75 миллион теңге парадан бас тартқан экологтің қызметі өсетін болды
75 миллион теңге парадан бас тартқан экологтің  қызметі өсетін болды
75 миллион теңге парадан бас тартқан Алматы қалалық экология департаментінің қызметкері марапатталып, қызметі өсетін болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфухар Жолдасов мәлім етті. Комитет төрағасы 75 миллион теңге парадан бас тартқан Алматы қаласы бойынша экология департаментінің қызметкерін көтермелеу туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, бұл экология қызметкерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын көрсетудің айрықша фактісі болды, атап айтқанда, металлургия компаниясы қызметіндегі бұзушылықтар үшін миллиардтаған айыппұлды алып тастауға 75 млн теңге көлемінде пара ұсынған.
«Өткен жылы біз ФБШ (факторлық-балдық жалақы шкаласы – «ҚазАқпарат») бағдарламасы бойынша жалақыны екі есеге арттырдық. Сыйлықақыларды үнемі жоспарлаймыз. Болашақта жалақы әлі де көтеріледі деп ойлаймын. Әрине, басқа да ынталандыру тетіктері бар, мамандарды оқыту керек, сыбайлас жемқорлық көріністері мен фактілерді болдырмау үшін тексерулерді автоматтандыру бойынша жақсы әдістер қажет», – деді Зұлфухар Жолдасов.
Комитет Төрағасы сондай-ақ парадан бас тартқан қызметкерге сыйлықақы берілгенін және лауазымы жоғарылауы мүмкін екенін айтты. Оның басшылық лауазымға тағайындалуы басқа аймақтарда қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ Зұлфухар Жолдасов басқармада меритократия қағидаты бойынша басшылық қызметке тағайындау тәжірибесі жүргізілетінін атап өтті. Соңғы үш жылда басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдарына төменгі лауазымдардан 25 адам тағайындалды. Жуырда қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, «ҚазФерроСталь» компаниясының қызметкерлері Алматы қалалық экология департаментінің қызметкеріне 75 миллион теңге көлемінде пара бермек болған.