Жыл санап жасарып бара жатқан бедеулік бүкіл дүниежүзін алаңдатып отыр. Бедеу әйел мен белсіз еркектердің біздің қоғамда да көбеюі демографиялық ахуалдың жақсаруына айтарлықтай кедергі келтіруде. Соңғы ғылыми деректерге жүгінсек, елімізде балалы болуға қауқарсыз деген диагнозы бар азаматтардың үлесі 15-19 пайызды құрайды. Яғни, әрбір сегізінші отбасы бедеулік деген ауыр дертті арқалап жүр. Соңғы жылдары медицинада ашылған тың жаңалық – экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісінің арқасында осы бедеулікті емдеуге біршама жол ашылып, құтыдағы сәбилер дүниеге келді. Осы орайда, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ЭКҰ бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Өтепованы белең алған белсіздік проблемасын шешуге қатысты сөзге тартқан едік. – Ұрпақ өрбіту жасындағы ұл-қыздарымыздың белсіздік пен бедеулікке шырмалуына не себеп ? – Өркениеттің тасы өрге домалаған сайын адам баласы азып барады. Теледидар, интернет жастарды жыныстық қатынасқа ерте баруға итермелеуде. Кездейсоқ жыныстық қатынастан жұғатын түрлі инфекцияны айтпағанның өзінде, соның салдарынан өрімдей қыздар жасанды түсік жасатуға жиі баратын болды. Түсіктің арты ертеңгі ананың болашағына балта шабумен бірдей. Түсік жасатқандар бала көтеруге мүлдем қауқарсыз болып қалуы ғажап емес. Бейберекет жыныстық қатынастан туындайтын инфекциялық ауруларды жас кезінде қыз-жігіттер елемейді, өз бетінше емдейді немесе қабынуды соңына дейін дұрыс емдеп жазбайды. Уақыт өте келе содан бедеулік пайда болады. Бедеулік пен белсіздіктің белең алуына экологиялық фактор көп әсер етіп жатыр. Мәселен, еліміздегі өнеркәсіптік кәсіпорындар дамыған қалаларда қоршаған ортаның ластануынан бедеулік көрсеткіші артқан. Бұдан бөлек, кейінгі кездері қозғалысы аз өмір салтынан адамдардың семіздікке душар болуы жиілеген, соның салдарынан гармондық ауытқушылық туындайды. Бұл да перзент сүйе алмаудың бір себебі. Жастар арасында алкогольдік ішімдік ішу, шылым, насыбай ату, есірткі қолдану деректері көп кездеседі. Бұл бедеулікке апаратын бірден-бір жол. Өкінішке қарай, өрімдей жастардың бұған құмарлығы артпаса, кемімей отыр. – Елімізде бедеулікті емдеудің нәтижесі қандай? Қазір экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісіне кімдер жүгінеді? – «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығындағы ЭКҰ бөлімінде біз бедеуліктің себеп-салдарын саралап қана қоймай, мүмкіндік болса, кешенді емдеу арқылы табиғи жолмен балалы болуға көмектесеміз. Ем-дом алған соң, құрсақ көтеріп кеткен аналар көп. Егер емдеу нәтиже бермесе, ЭКҰ әдісін қолданамыз. Оған көбінесе жатыр түтігінен ұрық жүрмейтін немесе жатыр түтігін алдырып тастаған әйелдер және спермограммасында үлкен ауытқу бар ер адамдар жүгінеді. Британдық ғалым Роберт Эдвардс ЭКҰ технологиясын ойлап тапқаны үшін 2010 жылы медицина бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Әлемде алғаш рет жасанды ұрықтандыру арқылы туған сәби 1978 жылы, КСРО-да 1986 жылы, Қазақстанда 1996 жылы тіркелген. Қазіргі таңда бүкіл әлемде 6 миллионнан астам бала осы ЭКҰ жолымен туған. Ал елімізде 13 мыңға жуық бала осы жасанды ұрықтандыру әдісімен өмірге келді. Денеден тыс ұрықтандырудың нәтижелігі орта есеппен 30-40 пайыз шамасында. Сәтін салса, эмбрион жатырға бірден қонып, дұрыс дамиды. Кейбіреулер екі-үш жасатса да, сәтсіз шығуы мүмкін. Әрине, бұл ананың жас шамасы мен денсаулығына және ұрықтандырылған жұмыртқаның сапасына тікелей байланысты. – Жыл сайын мемлекет тарапынан ЭКҰ қызметін пайдаланушыларға квота бөлінеді. Бұл жөнінде не айтасыз? – Иә, елімізде алғаш рет 2010 жылы 100 квота бөлінді. Жыл өткен сайын ол біртіндеп көбейіп, 2018 жылы – 900, 2019 жылы – 950, биыл 1 200 квотаға дейін артқан. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына және облыстарға бөлініп беріледі. Алайда бір перзентке зар болып жүрген отбасылардың саны мұнан әлдеқайда көп екенін және бір рет қана берілетін ЭКҰ тәсілі бірден нәтижелі бола бермейтінін ескерсек, бұл квота көлемінің мардымсыз екенін аңғару қиын емес. Мамандар бізге 8 000 квота керек екенін айтуда. – Ал квотаны күтпей өз бетінше ЭКҰ жасатам деушілерге құтыдағы сәбидің құны қанша? – Емдейтін дәрі-дәрмекпен қоса есептегенде ЭКҰ бағасы 850 мың теңгеден бастап 1 миллион 200 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, мұндай қаражатты екінің бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, әл-ауқаты төмен жұптар өз кезегін жылдап күтуге мәжбүр. Десек те, біздегі баға арзан деп есептеледі. Ал дамыған елдерде жасанды ұрықтандыру бағасы әлдеқайда қымбат. Мәселен, АҚШ-та – 25 мың доллар, Германияда – 20 мың евро, Ресейде 10 мың доллар шамасында. Сондықтан көптеген адамдар шетелден біздің орталықтарға арнайы келіп қаралып, балалы болған. Біздің емханаларда қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалар қазір Америка, Германия, Англия, Италия, Түркия, Ресей, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, т.б. алыс және жақын шетелде тұрып жатыр. – Еліміздегі бедеу әйел мен белсіз еркектердің үлес салмағы қандай? – Отбасында бала жоқ болса, бедеулікке алдымен әйелдерді кінәлау қашанда заңды құбылыс. Алайда белсіздікке әлемде еркектер факторы да әсер ететіні белгілі болып отыр. Статистикаға жүгінсек, бөріктілердің 60 пайызының бел қуаты кеміген. Ұрықтарының сапасы мен саны төмендеген. Сондай-ақ еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. – Осы саланың білгір маманы ретінде көпшілікке қандай ақыл-кеңес берер едіңіз… – Ең алдымен жастай тұрмыс құрыңдар дер едім. Адамның балалы болу мүмкіндігі шектеулі. 20 жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Еркектерде де дәл солай. Жасы өскен сайын ұрығының сапасы кемиді. Көріп отырғаныңыздай, жас ұлғайған сайын ұрық саны та азаяды. Сондықтан балалы болуды неғұрлым ерте жоспарлаған абзал. Бедеулік секілді өзекті мәселеде уақыт созбай тәжірибелі репродуктолог- дәрігерге жүгінген жөн. Өкінішке қарай, көп отбасылар 10-15 жыл бойы бала көтертемін деп уәде беретін халық емшілеріне, бақсы-балгерге сеніп жүре береді. Кейбіреулер біліктілігі төмен дәрігерлерге барып емделіп, уақыт жоғалтады. Сөйтіп, әйелдер 35-40 жасында білікті мамандарға келеді. Бұл уақытта әйелдің ағзасында қартаю процесі басталады. Аналық жұмыртқаның сапасы төмендейді, сондықтан ЭКҰ жолымен бала көтерсе де, дені сау баланы өмірге әкелу қиын болады. Кейбір әйелдер балалы болуға асықпайды. Мансап қуады, оқу оқиды, табыс табамын деп жасының ұлғайып кеткенін байқамай да қалады. Ондай қыздар отбасын құрып, ана болам дегенше 40-қа келеді. Мұндай жаста бала көтеру мүмкіндігі төмен. Өйткені аналық жұмыртқа немесе оның сапасы нашар болады. Сондықтан дені сау бала өмірге әкелуі қиын. Бар мүмкіндік адамның өз қолында. Табиғаттың бала сүю мүмкіндігін уақытында пайдалану керек. Ұрпақты сапалы және саналы етудің, көбейтудің басты шарты – дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын сақтаудан бастау алса керек. – Әңгімеңізге рақмет! Әңгімелескен Рая МІНӘП