Ауыл биі жастардан сайланғаны дұрыс па?
Ауыл биі жастардан сайланғаны дұрыс па?
Естеріңізде болса, қыркүйек айында «Түркістан облысында би сайланды» деген әңгіме қоғамда үлкен пікірталас тудырған. Белгілі ғалым Омар Жәлелдің Түркістан облысында өткен Құрылтайда қазақтың бас биі болып сайланғанын әркім әртүрлі саққа жүгіртті. Сонда баспасөз беттеріне сұхбат берген Омар Жәлел билер сайлауы елімізде осымен екінші мәрте өткізілгенін, өткен жылы ғана Сейтқали ақсақалдың сайланғанын, бірақ қоғамда дәл мұндай пікір қайшылығы туындамағанын жеткізді. Мүмкін бұған төбе би болып отырған белгілі ғалымның ел арасында танымалдығы да әсер етсе керек. Әйтеуір, көпшілік қауым бұл сайлауды қабылдай алмады. Мүмкін халықтың «биге» көңілі қалды ма екен? Иә, жалпы еліміздегі бидің рөлі, оның бүгінде қаншалықты өз деңгейінде жұмыс істеп жатқаны, оның маңыздылығы қандай? Қазақта би деген ұғым  қоғамның саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі. Кезінде билер сот та, төреші де, батагөй, шешен және ең бастысы бітістіруші дипломат ретінде рөл атқарғаны белгілі. Сондықтан ондай адамды негізінен ақылы толысқан, аузы дуалы, сөзі өтімді қара қылды қақ жарып айтар әділ адамнан сайлайтын. Көз алдымызға би десе осы көріністегі жасы 70-тен асқан абыз ақсақал елестеп тұрады.  жастар Ал, қазір бидің формасы өзгерген сияқты. Орта жастан асқан Омар Жәлел ғана емес, халық 20-дан енді асқан баланы да би сайлап жатыр. Оған шыны керек, қазіргі ақсақалдарымыздың әкімдіктің айналасынан шықпайтыны, бата бергіштігі, биліктің қабылдауына кіргенде өз мүддесін көбірек қаузайтыны жастардың жанына батса керек. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының бар-жоғы 60 шақты түтіні бар Қарабастау ауылында 24 жасында би сайланған Руслан Құдияров та соны айтады. Мұның белсенділігін, ашық сөйлейтінін, қабілетін байқаған ауылдастары  «Ауыл биі» сайлайық дегенде Руслан қарсы болмапты. Себебі ауылдағы қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін би мәртебесі керек екені белгілі.  Алайда кейбір үлкен кісілердің мұны жассынып, ықылас танытпағаны да жасырын емес. Сонда Руслан оларға «Иә, білемін ауыл биі төрде отырып, той-жиында шапан киіп жүреді. Бірақ төрді де, қойдың басын мүжуді де, шапанды да өздеріңізге қалдырдым. Маған жұмыс берсеңіздер болды» деген екен. Сөйтіп, Руслан өзіне артылған жауапкершіліктің жоғары екенін сезінген соң көпке дейін өз-өзіне келе алмай жүріпті. Елдің аманатын арқалау оңай ма?! Әншейінде тау қопаратындай болған ол, анық жауапкершілік алғанда жұмысты қайдан, неден бастарын білмей дал болады. Көрші ауылдағы мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін ол орталыққа жиі баратын. Демек, ауылдағы мәселелерді орталықта отыратын биліктің есіне жиі-жиі салуына да мүмкіндігі бар. «Би болып сайланғаннан кейін ауылдағы мәселелерді жинақтап алып, ауыл әкімдігіне бардым. Сонда өктем сөйлеп, талайдан қордаланған мәселені айтқанымда, әкімнің орынбасары: «Мына жігіт жап-жас болып, дауыс көтереді. Бұны кім сайлаған? Бұл болмайды» деп ауданға хабарласты. Аудандағы ішкі саясат бөлімінен 20-дан енді асқан жігіттің би болуы қаншалықты заңды деп сұрады. Олар ешқандай шектеу жоқ екенін, халық лайықты деп сайласа жұмыс істей беретінін айтқан-ды. Иә, біраз кедергідер кездесті. Ауылда өткен жиналыстың хаттамасын қабылдамай көпке дейін созбалақтап жүрген  кездері де болды. Жалпы, бастапқыда биліктің құлағында жүріп үйреніп қалған зейнетке жақын немесе зейнет жастағы үлкен кісілердің мені мойындағысы келмегені рас. Бірақ халқым бізге жұмыс істейтін адам керек деп мені қолдады», – дейді Руслан бізбен әңгімесінде. Ауылда мәселе көп. Электр бағаналарының сымдары салбырап, әбден тозығы жеткен.  Жаңбыр жауса көшемен жүру мүмкін емес. Батпаққа батасыз.  Сонымен ол алғашқы жұмысын жарыққа жауапты мекемеден бастайды. Онда  мәселені төтесінен қояды. Бірнеше күннен соң тиісті мекемеден мамандар келіп электр бағаналарын  реттеп беріпті. Одан кейін ауылдағы ауыр жүк көліктері бар азаматтарды жұмылдырып, көшеге тас төсеткізеді.  Бадам өзені бойындағы карьер үшін ауылда ауыр жүк көліктері жиі жүретіндіктен асфальт ойдым-ойдым болып қалатын. Бұдан бөлек, өзен жағасы ойыла бергеннен ауылға жақындап қалған.  Бұл мәселені зауыт басшыларына Руслан би болмай тұрғанында-ақ айтқан-ды. Алайда, жас баланың сөзіне құлақ аспаған. Кейін ауыл тұрғындарының аманатын арқалаған соң тіпті білек сыбана кірісті. Зауыт басшыларына барып, енді кез келген жерден қаза беруді қойып, өзеннен ары қарай қазуды тапсырды. «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктері бар жерді қазуға да қарсылық білдірді. Жүк көліктерінің асфальтпен жүрмеуін талап етіп, өздеріне арналған жолмен жүруін ескертеді. Өзгелерге сабақ болуы үшін бұл ауадай қажет. Ауылдың арқасында нәпақа тауып отырғандықтан ауыл тәртібіне де бағыну қажеттігі ескертіледі. Руслан осындай істердің ұйытқысы болып, «Ватсап» әлеуметтік желісінен ауыл тұрғындары үшін арнайы чат ашып, мәселелерді реттеп отыруды дағдыға айналдырды. «Жұмысты жүйеге түсіру оңай болған жоқ. Басшылардың да жиі ауысатыны көп кедергі келтірді. Ауылдан округ орталығындағы мектепке  балаларды тасымалдайтын автобустың да тозығы жетіп, ата-аналар алаңдап отыратын. Екі күн жүрсе, үш күн бұзылып тұрады. Әкім мұны реттейміз деп уәде бергенмен тағы созбалақтап жүріп алды. Бірақ айтқанымнан қайтпай, аудан әкімдігіне дейін барып, болмаған соң ауыл тұрғындары жиналып, видеоға түсіріп, ютубқа жүктедік. Соңына ауылға жаңа автобус келді. Ұйымшылдықпен бәрін реттеуге болады екен», – дейді ауыл биі. Ауылдағы кәсіпкерлерді демеушілікке тартып, кем-кетіктерді реттеді. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі (біздікі) ертең үшін» деген ұстаныммен енді ауылға спорт алаңшасын салуды бастады. Оған халық жұмылған. Әркім жағдайы жеткенінше қаржы шығарып жатыр. «Мемлекет ауылға қашан футбол алаңшасын салып береді деп отырсақ, тағы бір отыз жыл уақытымыз зая кететін түрі бар. Болашағымыз деп жүрген жастарымыз спорт түрлерінен мақұрым қалатын болды. Ауылдағы жастарымыздың жарқын өмірі үшін, осы бір істі жауапкершілікпен мойынымызға алдық. Алла қаласа, басы басталды, енді абыроймен басталған тірлікті аяқтауға барымызды саламыз. Сөзден іске көшейік!» деп ұран тастады ауылына. – «Биыл балалар жылы деп белгіленді. Бірақ балаларымыз ешқандай игілік те, жақсы жаңалық та көрмеді. Тек орталықтарда іс-шаралармен ғана шектелген шығар. Бюджеттен ескерткіш үшін қаржы бөлдіре бергенше ауылдың сәнін кіргізіп, көркейту үшін спорт алаңшаларын, саябақтар салу керек. Сонда жастар қалаға жүгіре бермейді», – дейді ол тағы бірде. Бүгінде би сайланғанына 5 жыл болған Русланмен ел ағалары да, билік те санасатын болған. Бастапқыда қабылдай қоймаған ауыл әкімдігі де енді кішкентай ауылдың мәселесі өз-өзінен реттеліп жатқанына қуанады. Келешекте бұл тәжірибе өзге өңірлерде де жалғасын табатын сияқты. Көрші ауылдан да жас жігітті би сайлапты. – «Негізі бойында күші, көзінде оты бар жастар шығу керек деп ойлаймын. Бұрындары Қазыбек, Әйтеке және Төле билеріміз жас кезінен төрелік айтып, көзге түсе бастаған. Ол замандары би көбіне төрелік айтумен екі жақты бітістірумен айналысқан. Қазір сайланған 5 жылдан бері ауылда жанжал, ұрлық-қарлық көрмедім. Біз негізінен ауылдың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, жемқорлыққа тосқауыл қойып келеміз», – дейді Руслан Құдияров.