Ауғанстан: тәлібтер алғаш рет көпшілік алдында өлім жазасын қолданды
Ауғанстан: тәлібтер алғаш рет көпшілік алдында өлім жазасын қолданды
486
оқылды
Ауғанстан билігіне келгелі бері "Талибан" қозғалысы алғаш рет көпшілік алдында өлім жазасын қолданды. Бұл туралы 7 желтоқсанда аталған қозғалыс өкілі Забиулла Мужахид мәлімдеді, – деп жазады The Washington Post. Тәлібтер бес жыл бұрын кісі өлтіріп, мотоцикл мен ұялы телефон ұрлаған ауған азаматын өлім жазасына кескен. Өлім жазасы көпшілік алдында жүзеге асырылды. Оған жергілікті халықпен қатар, мемлекеттік шенеуніктер де қатысты. Мужахидтің айтуынша, өлім жазасына "Талибанның" жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзада Мужахид өз келісімін берген. Бұл шешім үш соттың төрелігінен өткеннен кейін "өте ыждаһаттылықпен" қабылданған. Жазаны жүзеге асыру орны ретінде Фарах провинциясының әкімшілік орталығы таңдап алынды. Айта кетейік, тәлібтер АҚШ өз контингентін Ауғанстаннан әкеткеннен кейін 2021 жылдың тамызында билікке келді. Бұл ұйымға Қазақстанда тыйым салынған.