Босфор, Дарданеллы бұғаздарында миллиондаған баррель қазақтың қара алтыны тиелген танкерлер тұрып қалды. Түркия олардан Батыстың санкция талаптарын сақтауды талап еткен. Осының алдында дамыған елдер Ресейдің құбырдағы мұнайына баға шектеуін енгізді, танкерлік тасымалына тыйым салды. Ал өзге елдер РФ порттары арқылы бұл шикізатты тасуы үшін танкерлері Еуропада сақтандырылуы шарт. 5 желтоқсанда күшіне енген батыстың санкциялары Қазақстанға қалай әсер етеді? Себебі Қазақстан солтүстік көршісі арқылы құбырмен де, танкермен де мұнай тасиды. Еліміздің басты экспорттық тауарының жаңа жылдағы тағдыры не болады? Түріктер нені талап етті? Босфор, Дарданеллы (Чанаккале) бұғаздарында жиырмадан астам су көлігі кептелісте тұр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, соның ішінде қазақстандық мұнайды тасымалдағаны – шамамен 8-10 танкер.
«Түрік бұғаздарынан кем дегенде 21 танкер өте алмай, қаңтарылып тұр. Оның ішінде алтауында «Теңізшевройлдың» мұнайы барын нақты білеміз. Тұтастай алғанда, біз ол жерде Қазақстанға қатысты шамамен 8-10 танкер тұр деп бағаладық. Мұнда тұрған төтенше ештеңе жоқ. Біздің жүктер де, оны тасымалдайтын танкерлер де сақтандырылған. Мұнайдың шығу тегін растайтын сертификаттары да бар. Түркия Үкіметі жаңа санкциялардың енгізілуіне байланысты сақтандыруға қатысты қосымша қағаздарды, хаттарды сұратып жатыр. Бұған дейін түрік билігіне жүктердің өтуіне қажетті құжаттар ұсынылған. Тек 5 желтоқсаннан кейін ресейлік мұнай саудасына белгілі шектеулер енгізілді, сол себепті бұрын ешқашан талап етілмеген қосымша хаттар сұратылыпты», – деп түсіндірді ҚМГ басшысы.Оның пікірінше, мәселе таяу арада шешіледі және Ресейге қарсы жаңа шектеулер мен тыйымдар Қазақстанға нұқсан келтірмейді. Мәселені шешуге дипломаттар да араласқан.
– Кеше ғана Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен және Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі Еркебұлан Сапиевпен сөйлестім. Біздің дипломаттар бұл мәселені шешуге жәрдемдесіп жатыр. Жеткізілімдегі кідірістер біздің экономикаға шығын әкелмейді. Егер Қазақстан соған бола мұнай өндірісін қысқартса ғана ол шығын әкелер еді, – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.Ел Үкіметі 5 желтоқсаннан кейін де Қазақстанда қара алтын өндірісі бұрынғы, жоспарлы деңгейде қалады, көп қысқармайды деген сенімде. Себебі, біріншіден, Түркия қазақстандық мұнайды Қара теңіздегі бұғаздары арқылы басқа теңіздерге мүлдем өткізбей қойғанның өзінде (бауырлас ел бұған бара қоймас), қазақтың қара алтыны осы Қара теңіз арқылы Румыния, Болгария, одан ары басқа елдерге жеткізіледі. Екіншіден, G7+Аустралия, Еуропалық одақ елдері ресейлік мұнайға жаңа санкцияларды бірнеше айдан бері талқылады. Қазақстан тарапынан оған қатысты бірталай дайындық жұмыстары жүргізілді. Республика РФ территориясы арқылы құбырлармен өтетін және көршінің теңіз порттарынан танкерлерге тиелетін қазақ мұнайын орыс мұнайынан ажырату үшін жаңа маркалар енгізді. Ел басшылығы Еуроодақтың, Батыстағы серіктес елдердің биік лауазымды тұлғаларымен келіссөздер жүргізіп, Мәскеуге қарсы санкциялардың Қазақстанға қолданылмауы мәселесін ілгерілетті. Дегенмен Түркиядағы оқиғалар техникалық тұрғыда проблемалар қалғанын көрсетті. «ҚазМұнайГаз» басшысының хабарлауынша, қазір қазақстандық жүктерді сақтандыру туралы қосымша хаттар әзірленіп, түйткілдің түйінін тарқату жайы пысықталуда. Ол үшін, әрине сақтандырушылармен, негізінен, британдық фирмалармен келісіп, ақысын төлеу керек болады. Бұл жұмыс істегенге ұқсайды. Өйткені М.Мырзағалиев бүгінде келіссөз сақтандырушылар мен түрік билігі арасында жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Анкара танкердегі өнім РФ мұнайы емесіне сенімді болмаса, оны ары өткізе алмайды. Әйтпесе, қайталама санкцияға өзі ілігуі, санкцияны бұзушы ел атануы мүмкін. Мұнай экспорты кеміді Энергетика министрлігі бұл мәселеде селсоқтық демейік, сабырлық пен салқынқандылық сақтап отырғандай. Ведомствоның ресми сайтында осы оқиғаға қатысты тіпті түсініктеме де, жаңалық та жоқ. Б.Ақшолақовтың командасы үшін қазіргі №1 проблема – Екібастұздың жылу энергетикалық жүйесіндегі апат: жазбалардың көбі соған қатысты. Дегенмен Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Босфор мен Дарданеллы бұғазынан өту кезінде танкерлердің күту мерзімі шамамен 6 тәулікке дейін жетеді. Ал Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар 5 желтоқсанда, яғни төрт күн бұрын ғана қолданыла бастады. Оның үстіне, меморганның тұжырымдауынша, қысқы маусымда ол жақтағы кептелістер қалыпты саналады: желтоқсанда бұғаздан өту ұзақтығы 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Бірақ министрліктің оптимизміне ортақтасу қиын: бұл жолы әдеттегі жағдай еместігі түсінікті. Мәселе батыстық сақтандырушылардың РФ порттарында құйылған мұнайды сақтандыруға келісетін-келіспейтінінде болып тұр. Себебі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы қазақстандық қара алтынға ресейлік мұнай да қосылып тасымалданады. Трейлерлердің мәліметінше, соңғы кезде осы консорциум ресейлік санкцияларға байланысты қиындықтарға кезіккен: бірқатар сатып алушы компания бұл құбырмен жеткізілетін мұнайды алудан бас тарта бастаған, ал келіскендері қосымша сақтандыруды талап етеді екен. Теңіздердегі кемелердің қозғалысын қадағалайтын сервистердің дерегіне жүгінсек, КҚК құбырының соңғы аялдамасы саналатын Новороссийск портынан шыққан кем дегенде 16 танкер – Босфорда, тағы 5 танкер Дарданеллыда қаңтарылып тұр. Оларға 19 миллион баррель мұнай артылған. Бұл ретте қазақстандық экспорттық мұнайдың бүкіл көлемінің 80%-дайы КҚК-ның үлесінде: ол еліміздегі Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарының мұнайын құбырмен Новороссийск теңіз терминалына дейін жеткізеді. Сол жерде шикізат танкер кемелерге тиеліп, Қара теңіз арқылы жаһандық нарыққа жол тартады. Құбырдың жалпы қуаты жылына – 67 миллион тонна. Бұл 489 миллиондай баррель деген сөз. Бір танкер орта есеппен 600 мыңнан 1-2 миллион (супертанкерлер) баррель таси алады. Яғни, сарапшылардың болжауынша, бұл кептеліс басы ғана сияқты. Консорциумның ақпаратына жүгінсек, КҚК 2022 жылдың басынан 15 қараша аралығында жалпы көлемі 49,8 млн тонна мұнай өткізе алды. Яғни, төмендеп барады: былтырғы 2021 жылы осы аралықта 51,8 млн тоннасы өткізілген. Сонымен бірге Қазақстан әзірге қара алтын өндірісін көп төмендеткен жоқ. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 5 желтоқсанда – 258,5 мың тонна, 6 желтоқсанда – 265,1 мың, ал 7 желтоқсанда 252,9 мың тонна өндірілді. Жағдайдың ары қарай қалай өрбитіні түрік бұғаздары арқылы отандық шикізаттың өту жылдамдығына, тіпті өте алу мүмкіндігіне тәуелді болмақ. Осы уақытта түрік бұғаздарында танкерлердің қордалануы жалғасқан. Бүгінде олардың саны 30-дан асуы мүмкін. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, әзірге олардың бір-екеуінен басқасының бәрі РФ порттарынан шыққан қазақстандық мұнай көрінеді. Сақтандырушылар агенттікке түрік билігі сұратып отырған хаттарды әзірге ұсына алмайтынын мәлімдепті. Осылайша, РФ мұнайына белгіленген баға шектеуі Қазақстанға таралмағанымен, оны таситын трейдерлер проблемаға тап болды. Кідірген әр күн қазақстандық қара алтынның өзіндік құнын қымбатта түседі. Демек, одан өзге елдердегі клиенттері бас тартуы да ықтимал. Батыс санкциясы залал келтіре ме? Өткен аптада Еуропалық Одақ солтүстік көршіміздің мұнайына «баға межесін» (потолок цен) енгізу туралы түпкілікті шешімін жариялады. Ол 2022 жылғы 5 желтоқсанда күшіне енді. Оған сәйкес, РФ-та өндірілген қара алтынның әр баррелін бұдан былай өзге елдер 60 доллардан қымбатқа сатып ала алмайды. Шектеу ұзақ жылдарға есептелген. Салдарынан әлемде онсыз да бәрінен арзан бағаланатын Urals атты экспорттық мұнай қоспасының ресейлік маркасы тіптен құнсызданбақ. Еске сала кетсек, РФ федералдық бюджеті мұнайдың бір бөшкесінің құны кем дегенде 70 доллар тұрады деген есепке негізделіп, құрылған. Демек, Мәскеу триллиондаған рубль табыстан қағылғалы тұрғандай. Әрине, Кремль оған үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. В.Путин баға межесін орнатқан елдерге қуат ресурстарын жеткізбейтінін мәлімдеді: «Ресей сау санаға қайшы қимылдап, ақылға қонымсыз нәрсеге мойынсынбайды, бөтеннің әл-ауқатын өз есебінен төлемейді. Біз энергетикалық ресурстарымызды оның бағасын шектегендерге жеткізуден бас тартамыз», – деді Кремльдің қожайыны. Дұрысы, ақыл-ойға қайшы әрекет етпеу үшін әу баста көршіге шапқыншылық жасамаған жөн еді. Батыстық серіктестерінің бұл шешіміне Киев те наразылығын білдірді. Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік мұнайдың әр баррелін 60 долларға бағалауды «салмақсыз шешім» деп атады. Бір жағынан РФ Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-қарашада Urals маркалы мұнайының орташа бағасы 78,3 долларды құраған. Екінші жағынан, клиент таппай қысылған Мәскеу Қытай, Үндістанға оны үлкен дисконтпен, 50 доллардан арзанға өткізген деседі. Ал еуропалық баға шектеуі одан қымбат бекітіліп отыр. РФ экономикасының көміртектік бейтараптылығына жетуіне жәрдемдесу жөніндегі ұлттық ғылыми орталықтың бас директоры Максим Канищев баға межесін «шұрық тесік» дүние деп бағалады. Себебі Батыс елдері қатарында да бірауыздылық жоқ. Мысалы, Венгрия санкцияны сақтамайтынын жариялады. Қытай, Үндістан, яғни РФ қара алтынының басты импорттаушылары да оны сақтау міндеттемесінен босатылды.
«Батыс осы баға межесімен жыл бойы қорқытты, көп нәрсені уәде етті. Бірақ төбе деп отырғаны суы сорғалаған бірдеңе болып шықты. Ешқандай қорқынышты шектеу жоқ. Таяуда ғана ресейлік мұнайдың әр баррелі 48 доллар деңгейінде саудаланды. Ал бұлардың межесі одан анағұрлым жоғары: 60 доллар. Олай болса, шектеу дегені Ресейді еш шектей алмайды», – деген ресейлік сарапшы осы баға межесінің өзі келесі жылы Ресейге бір жылда мұнай экспортынан 100 миллиард доллардай табыс табуға мүмкіндік беретінін қосты.Бірақ ол «Үлкен жетілік» елдері әр 2 ай сайын жиналып, баға межесін қайта қарап отыруға келіскенін еске салды. Сонда мұнайға бұдан төмен баға белгілену қаупі бар. Жалпы, бұл санкция Ресейге мүлдем кесірін тигізбейді деуге болмас. Өйткені оның екі қыры бар. Біріншіден, 60 долларлық баға межесі тек құбырмен жеткізілетін қара алтынға қатысты. РФ құрлықтағы құбыр магистралдары арқылы Батыс Еуропаға, Түркияға, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Қытайға қуат ресурстарын айдайды. Екіншіден, Еуропалық Одақ өзіне мүше елдерге 5 желтоқсаннан бастап, теңіз жолымен тасылатын Ресей мұнайын сатып алуға толық тыйым салды. РФ танкерлермен тек қазақ мұнайын таси алады. Бірақ оның тиісті құжаттары болуы тиіс. Түркияның сұратып отырғаны да осы. Танкермен келетін орыс мұнайын сатып алудан түрік елі да бас тартты. Осы тыйымдар мен шектеулер Қазақстанға зиян келтірмей ме? Бұл мәселеде отандық сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Мұнай саласының белгілі сарапшысы, Energy Monitor атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұловтың пайымдауынша, бұл санкциялардың Ресей арқылы тасымалданатын қазақ мұнайына қатысы жоқ. Ел Үкіметі оны орыс мұнайынан ажыратып, санкция қыспағынан құтқару үшін жаңа маркалар бекітті. Сарапшы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа жол тартатынын біздің мұнай бүгінде CPC Blend деп аталатынын және ол ресейлік мұнай саналмайтынын еске салды. Тиісінше, кез келген танкер оны тиеп алса, санкцияға тап болмайды. Н.Жұмағұлов Ресей арқылы жеткізілетін қазақ мұнайына төнетін жалғыз қауіп барын атады: ол түрлі сылтаумен КҚК-ның жиі істен шыға беруі. Отандық мұнай экспортының тағы 17% Атырау – Самара құбыры арқылы тасылады. Онда да қазақстандық қара алтын төл маркасын иеленген: КЕВСО аталады.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов әзірге санкциялардың Қазақстанға қатысы жоқ екенін, бірақ соғыс ұзаса, республикамызға да қысым жасалуы мүмкін екенін айтты. «Қазақ мұнайын Еуропалық Одақ, Италия, Франция және басқасы біршама қымбатқа сатып алады. Олар оны арзанға алғысы келуі мүмкін. Оған қалай қол жеткізеді? Қазақстанға: не сен антиресейлік санкцияларға қосыласың немесе соған қарсы санкциялар саған да таралады деуі мүмкін. РФ басты бір әрі стратегиялық серіктесіміз болғандықтан, онымен ынтымақтастықты доғара алмаймыз. Онда мұнайымызды 60 доллардан арзан сатуға тура келуі де ықтимал», – деді О.Байділдинов.Әзірге Қазақстан үшін күн тәртібінде Түркиядағы бұғаздардан еркін өтуге қол жеткізу мәселесі тұр. Мұның сыртында қара алтынның арзандап кету қаупі бар. 4 желтоқсанда өткен ОПЕК+ саммитінде мүше елдер мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге төмендету туралы шешім қабылдады. Бұған РФ мұнайының бұғатталуы қосылды. Тиісінше, қара алтынның жаһандық бағасы жүзден ары шарықтап шыға келуі тиіс еді. Алайда бүгінде оның әр баррелінің бағасы 77 долларға құлдырады. Ендеше Қазақстан үшін санкциядан басқа да бас қатыратын проблема жетерлік.