Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата қандай мәселелерді шешеді?
Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата қандай мәселелерді шешеді?
Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның алғашқы отырысына қатысты. Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы бүгінде елімізде Президент бастамасымен азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетін ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы орайда билік пен қоғам арасындағы ашықтық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастың жаңа саяси мәдениеті қалыптасуда және мұнда Парламенттің орны ерекше.  width=
– Мемлекет басшысы қоғамдық пікірталас әлеуметтік желілер мен алаңдарда емес, Парламент қабырғасында болуы қажет екенін айтқан еді. Бұған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата септігін тигізуі керек. Дәл осында депутаттар қараған заң жобалары азаматтардың өтініштерін ескере отырып, тәуелсіз, кәсіби қоғамдық сараптамадан өтуге тиіс, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы Қоғамдық палатаның жұртшылықпен тікелей диалог құруына, ең көп талқыланып жатқан мәселелер бойынша депутаттардың халықпен кері байланыс орнатуына мүмкіндік беретінін айтты. Ерлан Қошанов палатаның күн тәртібі азаматтардың ең өзекті мәселелерін ескере отырып қалыптасуы керек екеніне баса мән берді.  width= Осыған орай жұмыс жоспарына Әлеуметтік кодекс, жергілікті өзін-өзі басқару, меншік иелерінің бірлестігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту туралы заң жобаларын енгізуді ұсынды. Саяси шолушы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Никита Шаталов бүгінде қоғамдық-саяси кеңістіктің қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтті.
– Қазір әр адам өз мүмкіндіктеріне деген сенімін жоғалтып алмайтындай жұмыс істеуіміз керек. Қоғам, әсіресе, жастар өте белсенді. Олар өз мүдделерін білдіруді, қоғамдық-саяси жұмыстарды жүргізуді тез үйренеді. Қоғамдық палата да өз жұмысында осыны көрсетуі керек, – деді Н.Шаталов.
 width= Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев мемлекеттік шешімдерді қабылдау жүйесінің өзгеруіне ықпал ететін қазіргі заманның сын-қатерлеріне назар аударды.
– Қазір мәселелерді ақылдасып, кеңесіп шешу тұжырымдамасының өзектілігі артып келеді. Мұндай қоғамдық кеңестерді республикадан бастап, өңірге дейін барлық деңгейде құру қажеттілігі ғылыми түрде дәлелденген. Қоғамдық палата қысқа уақытта тарап кетпей, ұзақ жылдар бойы қызмет етеді деп сенемін, – деді саясаттанушы.
Жиынға қатысушылар Қоғамдық палатаның қызметі мен жоспарларына қатысты өз ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасының жұмысына тоқталды.  width= Қоғамдық палатаның құрамына 37 мүше – Мәжіліс депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері кіреді. Оның құрамы алты айда бір рет ротациялау арқылы жаңартылып отырады.