«AMANAT» партиясының өкілдері Ақтөбе мен Жамбыл тұрғындарының айтарын тыңдады
«AMANAT» партиясының өкілдері Ақтөбе мен Жамбыл тұрғындарының айтарын тыңдады
Биыл наурыз айынан бері «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауының мүшелері шалғайдағы 1 мыңнан астам ауылда болды.  Нәтижесінде, 10 мыңнан астам адам бейінді мамандардан кеңес алды. Сондай-ақ партия мен мемлекеттік органдардың назарын өзекті мәселелерге аударды. «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауларының сапары жалғасып жатыр. Партиялықтар Ақтөбе және Жамбыл облыстарында болып, 150-ден астам ауыл тұрғыны қабылдауға келді.    width= Мәселен, Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Д.Қонаев ауылының тұрғындары теміржол өткелін жабдықтау туралы өтініш білдірді.
«Ауылымыз аудан орталығынан аса алыс емес. Тұрғындардың көпшілігі сонда жұмыс істейді. Алайда ауылдың іргесінде теміржол бар. Минут сайын жолаушылар пойызы мен жүк пойызы жөңкіліп жатады. Оларды өткізіп жіберу үшін сағаттап күтуге тура келеді. Кейде составтар түрлі себептерге байланысты аялдап тұрады. Ондай кезде оларды айналып өту де мүмкін емес. Сондықтан теміржол өткелі арқылы көпір салу қажет», – дейді ауыл тұрғыны Сәрсенбек Бақтияров.
«AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, мұндай мәселені шешу жергілікті биліктің құзыретіне кірмейді.
«Көпір мәселесін тиісті мемлекеттік органдарға жеткіземіз. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс. Дәл осындай мәселелерді шешу үшін мобильді қабылдауларды ұйымдастырамыз. Адамдардың қандай да бір мәселе арқалап келгенін күтпейміз. Оларға өзіміз барамыз», – деді ол.
Осы күні партиялықтар Мойынқұм ауданына қарасты Жамбыл ауылындағы тұрғындардың өтінішін тыңдады. Ауыл тұрғындары жұмысқа орналасу, Емделуге жатқызу бюросы порталы арқылы емделу, инженерлік желілер мәселелерін қозғады.
«Адам болған соң бәріміз ауырамыз. Жас демей, кәрі демей ауруханаға барамыз. Портал тегін емделуге мүмкіндік беретініне қарамастан, оның ұңғыл-шұңғылын түсіну әрдайым оңай бола бермейді. Әсіресе аға буын өкілдері үшін қиынға соғады. Соған байланысты, механизм қарапайым әрі түсінікті болып, аудан немесе облыс орталығына барудың қажеті болмаса екен деймін», – деді ауыл тұрғыны Медетбай Бағдатов.
Ақтөбе облысында партияның мобильді қоғамдық қабылдауы Байғанин ауданының екі ауылында болды. Мұнда бір күн ішінде 40 азамат өздерін мазалаған мәселелерді ортаға салды.
«Ұлыммен, келініммен бірге тұрамын. 3 немерем бар. Көгілдір отынның қызығын көргенімізге екі жыл болды. Ал бүгін Қораши елді мекені тұрғындарының ауылға газ тарту, Көлтабан мен Қорашиді жалғайтын жолды жөндеу туралы өтінішін жеткізіп отырмын. Онда 400-ге жуық адам тұрады. Болашағы бар ауыл», – деді  Жарлы ауылының тұрғыны Нұрлыбек Оразалин.
Ал Ебейті ауылының тұрғыны Аманғали Жалдыбекұлы Ақтөбе-Астрахан трассасынан ауылға дейін алып баратын көтерме жолға асфальт төсеу жұмысын жеделдетуді сұрап отыр.
«Мен осында туып-өстім. 40 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Жасым 82-де. Ауылымыз үшін аса қажетті дүние – газ бен жол. Осы мәселелер өз шешімін табатын болса, жастар қауымы да қалаға көшіп кетпей, ауылда тұрақтап қалатын еді. Кейде балаларымыз «Газы, жолы бар жерге көшейікші. Бұлай қашанғы отырамыз» дейді. Сәл шыдаңдар деп басу айтып қоямын. Осы мәселелер тез шешілсе деген өтінішіміз бар», – деді ақсақал.
Облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының мәліметінше, Лақтыбай кен орнынан газ құбыры тартылғаннан кейін Ебейті ауылын газбен жабдықтау жоспарлануда. Ауылға дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Алайда қаржыландыру мәселесі шешілмей отыр. Айта кету керек, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына 116 мыңнан астам адам жүгінді. Негізінен қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыру – 29%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 17%, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу  10% мәселелері толғандырады.