Бедеулік пен белсіздік үкім емес
Бедеулік пен белсіздік үкім емес
Жыл санап жасарып бара жатқан бедеулік бүкіл дүниежүзін алаңдатып отыр. Бедеу әйел мен белсіз еркектердің біздің қоғамда да көбеюі демографиялық ахуалдың жақсаруына айтарлықтай кедергі келтіруде. Соңғы ғылыми деректерге жүгінсек, елімізде балалы болуға қауқарсыз деген диагнозы бар азаматтардың үлесі 15-19 пайызды құрайды. Яғни, әрбір сегізінші отбасы бедеулік деген ауыр дертті арқалап жүр. Соңғы жылдары медицинада ашылған тың жаңалық – экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісінің арқасында осы бедеулікті емдеуге біршама жол ашылып, құтыдағы сәбилер дүниеге келді. Осы орайда, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ЭКҰ бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Өтепованы белең алған белсіздік проблемасын шешуге қатысты сөзге тартқан едік.  – Ұрпақ өрбіту жасындағы ұл-қызда­рымыздың белсіздік пен бедеулікке шыр­малуына не себеп ? – Өркениеттің тасы өрге до­малаған сайын адам баласы азып барады. Теле­дидар, интернет жастарды жыныстық қатынасқа ерте баруға итермелеуде. Кез­дей­соқ жыныстық қатынастан жұға­тын түрлі инфекцияны айтпаға­н­ның өзінде, соның салдарынан өрімдей қыздар жа­санды түсік жасатуға жиі баратын болды. Түсіктің арты ертеңгі ананың бо­ла­ша­ғына балта шабумен бірдей. Түсік жа­сатқандар бала көтеруге мүлдем қау­қар­сыз болып қалуы ғажап емес. Бейберекет жыныстық қаты­настан туындайтын инфекциялық ауруларды жас кезінде қыз-жігіттер елемейді, өз бе­­тінше емдейді не­месе қабынуды со­ңына дейін дұрыс емдеп жазбайды. Уа­қыт өте келе содан бедеулік пайда болады. Бедеулік пен белсіздіктің бе­лең алуына экологиялық фактор көп әсер етіп жатыр. Мәселен, еліміздегі өнер­кә­сіптік кәсіп­орын­дар дамыған қалаларда қор­шаған ортаның ластануынан бедеулік көрсеткіші артқан. Бұдан бөлек, кейінгі кездері қозғалысы аз өмір салтынан адамдардың се­міздікке душар болуы жиілеген, соның салдарынан гармондық ауытқушылық туындайды. Бұл да пер­зент сүйе алмаудың бір себебі. Жастар арасында алкогольдік ішімдік ішу, шылым, насыбай ату, есірткі қолдану деректері көп кез­деседі. Бұл бедеулікке апаратын бірден-бір жол. Өкінішке қа­рай, өрімдей жастардың бұған құмар­лығы артпаса, кемімей отыр. – Елімізде бедеулікті емдеудің нәти­жесі қандай? Қазір экстракор­поралдық ұрықтандыру әдісіне кімдер жүгінеді? – «Ана мен бала» ұлттық ғы­лыми орталығындағы ЭКҰ бөлі­мінде біз бе­деуліктің себеп-сал­дарын саралап қана қоймай, мүмкіндік болса, кешенді емдеу арқылы табиғи жолмен балалы болуға кө­мектесеміз. Ем-дом алған соң, құрсақ көтеріп кеткен аналар көп. Егер емдеу нәтиже бермесе, ЭКҰ әдісін қолданамыз. Оған көбінесе жатыр түтігінен ұрық жүрмейтін немесе жатыр түтігін алдырып тастаған әйелдер және спермограм­ма­сында үлкен ауытқу бар ер адамдар жүгінеді. Британдық ғалым Роберт Эд­вардс ЭКҰ технологиясын ойлап тапқаны үшін 2010 жылы меди­цина бойынша Но­бель сыйлығына ие болды. Әлемде алғаш рет жа­санды ұрықтандыру арқылы туған сәби 1978 жылы, КСРО-да 1986 жылы, Қазақстанда 1996 жылы тір­келген. Қазіргі таңда бүкіл әлем­де 6 миллионнан астам бала осы ЭКҰ жолымен туған. Ал елімізде 13 мыңға жуық бала осы жасан­ды ұрықтандыру әдісімен өмірге келді. Денеден тыс ұрықтандырудың нәти­желігі орта есеппен 30-40 пайыз шама­сында. Сәтін салса, эмбрион жатырға бір­ден қонып, дұрыс дамиды. Кейбі­реулер екі-үш жасатса да, сәтсіз шығуы мүмкін. Әрине, бұл ананың жас шамасы мен денсаулығына және ұрықтан­ды­рыл­ған жұмыртқаның сапасына тікелей байланысты. – Жыл сайын мемлекет тара­пынан ЭКҰ қызметін пайдалану­шы­ларға квота бөлінеді. Бұл жөнінде не айтасыз? – Иә, елімізде алғаш рет 2010 жылы 100 квота бөлінді. Жыл өткен сайын ол бір­тіндеп көбейіп, 2018 жылы – 900, 2019 жылы – 950, биыл 1 200 квотаға дейін арт­қан. Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларына және облыстарға бөлініп беріледі. Алайда бір перзентке зар болып жүр­ген отбасылардың саны мұнан әлдеқайда көп екенін және бір рет қана берілетін ЭКҰ тәсілі бірден нәтижелі бола бер­­мейтінін ескерсек, бұл квота көлемінің мар­дым­сыз екенін аңғару қиын емес. Ма­мандар бізге 8 000 квота керек екенін айтуда. – Ал квотаны күтпей өз бетінше ЭКҰ жасатам деушілерге құтыдағы сәбидің құны қанша? – Емдейтін дәрі-дәрмекпен қоса есептегенде ЭКҰ бағасы 850 мың тең­геден бастап 1 миллион 200 мың теңгеге дейін жетеді. Әри­не, мұндай қаражатты екінің бі­рі­нің қалтасы көтермейді. Сон­дық­тан әлеуметтік тұрғыдан аз қам­­тыл­ған, әл-ауқаты төмен жұп­тар өз кезегін жылдап күтуге мәжбүр. Десек те, біздегі баға арзан деп есеп­те­леді. Ал дамыған елдерде жасанды ұрық­тандыру бағасы әлдеқайда қымбат. Мәселен, АҚШ-та – 25 мың доллар, Гер­манияда – 20 мың евро, Ресейде 10 мың доллар шамасында. Сондықтан көп­­теген адамдар шетелден біздің орта­лықтарға арнайы келіп қаралып, балалы болған. Біздің емханаларда қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалар қазір Америка, Германия, Англия, Италия, Түр­кия, Ресей, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбай­жан, т.б. алыс және жақын шетел­де тұрып жатыр. – Еліміздегі бедеу әйел мен белсіз еркектердің үлес салмағы қандай? – Отбасында бала жоқ болса, бе­деу­лікке алдымен әйелдерді кінәлау қа­шан­да заңды құбылыс. Алайда белсіздікке әлемде еркек­тер факторы да әсер ететіні белгілі болып отыр. Статистикаға жүгін­сек, бөріктілердің 60 пайызының бел қуаты кеміген. Ұрықтарының сапасы мен саны төмендеген. Сондай-ақ еркек­тің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабы­нулар: аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары, жыныс-не­сеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфек­циялар әсер етеді. Қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың бол­мауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қа­зақ­станда да аталық ұрығы әлсіз жі­гіттер көбейген. Алайда ер-аза­мат­тар тексері­луге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. – Осы саланың білгір маманы ретінде көпшілікке қандай ақыл-кеңес берер едіңіз… – Ең алдымен жастай тұрмыс құ­рың­дар дер едім. Адамның балалы болу мүм­кіндігі шектеулі. 20 жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жас­­та – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Ер­кек­терде де дәл солай. Жасы өскен са­йын ұры­ғының сапасы кемиді. Көріп отыр­ғаныңыздай, жас ұлғайған сайын ұрық саны та азаяды. Сондықтан балалы бо­луды неғұрлым ерте жоспарлаған абзал. Бедеулік секілді өзекті мәсе­леде уа­қыт созбай тәжірибелі ре­продуктолог- дәрі­герге жүгінген жөн. Өкінішке қарай, көп отба­сы­лар 10-15 жыл бойы бала кө­тер­темін деп уәде беретін халық ем­ші­леріне, бақсы-балгерге сеніп жүре бе­ре­ді. Кейбіреулер білік­ті­лігі төмен дәрі­гер­лерге барып ем­деліп, уақыт жоғалтады. Сөй­тіп, әйелдер 35-40 жасында білікті мамандарға келеді. Бұл уақытта әйелдің ағзасында қартаю процесі басталады. Аналық жұмыртқаның сапасы төмен­дейді, сондықтан ЭКҰ жолымен бала көтерсе де, дені сау баланы өмірге әкелу қиын болады. Кейбір әйелдер балалы болуға асық­пайды. Мансап қуады, оқу оқиды, табыс табамын деп жасы­ның ұлғайып кеткенін байқамай да қалады. Ондай қыздар от­басын құрып, ана болам дегенше 40-қа келеді. Мұндай жаста бала көтеру мүм­кіндігі төмен. Өйткені аналық жұмыртқа немесе оның сапасы нашар болады. Сон­дықтан дені сау бала өмірге әкелуі қиын. Бар мүмкіндік адамның өз қо­лында. Табиғаттың бала сүю мүм­кіндігін уақы­тында пайдалану ке­рек. Ұрпақты сапалы және са­на­лы етудің, көбейтудің басты шар­ты – дұрыс тамақтану, са­ла­уатты өмір салтын сақтаудан бастау алса керек. – Әңгімеңізге рақмет!   Әңгімелескен Рая МІНӘП