Солтүстік Қазақстан облысында жер дауы ушығып тұр. Кәсіпкерлерге бұған дейін берілген жайылымдар мен шабындықтарға қатысты мәмілелер жаппай жарамсыз деп танылуда. Бұл іске облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бастамашы болып отыр. Бүгінде облыстық мамандандырылған ауданаралық-экономикалық соты 80-нен астам жер дауын қарап жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау және «Жер аманаты» аумақтық комиссияларының бірлескен отырысында айтылды. Комиссия отырысында пайдаланылмайтын және заңды бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралды. Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаевтың баяндамасынан белгілі болғанындай, жыл басынан бері 265,6 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның ішінде 22,2 мың гектары – егістік, 224,2 мың гектары – шабындық жерлер. Бұл – жоспардағының 88,5 пайызы. Жоспар бойынша биыл 300 мың гектар жер қайтарылуы тиіс.
«Қайтарылған жерлер тұрғындарға пайдалануға беріліп жатыр. Облыстың елді мекендерінде 547,1 мың гектар жайылымдық жер жетпеген еді. Қазіргі таңда олардың аумағы 591,1 мың гектарға немесе 108 пайызға ұлғайтылды. Атап айтқанда, 79 елді мекеннің шекарасы кеңейтіліп, 114,4 мың гектар жайылымдық жер бөлінді және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 267 меморандум жасалып, олар өздеріне бөлінген 476,7 мың гектар жерді тұрғындардың малын бағу үшін ұсынды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заңды бұза отырып, берілген 18 мың гектар жерді қайтару үшін сотқа 71 талап-арыз берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді басқарма басшысының орынбасары Жанат Бекішұлы.Бұған қоса, ақпан айынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару департаменті іске кірісті. Жаңа құрылым жер заңнамасы саласында жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің заңдылығын тексереді әрі мақсатты пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтарумен айналысады. Департамент басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, жыл басынан бері 536,7 мың гектар алқапта 318 тексеріс жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылық анықталған.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша 536,1 мың га алқапта 120 тексеру жүргізілді. 375,1 мың га алқапта 92 заң бұзушылық анықталды. Ұйғарым берілгеннен кейін 17 шаруашылық 72,9 мың гектар алқаптағы заң бұзушылықтарды жойды. Заң бұзушылықтарды жою туралы 92 ұйғарым беріліп, 20 есеге ұлғайтылған салық салу үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді. Департаменттің талап-арыздары бойынша заңнаманы бұза отырып берілген 4 731 га жер телімін жалдау туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы 18 іс сотта қаралды. Соның ішінде 15 талап-арыз қанағаттандырылды. Сондай-ақ сотқа 3 167 га жайылымдық жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы 1 талап арыз берілді», – деді Бақытжан Серікұлы.Қамшының екі ұшы бар Сырт қарағанда заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару болып көрінгенімен, қамшының екінші ұшы кәсіпкерлерге тиіп жатыр. Кейбір кәсіпкерлер пайдаланбайтын жерлерін өз еріктерімен қайтарып жатса, басқалары мал бағып, не егін егіп күн көріп отырған жерлерінен айырылып қалған. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Возвышенка ауылында жуырда тауарлы-сүт фермасы ашылған болатын. Қаншама адамды жұмыспен қамтып, тасы өрге домалаған кәсіпкер өзіне тиесілі алқаптарға сеніп, мал басын көбейткен еді. Тіпті, Канададан асылтұқымды ірі қара сатып әкелген. Құрал-жабдығы да арзан емес. Өз бизнесін дамыту үшін кәсіпкер миллиардтаған қаржы жұмсады. Алайда қазір оның 600 гектардан астам жері мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Себебі, кезінде бұл жер оған заңды бұза отырып берілгені енді ғана анықталып отыр. Сотта кәсіпкердің маңдайы тасқа тиді. Апелляциялық шағымы әлі қаралған жоқ. Бірақ оған үміті де шамалы.
«Негізінен елді мекендер шегінде және конкурс өткізбестен жер телімдері берілгені соттасуға себеп болып отыр. Кейбір жағдайларда заң бұзушылықтар 10, тіпті 15 жыл бұрын жасалған. Лауазымды тұлғалардың жіберген қателіктері үшін бүгінде жер телімін мақсатты пайдаланып, уақытында салық төлеп, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкерлер жауап беріп отыр. Бұл ретте әрбір жағдай жеке қаралып, әр жағдайда жеке-жеке шешім қабылдануы тиіс. Себебі, көптеген кәсіпкерлер мемлекетке сенімін жоғалтып, кәсібін жауып тынбақшы», – деді сарапшы. Оның сөзін комиссия төрағасы Ерлан Алпысов та қолдады. «Жерінен айырылып қалған адамдар оның кезінде заңсыз берілгенін өздері де түсінбей жүр. Себебі, бұған олар кінәлі емес. Әкімдіктердің қызметкерлері құрған комиссия 10-15 жыл бұрын шешім шығарып, жерді оларға ұсынған. Енді мұның заңсыз екені анықталып отыр. Ал шаруа ол жерге жыл сайын тыңайтқыш сеуіп, ауыл шаруашылығы техникасын немесе қосалқы бөлшектерін, дизель отынын сатып алып, шығынға батты. Сондықтан қаншама іс сотта қаралуда. Сот шаруаның шығындарын ескеріп, істі оның пайдасына да шешуі мүмкін», – деді Ерлан Сапарбекұлы.Заңнамаға өзгеріс қажет Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының жер үлестерін банкке кепілдікке қойып, несие алған, кейін оны төлеуден бас тартқан шаруашылықтар да бар. Кепілдіктегі жерлер кейін аукционнан сатылып кетіп, енді көптеген ауылдықтар пайсыз қалып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 38,8 мың үлескер 739,2 мың гектар аумақтағы жер үлесі құқығынан айырылған. Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін, жергілікті атқарушы органдар ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен меморандум жасасып, соған сәйкес ауылдықтарға дивиденд төленуде. Алдағы уақытта мұндайды болдырмау үшін облыстық әкімдік жер үлестерін пайдалану бойынша проблемалық мәселелерді қарау жөніндегі комиссияға ұсыныстар жолдаған болатын. Жер үлестерінен айырылғандардың бірі – Ақжар ауданындағы Бостандық ауылының тұрғындары. Олар барлық сотта жеңіліс тапты. Сот орындаушы ауылдықтардың 6000 га жер үлестерін аукционнан сатып жібергенін сот заңды деп тапты. Енді ауылдықтар Жоғарғы Сотқа шағымдануы тиіс. Мамандардың айтуынша, Жер кодексіне жерді кепілге беру үшін барлық үлескерлердің нотариус куәландырған келісімі керек деген толықтыру енгізу қажет. Сондай-ақ жарғылық капиталдағы үлесті пайдаланудың бірыңғай қағидаларын әзірлеу ұсынылып отыр. Сонда ғана жер дауларының толастайтын түрі бар.
Солтүстік Қазақстан облысы