөлі бір рөліне ұқсамауы керек. – Сіз сахналаған қойылымдарды қалың көрермен қызығып көрді. Солардың ішінде «әттеген-ай» дейтін, бір қайнауы ішінде кеткен спектакльдер бар ма? – Ондай спектакльдер жоқ емес, бар. Жұрт «дұрыс» деп баға берсе де, өз басым «Жаужүректі» шикілі-пісілі шыққан дүние санаймын. Сахнадан қайталап көрген сайын кемшілігімді байқап, «әттеген-ай» деп отырамын. Жалпы, режиссер ретінде, өсіп, биіктеген кезім деп мен жас көрермен театрында істеген жылдарымды айтар едім. Өйткені ол жерде Әмина Өмірзақова, Саида Саттарова, Мұқтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Атагелді Смайылов, Алтынбек Кенжеков сияқты ұлы актерлер жұмыс істеді. Сол кезде қойған «Қашқар қызы» маған әлі күнге ыстық. Шәкен ағама ілесіп жүріп қойған «Жас Абай» жадымнан ешқашан шықпайды. «Ай тұтылған түн», «Шұға», «Сертке – серт», «Өзіңді іздеп жүр­мін», осылардың бәрі менің отыздан асар-аспас кезімдегі шабытты шығарма­шылығымның жемісі. – Театр сахнасында «Қарагөз» неше рет қойылды? Ең біріншісіне Әуезов өзі баға бер­­ген бе? Соңғы «Қарагөзді» көрдіңіз бе?Шынайы Қарагөздер шықпай жатқан се­кілді. Актрисалар образдың байыбына бармай ма, әлде құр жылтыраққа әуестер сахнаға шығып кетті ме? – Мұныңыз қаттылау айтылған. «Қара­гөз» де талай қойылған қойылым. Бір «Қарагөзді» мен сахналадым. Одан кейін Атабаев пен Әбділманов қойды. Оның алдында Мәмбетов пен Жандарбековтің «Қарагөзі» бар. Сонда қарасаңыз, бір ғана театрда қанша «Қарагөз» қойылған. Мұ­ның әрқайсысы әртүрлі «Қарагөз». Біреуі жылап жүретін, теңдікке қолы жетпеген, қараңғы қапаста қамалып, махаббаттың не екенін білмей, егемендікті аңсап жүрген «Қара­көздер». Ал биыл тұсауы кесілген спек­т­­акльдегі «Қаракөз» түбірінен қиыл­ған­дай сахнада тұр. Көгермей, көктемей, махаббатына жолыға алмай, сүйгеніне бара алмай, егемендік аңсаған «Қаракөз» деп айтуға болады. Жас, әлі өмірден баз кеш­пеген, махаббатын іздеген қыз. Ал оның алдында Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Торғындар жынданған кезде үлкен философиялық тұрғыда ойнады. Біз «актриса боламыз десеңіз, Қарагөзді ойна­ңыз» дейтінбіз. «Қарагөз» әлі де сахнадан түспейтін спектакль. Себебі халыққа айта­тын ойы бар. Мұхаң «Қарагөзді» көріп, бағалағаны да рас. Бұл тақырыпты Кеңес үкіметі кезінде айтқызбаса да, М.Әуезов айтып кетті. Біз соны іліп алып, идеясын қолдап, сол тақырыпты спектакльге сүйреп шығардық. «Ұлына бұғау, қызына тұсау болған зар заманға лағнет!» дейді Әуезов. Мұны Кеңес үкіметінде айтса, соттап жіберер еді. Соңғы қойылған «Қара­гөзде» осы сөз айтылады. Негізі, «Қара­гөзге» драмалық деңгейдегі актерлер керек. Бірақ біз биыл спектакльді жасарттық. «Қара­гөзді» 3-курста оқитын менің шә­кіртім Индира ойнайды. Олар сезіммен ойнайды. Пластикасы жеңіл. Көзінен ақ­қан жасқа көрерменнің жаны ашитындай. – Әңгімеңізге рақмет!