Нумерология – жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға арналған ғылым. Адамның өзі білмейтін құпияларын да ашуы мүмкін. Оны анықтау үшін туған күніңізді білсеңіз жеткілікті. Нумерологияны дәстүрлі психологияға балап жүрген нумерологтар қатары өте көп. Нумерологияны дінмен, психологиямен байланыстырушылар да бар. Өйткені нумерологияда сандардың көмегімен адам бойындағы қасиеттерді, ерекшеліктері мен психикалық ауытқуларын, тіпті қандай да бір аурумен ауыратынын да, бақытқа, байлыққа оңай жету жолдарын да білуге болады-мыс.
Қазіргі таңда жан әлемін зерттеуші, сіз туралы бәрін білетін, сана мен түпкі сана құпиясын ашатын қазақы нумерологтардың дәурені жүріп тұр. Нумерологтардың пайымдауынша, көп адамдар нумерологқа келіп, өмірлерінің бірден өзгеріп кеткенін қалайды. Сандарға сеніп, әрекет етпей жата берсе нәтижесі болмайды. 75 пайыз тағдырға, ал 25 пайыз сәттілік пен сенің әрекет етуіңе байланысты екенін айтады. Дін, психология, нумерология ғылымының арақатынасы – қарама-қайшы көзқарастарға толы күрделі тақырыптың бірі. Қоғамда нумерологияға байланысты екі ұдай көзқарас бар. Бір топ ғалымдар олардың арасында ешқандай қайшылық жоқ десе, тағы бір тобы бұл екі ұғым-категориялар арасында қашанда қайшылық болып келгенін көрсетеді. Бұл – пікірлердің плюрализмі.
Каролина АХОН,
нумеролог:
– Егер қандай да бір заңдылық болса, неге оны қолданбасқа?! Оның үстіне қазіргі қоғам ойлап тапқан жоқ оны, бастауын ежелгі Египеттен алады. Бұл экзотикалық білім, бұл білім бәлкім расымен жоғары күш иелерінен түскен болар арнайы белгі ретінде. Адам өз әрекетінің дұрыс, бұрыстығын анықтап нақтылау үшін жіберілген болар. Әр адам белгілі бір қасиетімен, мінезімен, өз кемшіліктерімен және белгілі миссиямен туылады. Сондықтан бұл жоғары күш заңдарымен байланысты. Біреу құдай десе, біреу жоғары күш дейді. Кім қалай айтса да бұл жерде өмір сүру үшін бір заңдылық бар. Егер өмір сүру үшін белгілі білімдерді неге пайдаланбасқа. Біз күнді есептейміз. Бұл – таза есеп. Тағдыр деген түсінік бар. Сол тағдырдың жүйесімен біз өмір сүреміз. Мысалы, бүгін біз тіс жууымыз, ертең көйлек алуымыз керек, арғы күні тұрмысқа шығуымыз керек дегендей өмірдің өзіндік заңдылықтары бар. Ал біздің жағдайда дәлме-дәл есеп бар. Сонымен қатар қазір нумерологияны бизнеске айналдырып жатқандар көп. Кез келген ғылым саласында ақша табу керек. Өйткені нумерология – уақыт талабы. Қазіргі заманда ақшасы төленбеген нәрсеге адамдар немқұрайды қарайды. Нумерология адам өмірін жақсартады.
Абдусамат ҚАСЫМ,
исламтанушы:
– Нумерология дегеніміз – әрбір әріптер мен сандарда мәлімет сақтаулы деген түсінікті білдіреді. Қазіргі таңда адамның не нәрсеге бейім екенін, болашақ ерлі-зайыптылардың бір-біріне сәйкестігі сияқты нәрселерді анықтау құралы ретінде ұсынылуда. Нумерология – тылсым әлеммен байланысы бар құпия наным жүйесі. Мұны сандармен пал ашу деп те атайды. Шариғатта пал ашу да, пал аштыру да харам саналған. Оның үстіне, әріп пен сандарда белгілі мәліметтер сақтаулы деген тұжырымның ғылыми негізі жоқ. Сол себепті қазіргі ғылымда нумерология «жалған ғылым» деп бағаланған.
Діни тұрғыда да нумерология ілімін «айналысуға болмайтын» ілімдер қатарынан десек болады. Орта ғасырларда да Ислам әлемінде бұған ұқсас «әріптер ілімі», «сандар ілімі» деген түрлері бар еді. Ол мұсылмандардың арасына Грек философиясынан кірген. Кейбір мұсылмандар ол ілімді Ислами негіздермен ұштастырғысы келсе де, ол іліммен айналысуды діни тұрғыда харам деп санайтын Ислам ғұламалары болды.
Қазіргі таңда мұның кең етек ала бастауының бір себебі, адамдардың ақылы жете бермейтін, мәселен, болашағына қатысты ақпаратты білсем деген құштарлығы деп атауға болады. Ал бұл уақытша құбылыс па, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен оның берген мәліметтері нақты емес, жай жорамал екенін ұққан көпшілік, ерте ме, кеш пе, оған деген қызығушылығын жоғалтады деген ойдамын. Алайда ол кетсе, басқа нәрсе келері сөзсіз. Сол үшін халықтың көзін ашып, діни сауаттылықты арттыру арқылы мұндай шеттен кірген түсініктер мен дүниетанымның халық санасын улауына тосқауыл болуға болады деген пікірдемін.
Ғайни СӘУЛЕТҚЫЗЫ,
психолог:
– Халық арасында нумерологияға қатысты екі түрлі пікір бар. Бірі бұл ғылымға сенім білдірсе, енді бірі сенбейді. Жалпы, нумерология ғылымының дінімізге қайшы екені көп жерде айтылып жүр. Болашақты болжау – Аллаға серік қосу. Сонымен қатар нумерологияны нақты ғылым деп айтуға болмайды. Оны көпшілік психологиямен байланыстырып, тіпті оның бір тармағына жатқызатындар да бар. Бірақ ол үлкен қателік. Өйткені психологиядағы әрбір тұжырым нақты ғылыми тәжірибелер қайталанған соң жасалады. Ал нумерологияда қайталанатын тәжірибелер болмаған. Сондықтан нақты ғылымға жатқызуға болмайды. Ақпарат ағынының толассыз келуіне байланысты, нумерологияны заманның уақытша модасы ретінде қарауға болады. Халықтың жалған сенім жетегінде кетпеуі үшін діни тұрғыда сауатты болу керек. Кез келген ақпаратты қабылдаған кезде бұл жайында дініміз, нақты ғылымдардың не дейтінін саралап алған жөн.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ