Қоғамдық палата жұмысы туралы баяндады
Қоғамдық палата жұмысы туралы баяндады
Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Президентке Парламент Мәжілісінің Спикері палатаның VII шақырылымының үшінші сессия­сы аясында атқарып жатқан заң шығару жұмыс­тары туралы баяндады. Қазір азаматтардың төлем қабілетін қалпына кел­тіру және олардың банкроттығы, қоғамдық ба­қылау, тұрғын үй саясатын реформалау туралы, сон­дай-ақ денсаулық сақтау саласына және қо­ғам­дағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты заң жо­балары депутаттардың қарауында жатыр. Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мә­жіліс пен қайта құрылған Жоғары аудиторлық па­ла­та арасындағы өзара іс-әрекет механизмдері тура­лы мәлімет берді. Енді Парламент мүшелері ор­талықтан бастап нақты аудан, қала, ауылға дейін­гі бөлінген бюджет қаржысын толық бақы­лай алады. Бұл барлық қаражаттың мақсатты жұм­салуы мен тиімділігін сараптауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Спикер Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның жұмысы туралы айтты. Оның құрамына депутаттар, сарапшылар, саяси партия­лар­дың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Қо­ғамдық палатада әзірленіп жатқан заң жоба­ларын қоғамның сұранысы мен талап-тілегі тұрғы­сы­нан тұрақты түрде талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Парла­мент­тің төменгі палатасы жанындағы Қоғамдық қа­­былдаудың жұмысы туралы есеп беріліп, Мә­жіліс­тің қоғамға ашықтығын арттыру жөніндегі жо­балары таныстырылды.