Атбасарлық дәнекерлеуші Ерболат Мұқанов – Екібастұздағы жылу электр стансасындағы апат басталғанда өз еркімен қол ұшын созған еріктілердің бірі. Дәнекерлеуші қаланың орталығындағы №25 коррекциялық балабақшаның жылу жүйелерін тегін дәнекерлеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
«Халық жылусыз қиналып отырғанда тамшыдай болсын үлесімді қосайын деп шешім қабылдадым. Барлық құрал-саймандарымды, болгарка, дәнекерлегіш құралдарымды алып, дереу Астанада алған тапсырысымды тастай салып, Екібастұзға аттандым. Алайда алғашқы күнім сәтсіз болып, досым екеумізді біреуі анда, біреуі мында сілтеді. Менен қанша ақы алатынымды сұрайды. Мен ерікті түрде келген кәсіби дәнекерлеуші екенімді айтып, маған дереу іске қосу қажеттігі туындаған нысандардан жұмыс беруін сұрадым. Содан қаладағы коррекциялық түзететін №25 балабақшаға барып іске кірістік. Мұнда менімен бірге Павлодардан жіберген дәнекерлеуші жігіттер де болды. Ескі жарылған жылу жүйелерін түгелдей монтаждап бұзып, жаңадан батареяларын бәрін орнаттық. Енді жақын арада жылу да берілуі тиіс. Жұмысты аяқтаған соң Астанаға қайтып келдім, – дейді Ерболат Мұқанов.Екінің бірінің қолынан келмейтін батыл шешім қабылдаған азаматтың ісіне біз де риза болып, халықтың атынан алғыс айттық.
Ақмола облысы